Categories: Қоғам

Қай өңірдің қызы қымбат тұрады?

Қазақ отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, оның әр бөлігіне баса назар аударған. Қалың малдың да іштей түрлері, әрқайсының берілетін өз жолы болған. Қазір қалың мал, сүт ақысы деген түрлерін білсек, бұрын ол мынадай болған: бас жақсы, қара мал, ілу, той малы, сүт ақы, жігіт түйе.

Ежелде қыздың қалыңына байлар ірі қаралардан топтастырып, ұсақ малды отарлап берген. Орта дәулетті мен жағдайы келмейтіндер шамасына қараған. Бұл дәстүр Тәуке ханның «Жеті жарғысында» бекітілген екен. Ең шегі 50 ірі қара, 37, 27 деп кете берген. Дегенмен де, барлығы да төрт түліктен үлестірген. Бұл ұзатылар қыздарға берілетін қалың малдың ертедегі есебі.

Этнограф Халел Арғынбайұлының деректеріне сүйенсек, онда қалың малға 120 қой, 1 құл (болмаған жағдайда 60 қой), жанама қалыңға  1 түйе, 1 қалың түйе, 1 түс ат, ілуге 3 түйе, 2 жылқы, 1 тоғыз, кейін қыз алуға барғанда, тәрбиесі үшін 2 түйе, отаудың жарты киізі, той малына 20 жылқы, неке қиярға 20 жылқы берілгені айтылады.

Ертеректе бас жақсы «ең құнды, ең жақсы» деген сөзді білдірген. Бұған күнделікті тұрмыста төрт зат кіреді. Яғни, мерген мылтық; жаугершілікте жаныңды сақтайтын сауыт; бәйгеге салатын жүйрік ат; тұрмысқа қажетті күші мол түйе. Бұл төрт заттың әрқайсысының құны – 5 ірі малға пара-пар, яғни аталмыш құнды заттары жоқ адам орнына жиырма ірі мал берген. Кейін келе, шамамен ХІХ ғасырдың ортасында бас жақсының мәні өзгеріп, аталған төрт заттың орнына тұрмысқа қажетті керекті дүниелер немесе мал, не ақша берілген. Мысалы, Торғай уезінде бас жақсыға 3-12-дейін жылқы немесе 100-300-ге дейін, тіпті 600-1000-ға дейін күміс ақша берген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» 500 жылқы болған. 300 жылқы – қара малы, 100 жылқы үйге кіргізер, 100 жылқы той малына кетіпті», – деген.

Халел Арғынбайұлы мынадай үш түрлі шаманы көрсеткен:

Ауқатты адамдар арасындағы бірінші шама бойынша 120 қой, 32 жылқы, 5 жасар 4 түйе (міндетті түрде 8 бие болуы қажет). Қазір мал бағасы бұрынғыға қарағанда басқа екенін ескере отырып, орта бағамен есептесек, 120 қой 6 миллион, 32 жылқы 16 миллион, 4 түйе 3 миллион мен 4 миллион аралығында болады.

Екінші шама бойынша 60 қой, 16 жылқы, 5 жасар 2 түйе. Қазіргі мал құнының орта бағасымен есептесек, 60 қой 3 миллион, 16 жылқы 8 миллион, 2 түйе 1 миллион мен 2 миллион аралығында болады.

Үшінші шама бойынша 16 жылқы, 2 түйе. Қазіргі мал құнының орта бағасымен есептесек,16 жылқы 8 миллион, 2 түйе 1 миллион мен 2 миллион аралығында болады.

Қазақта ертеден бірінші әйел бәйбіше деп аталатыны белгілі. Оған өзінің жөнімен қалың мал берілген. Ал екінші, үшінші әйелге қалың мал берілген бе? Тарихшы Халел Арғынбайұлы Алексей Левшиннің еңбектерінен мынадай дерек келтіреді: «Қалың мал мөлшері екінші не үшінші әйел үшін әдеттегіден артық төленеді, бірінші әйелден екіншісі, екіншісінен үшіншісі қымбатқа түседі». Демек қазақ екінші, үшінші әйелге де қалың мал төлеген әрі ол мөлшері жағынан қымбаттай түскен.  

Әр елдің салты басқа…

Орта есеппен елімізде қыздың құны 200 мың теңдеген басталады екен. Ең қымбаты миллионнан асып жығылады. Ал кейбір өңірдің аруларын қалың мал төлемей-ақ, шаңырағыңызға келін қылып түсіре аласыз.

Оңтүстік өңір қазақтың байырғы салтын бұзбай сақтауымен ерекшеленетіні жасырын емес. Сонымен, ана сүті, әке күші деп басталатын сұраудың топ басында Шымкент шаһары тұр. Мұнда күйеу бала қалыңдық үшін 1-3 миллион теңгенің көлемінде қалың мал береді екен. Тіпті 7 миллион алып келген жағдайлар болған. Қызылорда мен Маңғыстауда қалың мал 1 миллионға жеткен. Кейбіреулер 800-900 мың береді. Той малына қой немесе 50-60 мың теңге беріледі.  Ал ана сүті – 200 мыңнан басталады. Таразда баға 500 мың 1 миллионның арасында.

