Жер сілкінісі – әп сәтте жердің астаң-кестеңін шығаратын табиғи құбылыс. Көп адам апат кезінде қауіпсіз жерге бас сауғалап үлгеретініне сенеді. Алайда, кенеттен болған зілзала кезінде адамдардың абдырап қалатыны белгілі. Зерттеуге сәйкес, алапат жер сілкінісі бар-жоғы 30 секундтың ішінде жерді жермен-жексен етуге қауқарлы.
1887 жылғы 9 маусымда жүздеген адамның өмірін жалмаған Верныйдағы (қазіргі Алматы) жойқын жер сілкінісі соның дәлелі бола алады.
Қазақстандық сейсмология институтының зерттеуі бойынша, 2023 жылы өңірде 7 баллдан артық жер дүмпуі болмайды. Мамандар болжам жасаса да, алматылықтардың бойында үрей бар. Бұл үрей қаншалықты орынды екенін сейсмикалық белсенділікті зерттеп жүрген ғалым, блогер-энтузиаст түсіндіріп өтті.
География ғылымдарының докторы, География институты табиғи апаттар зертханасының басшысы Виктор Благовешенскийдің пікірінше, Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін. Бұндай қауіп бар.
— Жер сілкінісі – болжауға келмейтін табиғи құбылыс. Алматыда 1887 жылы және 1911 жылы екі рет жойқын зілзала болды. Екі апаттың арасы – 24 жыл. Содан бері жүз жылдан астам уақыт өтті. 6 баллға дейінгі жер дүмпуі қорқынышты емес. Құзда ілулі тұрған сең кез келген сәтте жерге құлап кетуі мүмкін, сол сияқты біздің өңірде жер сілкінісі кез келген уақытта болуы мүмкін. Әрдайым дайын жүруіміз керек.
— Жер сілкінісіне қалай дайын болу керек?
— Жалғыз жолы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Үйді 9 баллдық жер дүмпуіне құламайтындай етіп салу керек. Алайда бұл өте көп қаржыны талап етеді, біраз ескі ғимараттар бұндайды көтере алмайды. Сейсмология институты Алматы ғимараттарының сейсмикалық шыдамдылығын зерттеген, қорытындысы көңіл көншітпейді. Жойқын жер сілкінісінен кейінгі болжамдары қуанарлықтай емес.
— Жақында әлем бойынша ірі жер сілкіністері болды. Соған байланысты тұрғындар да алаңдаушылық танытуда. Біздің өңірдің қандай да бір өзгешелігі бар ма?
— Біздің өңірдің ешқандай ерекшелігі жоқ. Түркияда болған жер сілкінісі бұл мәселеге назар аудартты, алайда, Алматыда болуы мүмкін зілзалаға ешқандай әсер бермейді.
— Жұрттың аузында мынадай әңгіме жүр: әлемде кезек-кезегімен болып жатқан жер дүмпуі жер қыртысына өзгеріс енгізеді, сондықтан жер сілкінісі болуы мүмкін қауіпті өңірлер дайындықты күшейтуі керек. Алматыда аз баллдық жер сілкіністері үнемі болады, алайда, бұған қарамастан ірі зілзала да болуы мүмкін деген пікір бар. Не айтар едіңіз?
— Дәлелденбеген ақпарат.
— Жермен-жексен болмау үшін қандай шаралар қолдану керек?
— Жапония сияқты мықты ғимараттар салу керек.
— Заманауи қала инфрақұрылымын салыстырмалы түрде қауіпсіз деуге бола ма?
— Салыстырмалы түрде қауіпсіз дей алмаймын, — деді ғалым.
Алматы тұрғыны Тихон Шутов қала инфрақұрылымдары туралы желіде баяндап отырады. Блогер қала ғимараттарының сапасыздығы туралы жиі айтады. Сондай-ақ Алматы ғимараттарының жер сілкінісіне деген төзімділігі мәселесін де көтеріп жүр.
