Әдебиет

Алматыға үнді ақыны ат басын тіреп, қазақ тіліндегі өлең-жырларды алғаш рет естіді

Батыс Бенгалиядан келген Соннет Мондал – үнді ақыны. 7 поэтикалық жинақтың авторы осы күнге дейін көптеген марапат иеленген. Harper’s Bazaar, Stand Magazine сияқты беделді журналдарға шыққан. Ағылшын тілінен әлемнің жиырма тіліне аудармалар жасаумен де айналысады.

Шығармашылық жолында Соннет Алматыға да келіп, қазан айының басында Almaty Writing Residency мен Алматы ашық әдебиет мектебінде қонақ болды.

Алматы — шығармашылық адамына шабыт беретін қала

Соннет Мондалдың өзі Алматыға ғана емес, бүкіл Орта Азияға алғаш рет келіп тұрғанын айтты. Қазақстанның атына қанық болған үнді ақыны Норвегияда өтетін фестивальға барудан бас тартып, алматылық ақын әрі жазушы Юрий Серебрянскийдің шақыртуымен Алматыға келген.

Алматы мен үшін шығармашылық адамдарына мінсіз қала болып көрінеді. Өткен түнде қаланы кездім. Жалғыз жүргенде бөлек әсер аласың. Жолымда кезіккен көріністердің бәрін бақыладым. Түрлі ойға баттым. Мен үшін ерекше тәжірибе болды. Миыма түртіп алғандарым да жоқ емес. Үйіме оралғанда бәлкім ол ойларды жаңа кітабыма қосармын,

дейді Мондал.

Үйім деп тұрғаны – Калькутту.

Балалық шағын автор былай деп есіне алады: «Отбасымның үйі Батыс Бенгалиядан қашық ауылда. Қашық ауыл деп тұрған себебім, ол жаққа көлік бармайды, айнала тұнған ну орман, жиырма шақты үйі бар. Дәл осы көрініс мені автор ретінде қалыптастырған секілді. Өйткені демалыста сол үйге барғанда сиыр, қаз сияқты жануарлар тіршілік ететін үйдің кіреберісінде атаммен бірге отырып, оның әңгімелерін тыңдайтынмын.

Әр барғанымда ол мені есіктің алдында күтіп тұратын. Төрт жыл бұрын атам дүние салды. Туған үйіме бардым, есік алдында мені ешкім күтпеді. Бәрі өзгерген. Адамдар бір кездері өмір сүрген мекенде өлі тыныштық. Сол кездегі күйімді айтып жеткізе алмаймын. Бұдан әрі бұл үйге бармаймын. Адам қайтыс болғанда тұрған үйінің рухы бірге өледі екен».

Алматыда әдеби аудармалар зертханасында Соннет Мондал алғаш рет өз өлеңдерін қазақ және орыс тілдерінде естіген.

Үнді ақынының шығармашылығымен жақын арада «Простор», «Дактиль», «Жұлдыз» журналдары арқылы танысуға болады.

Әр автор үшін шығармашылық дағдарыс кезеңі бар. Соннет Мондал дәл қазір осы кезеңде жүргенін жасырмады. Соңғы жарты жылда ақын бірде-бір өлең жазбаған. Алматы бұл дағдарысты түбімен жұлған сыңайлы, өйткені осы қалада Соннет жаңа өлең дүниеге әкелген.

Алматының тауын көргенде ақын ерекше сезімге бөленген.

Үндістанда Гималай тауы бар. Қос елдің ұқсастығы – тауында секілді. Алайда мына жақта тау әлдеқайда жақын, Алматыны тау қоршап тұр. Алматы тауына саяхат менің өмірімдегі ең ғажайып сәттердің бірі болды: таудың биіктігіне тамсандым. Тау – тек табиғаттың бір бөлігі емес. Тау біздің өмірімізден де ұзақ уақыт бойы тапжылмай тұрған құбылыс. Жер планетасы пайда болу тарихының куәсі. Сол жақта тұрып, тіршілік атаулысының өмірге келуінің бастауында тұрғанымды сезіндім.

Мен ауыл туралы, теңіз туралы жаздым. Бірақ ешқашан тауды жырлап көрмеппін. Бәлкім Алматы тауларын көрген соң тау туралы алғашқы өлеңім шығып қалар,

дейді ол.

Үнді ақыны өлең қалай туатынын да айтты.

-Мен жаяу жүргіншілер жолағында тұрдым. Жанымда Юрий бар еді. Екеуміз кофе сатып алмақ болдық. Ол менен: «Өлеңді қалай жазасың?» деп сұрады. Бірден жауап бере алмадым.

Сәл кейін кофе ішіп отырып оған дәл қазір жаңа өлең шығарып жатқанымды түсіндірдім. Жолақтың жанында жасыл жарықты күтіп тұрғанымыз туралы өлең еді. Өмірде де солай. Әрі қарай жылжуымыз үшін қоғам бізге жасыл жарық бергенін күтеміз. Алайда бағдаршамның түсіне қарамастан өтуге болатын қиылыстар бар. Мәселен көлік жоқ жерден немесе көлік өзі жол беріп тұрғанда солай өтесің. Бұл – жағдайға қарамастан алға жүргенің, өмір көрінісі. Осының бәрі мен үшін ерекше құндылыққа ие, — дейді Мондал.

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

2 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

3 дня ago