Categories: Галерея

Алматының сұмдық құпиялары

Алматы қаласы мен оның маңы тылсым дүниелерге толы екенін білдіңіз бе? Globalnews өз оқырмандарына халық арасында айтылып жүрген аңыздардың топтамасын ұсынады. Бұл оқиғаларды шын, не өтірік деп айта алмаймыз. Себебі бұл жерлер ешқашан зерттелмеген. Сондықтан тек ел аузында айтылып жүрген аңыз деп қабылдағандарыңыз жөн.

Жол бойындағы елес

Қапшағай-Алматы тас жолында жыл сайын көптеген келеңсіз жайттар мен жол апаты болып жататыны жасырын емес. Халық аузында жүрген әңгімеге сүйенсек, тас жолы зират үстінде төселген деседі. Ал кейбіреулер осы жолда қайтыс болғандар көлік жүргізушілеріне маза бермейді деп жатады. Түн ауасында осы жолда ақ көйлек киген қыздың елесі кездесетіні жайлы мистикалық әңгіме де кеңінен таралып кеткен. Ол көлік жүргізушісін үйіне дейін апарып тастауды жылап тұрып сұрайды екен. Артынша туыстарына қоңырау шалып, олардың алаңдамауын да өтінеді екен. Ал тұтқаны көтерген қыздың белгісіз туыстары оның бұрын қайтыс болып кеткенін жеткізеді.

Қалалық аңыздың басқа да нұсқасы бар. Апарып тастауға келіскен жүргізуші қыздың аяғының орнына тұяқтың барын байқайды. Егер келіспей, кетіп қалған жағдайда, елес көліктің соңына түсіп алатын көрінеді.

Бұдан бөлек, дәл осы ақ киімдегі қыздың елесін түн ішінде Жандосов көшесіндегі жеміс-жидек консервілеу зауытының маңындағы аялдамадан да кездестіруге болатыны айтылады. Жоғарыда жазылған үш жағдайда да елестің кесірі жол апатын тудырып, жүргізушіні өлімге әкеледі.

Елес туралы аңыз-әңгімелер әлем халқының фольклорындағы ажырамас бөлік. Англия мен Германияда олар үлкен сарайларда кездессе, Ирландияда ормандарды кезіп жүреді. Әдетте, елестердің тарихы арнайы бір жерге байланысты, көбінде сүйіктісімен қосыла алмай, қайғылы жағдайда қайтыс болып, жаны тыныш таппай жүргендер.

«Ремизовка» зираты туралы да аңыз тараған. Ол жерден түннің ортасында дұға оқып жатқан қызды кездестіруге болады. Қолыңыз тиіп кетсе, күйіп қалуыңыз мүмкін.

Большевиктер қолынан қаза тапқан діни қызметкер

Алматыда Баум тоғайымен байланысты аңыз бар. Дәл сол жерде діни қызметкер Пимен аяусыз өлтірілген. 1918 жылы 16 қыркүйекте Жетісу майданынан шақырылған Мамонтовтың жазалаушы отрядының қызыл армиялары Епископтың үйіне басып кірген. Оны вагонға отырғызып, Баум тоғайына әкелген.

Өлерінің алдында діни қызметкер орманда шіркеу жәдігерлерін тығып үлгерген. Дінге сенетіндер кафедралы шіркеу жанындағы саябақта Жетісу генерал-губернаторының ескі отбасылық моласына мәйітті жасырын түрде жерлеп кеткен деседі.

Фурманов өзінің «Мятеж» романында … «Байыпсыздық, жауапсыздық… мамонт отрядының бұзақылығы, мысалы, бір топ қанішерлер дін қызметкерін өз шіркеуінен алып шығып, қала сыртында еш бір сот шешімінсіз, айыпсыз атуға дейін барды…» деп жазды.

Аңыз бойынша шіркеуге тиесілі құнды заттарды тапқан адам жақын арада өлім құшады.

Медеудегі қаңыраған үй

«Медеу» мұз айдыны маңында салынып бітпеген ескі үй орналасқан. Айтылып жүрген аңыз бойынша, үйдің иесі мен оның отбасы айуандықпен өлтірілген. Ал олардың жандары әлі күнге дейін тыныштық таба алмай жүрген сияқты.

Басқа мәлімет бойынша, дәл осы жерде мейрамхана кешені бой көтеру керек болған. Алайда құрылысты жүргізгендер жиі мистикалық оқиғаларға тап болған соң, олар әрі қарай жұмыс жасаудан бас тартыпты. Сол уақыттан бері бұл ғимарат қаңырап бос тұр. Адамдардың айтуынша, жұмыс істеуге бір тылсым күш кедергі етеді екен. Түнеп шыққан жұмысшылар тылсым дауыстар мен әлдекімнің жүргенін естіген деседі. Кейбіреулері тіпті елестер мен белгісіз фигураларды да кездестіргенін айтқан. Бірақ әлі күнге дейін шынында не болғанын ешкім білмейді.