— Алматыда бірнеше ірі зілзала болғаны жасырын емес. Соның салдарынан қаламыз тарихи орталық атауынан айырылды. Жойқын жер сілкінісінің эпиорталығы қала орталығынан 6 шақырым қашықтықта орналасты. Оның магнитудасы 7.3-ке жетті. Келесі күні газеттердің бірінші бетінде «Верныйдың ажалы» деген атпен мақалалар басылды.
Жер сілкінісінің эпиорталығында Ақжар жартасы пайда болды. Көлемі Сайран өзені сияқты. Жартастың тереңдігі 200 метрді құраған. «Есентай моллдың» биіктігі сияқты. Бұл жартастың ізін Ақсай шатқалынан табуға болады.
Сол уақыттарда қалада 2000 тас ғимарат, мыңдаған ағаш ғимарат болған. Солардың барлығы дерлік бүлініп, қираған. Тіпті, мешіттер мен шіркеулер де сапалы материалдардан салынғанына қарамастан жер сілкінісіне төтеп бере алмады. Жер айырылған тұстарда бір жарым метрлік ойықтар түзілді.
— Жер сілкінісі мен аталған табиғи апатқа ғимараттардың төзімділігін зерттеп, материал жинау барысында үлкен шаруа атқардыңыз. Инженер, сәулетші, құрылысшылармен сөйлесіп, тұрғындардың пікірін білдіңіз. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?
— Маған жеткен ақпаратқа сәйкес, құрылыс сапасына байланысты қордаланған мәселелер бар. Өкінішке орай, бюджет есебінен салынған тұрғын үйлердің арасында күрделі мәселе көп. Алайда қазіргі таңда жаңа үйлерді салуға байланысты талап күшейді. Төрт жылдан бері жаңа салынған тұрғын үйлерді аралап жүрмін, жағдайдың жақсарып келе жатқанын да жасыра алмаймын. Қиын екеніне қарамастан, бұл үрдісті тездету керек. Әсіресе, құрылыс жобаларындағы өзгерісті бақылау керек.
Ескі үйлерге келетін болсам, үйдің қаншалықты әлсіз екенін ешкім білмейді. Соңғы тексерістен бері отыз жыл өтіп кеткен. Жертөле мен бірінші қабаттағы пәтерді қосып, жобаны қайта жасағанын көзім көрді.
Сондықтан ескі үйлер жер дүмпуіне шыдай ма, жоқ па, ол жағын ешкім білмейді. Сондай үйлерде тұрып жатқан тұрғындарға айыппұл салу ақылға қонымсыз. Өйткені бұл мәселені шешпейді. Зілзалаға төзімділікті күшейтетін күрделі жөндеу бағдарламасы керек. Қайта салынуға келмейтін панельді үйлерді сүріп тастау дұрыс емес деп есептеймін.
Қаладағы осындай үйлер мен монолит-каркас технологиясымен салынып жатқан жаңа үйлерге бюджет қалай бөлінетінін білмеймін. Бұндай технология бойынша салынған үйлер 9 баллдық жер сілкінісінде құламай тұруы тиіс. Бірақ! Рұқсатты сатып алып, арматура диаметрін кішірейтіп, цемент маркасын нашарына ауыстырып тастап үй салып жатқандар да бар, бұндай үйлер жер сілкінісіне шыдамайды. Қай үй рұқсатты сатып алды, қайсысы сатып алмай адал атқарып жатыр? Бұл да бізге беймәлім. Сондықтан үйлерді тексерістен өткізу керек.
— Сіз жер сілкінген жерге салынған ғимараттың қаупі туралы да көп айтып жүрсіз.
— Бұрын жер сілкінген жерге ғимарат салуға тыйым салатын. Бұндай жерде топырақ көтеріліп, опырылып кетуі әбден мүмкін. Ең керемет салынған үйдің өзі жер астынан опырылып бастаса құлап түседі. Неге қазір жер сілкінген жерге үй тұрғызуға рұқсат беріліп жатқанын түсінбеймін.