Алматы қаласы және Алматы облысында қалың мал құны аса қымбат емес. Бұл өңірлерге құда түсіп барғанда қалтаңызда кемі – 400 мың болуы тиіс.  Алайда шаңырақ көтеру тойларында екі жақ бірігіп жастарға бағалы сыйлық ұсынады. Қоржын, киіт кигізу жоралғылары жасалады. Көбінесе киіттің мөлшері мен сапа, сипатын қос құдағи алдын ала келіседі. Қанша жағалы киім, қанша алтын, күміс, көйлек-жаулық, шапан-шапқыт қажет екендігін сұрасып, біліп алады. Талдықорғанда қалың мал жоқ. Бірақ ана сүті бар.

Ал, қалың малдың бағасы төмен өңір Шығыс Қазақстан деп танылды- 200 мың теңге.

Көк тиын шығын шығармай қыз алуға болатын жерлер де жоқ емес. Батыс өңірінде, оның ішінде Ақтөбе, Атырау, Оралда қалың мал берілмейді. Бірақ сүт ақысы бар. Ол 500 мың теңге. Әркім жағдайына қарай береді. Ана сүтін беріп жатады, алтын тағып жатады.

Павлодар және Қарағандыда да аталған дәстүр өз мәнін жоғалтқан.  Солтүстікте қалың мал берілмегенімен «ана сүті», «әке жолы» деген ұғым қалыптасқан. 200 мыңнан басталады. Алайда қыздың абыройы үшін жасауына барлық тұрмысқа қажетті дүниелер, киім-кешектері енеді. Ата-анасына алтыннан шапан жауып, үлде мен бүлдеге орайды.

Қалың мал – қыз абыройы

«Қорқыт Ата кітабы» баянында Бай Бурабек ұлы Бәрікке Бану Шешекті айттыруға Қорқыт Атаны жіберген, себебі Бану Шешектің ағасы Дели Қаршар қарындасын айттыра келген жаушының бәрін өлтірген екен. Жаушы бұйымтайын тұспалдап, «сізде лашын бар екен, бізде сұңқар бар екен»,– деп бастап, «қарғыбау» деп аталатын кәде-сыйын береді, өзі «шеге шапан» деп аталатын кәде, яғни ат мініп немесе шапан киіп қайтады. Дели Қаршар қарындасы Бану Шешекті Бәрікке беру үшін қалың малына мың бура, мың айғыр, мың қошқар сұраған екен.

Қалың малдың толық төленіп болуы әдетте 1-3 жылға, кей жағдайда бірнеше жылға созылған. Қалың мал толық беріліп болған соң қыз әкесі қызды ұзату тойының мерзімін белгілейді. Молда некеқияр рәсімінде куәлер арқылы қыз әкесінен «қалың малы толық берілді ме, неке қиюға кедергі жоқ па?», – деп сұрайды. Берілген қалың малға қалыңдықтың ата-анасы жасауын, той қамын дайындаған. Қалың мал көлеміне жасаудың сай болуын әулет үлкендері бақылаған. Қалың мал көлеміне сай жасауға отау үй ішкі жиһаздарымен, ішкі жабдығымен, күмістелген ер-тоқымды жылқылар, жасау артатын түйелер, қайын жұртына әртүрлі сыйлықтар, ішіктер, шапандар, маталар енген. Ы.Алтынсарин бір байдың қызының жасауына 300 сомдық отау үй, төсеніштерімен, көрпе-төсегімен, жасау артатын 25 түйе, жібектен, жәй матадан тігілген 125 шапан, 50 кілем, мауытымен тысталған 25 ішік, 100 сомдық ер-тұрман, қызы мінетін 2 жорға, 400 сомдық аяқ-табақтар мен шаруашылық бұйымдар бергенін айтып кеткен. Қалың малды «жасау ақысы» деп қабылдаған.

Қалың мал қазір қажет пе деген сауалға пікір білдірушілердің ойы екіге бөлінді. Бірі мұны «ескіліктің белгісі» десе, енді біреулері ертеден қалыптасқан ерекше салт екенін алға тартты. Араларында қалыңды «қыз сату» деп түсінетіндердің барын, қызы үшін аспандаған соманы сұрауды доғару керегін айтқандары да болды. Әр отбасы өз шама-шарқына қарай төлеуін құп көретіндері де жетерлік. Дегенмен қанша қалың берілсе де қыз артынан баратын жасау да соған сай болуын ескерткендер де бар.

Қалыңмал – ол қалыңдықты сатып алу емес. Қалыңмал- рулық тұтастықты, ұзатылған қыз бала мен келін алып отырған шаңырақтың арасын байланыстырушы, құдалар арасындағы жөн-жоралғының алғашқы баспалдағы. Екіншіден, «қалыңмал» сөзінің этимологиясын «қалыңдықтың малы». Ал «қалыңдықтың малы» — үй болып, шаңырақ көтеріп, әлеумет санатына қосылып жатқан екі жастың мүлкі. «Қыз – жат жұрттық» деген аталы сөз бар. Сол жат жұрттың қызын өсіріп, бағып, тəрбиелеп бергені үшін «Ана сүті» мен «Әке күшінің» ақысының берілгені деп қабылдаған жөн.

Сая Манарбековна

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

2 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

3 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

4 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

4 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

4 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

6 дней ago