Жапон әскери тұтқындары

1945 жылы соғыс аяқталған соң қираған қалаларды қалпына келтіру үшін көптеген әскери тұтқындар КСРО-ға таратылды. Олардың арасында жапондықтар көп болды. Қазақстанға жіберілген жапон әскерлерінің жалпы саны 58 900 адам. Олардың 6 мыңы Алматыға келген.

50-жылдары «Қазақстан» кинотеатрын жапон әскери тұтқындары салған. Аңыз бойынша ауыр жұмысқа, аштық пен қиын жағдайға шыдамған әлсіз солдаттарды дәл сол жерге көміп, қабырғамен бірге сылап тастаған. Сол уақыттан бері түн уақытында әлдебіреулердің жүрген сыбыстары, дауыстары естіледі деседі. Ал кино көрсетілім кезінде көзіне елестер көрінген қызметкерлер есінен танып қалатын жағдайлар болған. Түнгі кезекшілікте қалған қызметкерлер кинотеатр ішінде, орындықта отырған белгісіз көлеңке тәрізді силуэтті көргендерін мәлімдеген. Қазір кинотеатрдың орнында букмекерлік кеңсе, ломбард, дәмхана, фотостудия ашылған.

90-жылдары аталмыш орында эксперимент жүргізіліпті. Батылдық танытқан еріктілер кинотеатрда бір күн түнеп шығу керек болған. Барлығы түсініксіз дыбыстар естігенін жеткізген.

Сондай-ақ 90-жылдары кинотеатрда ұйымдастырылған дискотека кешінде жас жігіт өлтірілген. Қылмыскерлер оның денесін басқалар біле бермейтін жерге жасырып қойған. Іздеушілер бір аптадан соң ғана жігіттің мәйітін тапқан.

Алматы іргесіндегі тау бөктерінде «Гэс-2» аймағында орналасқан түрме туралы да аңыз тараған. Ол жерде жапон әскери тұтқындарына арналған лагерь болған деседі. Оны тұрғызған да осы әскери тұтқындар. Құрылыс кезінде ажал құшқандарды қабырғамен беттестіріп сылап тастаған екен.

Қара альпинист

иллюстрация

Бұл аңыздың сан алуан нұсқасы бар. Нақты қай тауда болғаны да белгісіз. Дегенмен Горельник шатқалы туралы айтылады. Екі альпинист шыңға қарай бет алады. Мүмкін олар әу-баста жұп болып шыққан болар, немесе бір топтың құрамында болған деген нұсқасы бар. Ол жағы құпия. Бір кезде екеуі дауласып қалады. Аңыз бойынша екуі де бір қызға ғашық болған. Шыңға өрмелеп келе жатқан кезде, екінші альпинистің арқаны үзіліп, сақтандыру белдігіне ілініп қалады. Сонда оның серіктесі қауіпсіздік жібін кесіп, досын өлімге қиған екен. Марқұмның денесін сол күйі ешкім таппаған. Ал оның жаны қара альпинист ретінде тарихта қалыпты.

Алайда қара альпинист елес болып көрінгенімен, ешкімге зиянын тигізбейді. Аңыз бойынша елес болып келетін ол әлі күнге дейін сатқындық жасаған досын іздеп жүр деседі. Кейде ұйқтап жатқан адамдардың шатқалына кіріп, аралайды екен. Тіпті, аяғынан сүйреп шығарады-мыс.

Қаңыраған әскери госпиталь

Соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь Тау-Самал шағын ауданында орналасқан. Аталмыш ғимарат Ұлы Отан соғысы ардагерлерін емдеу және оңалту үшін ашылған, кейін Ауған соғыс ардагерлері де емделе бастаған. Бір мезгілде бұл госпиталь 500-ге жуық әскерилерді қабылдаған.

Әскери госпитальдің бұл ғимараты 1963 жылы салынған. Ол Алатаудың баурайында, ақ қайыңның арасында, шұрайлы жерде орналасқан. 2010 жылғы жер сілкінісінен кейін Ладушкин көшесінде тұрған емдеу корпусы авариялық деп танылып, бұзылуы тиіс деген шешім қабылданады. Содан бері 12 жыл өтті, ғимарат әлі күнге дейін қараусыз тұр. Десе де, адамдардың  бұл жерден кетуіне зіл-зала ғана түрткі болмаған. Өзге бір тылсым дүние әсер еткен дейді ғимаратты жиі аралайтын адамдар. Мекеме ішінде қалған дүниелерге қарасаң, адамдардың асығыс бір нәрседен қашқанын байқауға болады. Тіпті жеке заттарын ұмытып кеткен. Медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер де керексіз болып қалған. Ал ғимараттың есігі таспен бекітілген.