Сондай-ақ сілкінген жерді анық көрсететін түсінікті карта да жоқ. Оның орнына қарапайым адам түсіне бермейтін картаның суреті бар. Осы суретке қарай отырып мен жер қай жерде сілкінгенін анық көрсететін карта жасап шықтым.
Одан бөлек, өзен жағасына да ғимарат салмау керек. Өйткені жер сілкінісі кезінде өзен де жарылады. Одан бөлек сел де жүруі мүмкін.
— Әлемде болып жатқан жер сілкіністерін сараптайды екенсіз. Қандай қорытынды жасадыңыз?
— Алматыда болған ең жойқын жер сілкінісінен Түркияда болған жер дүмпуі шамалы күштірек, магнитудасы 7.8. Соның салдарынан 50 мың адам қайтыс болып, 160 мыңнан аса ғимарат құлады. Екі мыңыншы жылдардан кейін үйлерді әр өңірдің сейсмикалық белсенділігін ескере отырып салған.
Жергілікті билік дұрыс қадағаламағандықтан, жер сілкінісінің қандай ауыр зардапқа әкелгенін көрдік. Екі мыңыншы жылдан бұрын салынған ғимараттар сейсмикалық төзімділік туралы тексерістен өтпеген. Бұған қатысты ешқандай жұмыс жүрмеген. Бұл мәселе бізде де бар.
Спитактағы жер сілкінісіне де адамдар дайын болмаған. 1988 жылы магнитудасы 6.9 болған жер дүмпуінде бәрі абдырап қалды. Жарты минуттың ішінде бәрі жермен-жексен болды.
Өйткені өңірдің сеймикалық қауіпті екеніне ешкім назар аудармаған. Қадағалау да нашар болған, соның салдарынан сапасы нашар құрылыстар салына берген. Шұғыл қызмет көрсететін адамдар бұған дайын болмады. Бұндай қателіктер бізде бар.
3 сәуір күні әлемде тағы бір жойқын жер сілкінісі болды. Бірақ ол туралы ешкім білмеді. Бұл Петропавловск-Камчатский қаласында болды. Оның магнитудасы 7.0-ді құрады. Бірақ ештеңе қирамады. Алматыда болған ең күшті жер сілкінісінен шамалы әлсіз болды.
Ол жақта да біздің қаладағыдай панель үйлер салып жатыр. Бірақ үйлер тұрақты түрде тексерістен өтеді. Соңғы жер сілкінісі 7.6 магнитудамен 2020 жылы болды. Бірақ ғимараттар құлаған жоқ. Қала құрылысын қадағалау жұмысы жақсы жүргізілгенде ғимараттар жер сілкінісіне төтеп береді. Алайда біздің елімізде бұндай жұмыстар жүргізілмейді.
— Жер сілкінісін болжау мүмкін бе?
— Өкінішке орай, апатты алдын ала анықтайтын технология әлем бойынша жоқ. Сондықтан жаңа апаттың қашан, қайда болатынын ешкім білмейді. Ертең де болуы мүмкін, 500 жылдан кейін болуы мүмкін…
Қолымыздан келетіні мынау ғана – жақындап келе жатқан жер дүмпуін 20 секунд бұрын білеміз. Көшеде дабыл қағылып, теледидардан хабарланса құлағдар боламыз. Бірақ жер бір рет сілкінген соң барып бәрін түсінеміз. Жер сілкінісінде қашып шығамыз деген ойдың өзі алып-қашпа әңгіме ғана. Өйткені жойқын жер сілкінісі 30 секундтың ішінде бәрін жайпап өтеді. Сондықтан тек жақсы жайттар болады деп үміттенейік, — деді Тихон Шутов.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…
Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…
23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…
Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…