Қазақстанда күйеу жігітпен әлеуметтік желілер арқылы танысып, шаңыраққа келін болып түсіп, қалың мал ақшасын алған соң қашып кететін қыз-келіншектердің саны артқан. Кейбірінің тіпті күйеу, бала-шағасы да бар болып шыққан оқиғалар аз емес.
Сондай бір оқиғаны журналист Гүлмира Әбіқай Facebook парақшасында жариялады. Ақерке есімді қыз Қазалыдан Аралға келін болып түседі. Құдалар болып жиналып қыздың төркініне кешірім сұрап барса келіншектің үш баласы бар болып шыққан. Өз әрекетін ол ақшадан қиналғандығымен түсіндірген.
Алаяқ қыздардың көбі олжалы болып қалу кезінде алып қашу «операциясын» сәтті пайдаланады. Күйеу жігітпен танысқан соң алып қашуға дайын екенін білдіреді. Алайда шаңыраққа келін болып түскен соң қыздың артынан келген қуғыншылар ешбір сөзге иланбастан қыздарын алып кетіп, күйеу жігіттің отбасын полицияға арыз жазамыз деп қорқытады. Арыздың алдын алу құны әртүрлі – әдетте миллион теңгеде жоғары сома.
Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша «Адамды ұрлағаны үшін» 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескерсек, шырылдаған ата-ана қайдан болса да осы соманы тауып беруге тырысады.
Алаяқтықтың тағы бір түрі – күйеу жігіттің сеніміне кіріп, тұрмысқа шығу ұсынысын қабылдап, үйленгенше қарызға ақша алып, берешегін қайтармай қашып кету.
Інім интернет желісі арқылы бір қызбен танысып, ұзақ уақыт бойы сөйлесіп жүреді. Екеуі тіпті кездесіп, ол қыз Жетісай деген қаладан Шымкентке келіп кетеді. Інімнің сеніміне кіріп алған соң басында қарызға 30 мың теңге сұрайды. Сосын өзінің мамандығы бойынша тұрмысқа шыққаннан кейін Шымкентке бір мектепке кіретінін, сөйлесіп қойғанын, алайда бір миллион ақша сұрап жатқанын айтады. Інім де болашақ әйелім деп қараған соң қарыз бердім деп санаспайды. Үйленуге асық болып, қыздың ата-анасымен жолығайық дейді, сөйтсе өзін жетім екенін, әке-шешесі авариядан қайтыс болып кеткенін және ағасы мен әпкесімен тұратынын айтады.
Анам қызбен танысуға Шымкенттен Жетісайға барады, бірақ бір жолы туысым қайтыс болды деп, бір жолы тіпті айтқан мекенжайда тұрмайтын болып шығады. Әпкем қоймай жүріп сол қызды тауып алып, үйіне барса қолы шолақ күйеуі, үш кішкентай баласы, тіпті енесі де бар болып шыққан,
деп келтірді бір оқырманның хатын журналист Гүлмира Әбіқай.
Ал Түркістан облысы, Ордабасы ауданында болған оқиға естіген жұртты таңғалдырмай қоймас. Ғалымжан Есімханов есімді азаматпен танысып, үйленуге ұсынысын қабылдап, 300 адамдық той жасатқызғаннан кейін қалың малын алып, үйін тонап кеткен келіншектің төрт баласы бар болып шыққан. Бұл туралы ERNUR.KZ сайты егжей-тегжейлі жазған болатын.
Күлпаршын есімді әйел жігітпен бүркеншік атпен танысып, тойына туыстарым деп жалдамалы «әртістер» шақырған, ал той өткен соң үйдегі біраз ақшаны және алтын бұйымдарды жымқырып, қашып кеткен.
Біраз жыл Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп он миллион теңгедей ақша жинап, 40-қа таяғанда үйленбек болған Ғалымжан қызға қалың малын да аямаған, бас-аяғы бір миллион теңге берген. 300 адамға той жасап, қыздың «жалдамалы туыстарын» да сый-сияпатпен көмкерген.
Алаяқ қыз Ғалымжанмен «уатсапта» Жадыра деп танысып, бұрын тұрмысқа шықпағанын, «қыз» екенін айтқан. Әке-шешесі қартайып қалғанын сылтауратып, күйеу жігітке тезірек үйленуге асықтырған.
Тойға керек-жарақты алу үшін тыққан жерімнен ақшамды алып, санасам, мың доллардай кем шықты. Біреу-міреу ақшамды тыққан жерді біліп қойып, алған шығар, әлде өзім дұрыс санамай, есебінен жаңылыстым ба деп ойладым да, басқа жерге тығып қоя салдым. Сөйтсем әйелім мың доллардай ұрлап, базардан 13 дана алтын алған екен. Оны тағы бұрып әктіп, «Ағаларым тойда тағатын алтын ал деп ақша берді. Мен базарға барып келейін деп кетіп жүрді. Сөйтсек өз ақшамызға өзімізге алтын алған екен. Оны кейін, тойда төркіннен келген «құдалар» менің ата-анама, бауырларыма тақты. Біз де аянып қалмай, Жадыра жақтан келген кісілердің бәріне алтын тақтық,
дейді Ғалымжан.
Тойдан кейін он шақты күннің ішінде үйде тұрған алтын бұйымдар да, жертөледегі ақша да жоғалады. Полиция күдіктілердің бірі ретінде жаңа түскен қалыңдықты тергей бастайды. Кейін белгілі болғандай, Жадыра деп танысқан келіншек Ордабасы ауданына қарасты Көлтоған ауылының тумасы, бұрын тұрмыста болған, төрт баласы барын және аты Күлпаршын С. есімді азаматша болып шығады.
Ордабасы аудандық полиция бөлімі Күлпаршынның үстінен Қылмыстық Кодекстің 188-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша, яғни ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін іс қозғап, таяуда сот үкім шығарды. Жадыра болып елді алдаған Күлпаршын С. үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірақ жүктілігіне байланысты жазасын бір жылдан кейін өтейтін болды. Сондай-ақ сот төрағасы Күлпаршыннан күйеуі Ғалымжанның пайдасына 4 миллион 70 мың теңге өндірілсін деп Үкім шығарды. Оны қайтарып беруге екі ай мерзім тағайындады.
Дегенмен, алданып қалған соң қазақтың ұят түсінігімен, әрі қыз балаға деген жанашырлық танытқандықтан полицияға арызданбайтын отбасылар да қаншама.
2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…
Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…
23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…
Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…