Сондай-ақ бұл госпитальде әскери киімдегі сарбаздың елесі жүреді деген де аңыз айтылады. Соғыста жарақат алған солдат дәл осы ауруханада көз жұмған.

28 панфиловшылар саябағы

Алматылықтар үшін демалыс орнына айналған саябақ та мистикалық оқиғалармен байланысы бар болып шықты. Қазіргі саябақтың орнында бұрын кішігірім зират болған. Ескі зират саябағы кейінірек собор паркімен біріктіріліп, қалалық бақ болып өзгерді.

1887 жылы 28 мамырда жер сілкінісі кезінде аталмыш собор қирады. Қаза тапқан 329 адамның көпшілік бөлігі дәл осы зиратта жерленген.  Алайда 1921 жылы 8 шілдеде қатты сел жүріп, зират толық жойылып кетті. Қираған зираттан бүгінде екі қабір қалған.

зират орналасқан саябақтың бөлігі

Музыкалық аспаптар мұражайына қарама-қарсы бетте ылғи сүр түсті бейне көрінеді екен. Осы маңдағы шіркеудің астында төңкеріс кезінде тығып қойған төрт тонналық қоңырау жатуы мүмкін. Әлгі қоңырау жер сілкінісі болар алдында соғылып белгі береді деседі. Ал шыққан дыбыс өте қорқынышты.

музыкалық аспаптар мұражайы

Сондай-ақ шіркеу тұрғызылған жерде жер асты жолдары туралы аңыз да кеңінен айтылып жүр. Ол Вознесенский соборынан басталып, Қытайға дейін жалғасады деседі. Төңкеріс кезінде діни қызметкерлер шіркеу қазыналарын сол жерде жасырған деген болжам бар. Саябақ астында жер асты жолдары бар екені 1960-1970 жылдары расталған. Алайда ол жер асты өткелдері қазіргі Төле би мен Достық көшелерінің қиылысында орналасқан Верный қаласының генерал-губернаторының үйіне, Citibank орнында бой көтерген Епископтың үйіне және қазіргі офицерлер үйі салынған Қалдаяқов көшесіне дейін жалғасады.

Бұл саябақ әлі күнге дейін Алматыдағы ең жұмбақ жерлердің бірі болып саналады.

Жер асты шіркеуі

Медеу маңында Серафим мен Анатолий есімді  (басқа мәлімет бойынша Феогност) екі монах тұрғызған скит (монастырь) бар. Успен шіркеуіне қараған бұл скит өткен ғасырдың  20 жылдары ылғалдың көптігінен төмен түсіп кеткен. Сол кезде өмір сүрген бір монах әйелдің айтуынша, ол жер өте әдемі және төменге апаратын 20 баспалдақтан тұрған кішкентай шіркеу болған.

Ел аузында ол жерді аруақтар мекен етеді деген аңыз тарап жүр. Кейбіреулері монастырьды салған екі монахты осы жерде өлтіріп кеткенін айтады. Солардың аруақтары тыным таппай келушелірді жиі мазалайды екен.

Первомай тоғандары

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Первомай тоғанында монахтар салған монастырь мен балалар үйі болған. Ол кезде тоғандарды дәл осылай «баспана» деп те атаған. 1917 жылы большевиктер тоғандар жағасында жетімдер мен дін қызметкерлерін қырып тастаған. Қанішерлер атқа мініп келген деседі. Сол уақыттан бері аталмыш тоғандар малды өздеріне тартып алып кетеді деген аңыз бар. Ал жылқылар жергілікті суға жақындаудан қорқады екен.

Аңыз бойынша большевиктер оқтарын үнемдеу үшін, жетімдер мен дін қызметкерлерін қылышпен аяусыз соя бастаған. Қолдары шаршаған кезде ғана револьерлер мен карабин қаруларын қолданған.

1956 жылы билік Первомай көлін қалың лайдан тазартқан деген әңгіме бар. Тазалау барысында қара сумен бірге адамдардың сүйектері канал бетіне шығыпты.

Қазір Первомай тоғандары қоқыс тастайтын орынға айналып бара жатыр. Бұл жерде металл сынықтары, тұрмыстық қалдықтар, сусындардың банкалары, тіпті шприцтерге дейін толып жатыр. Үлкен қоқыс тиеген жүк көліктері тастап кетеді екен. Бұл негізі қорғалуға тиісті аумақ. Бұрын демалушылар мен балықшылар жиі келетін жердің қазіргі жағдайы мүшкіл.

Банктегі елес

Сейфуллин мен Шевченко көшелерінің қиылысында банк ғимараты орналасқан. Бұрын бұл жерде КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитеті болған деседі. Сол себепті банктің маңайында жаны тыныш таппаған аруақтар толып жүр деген аңыз тараған.

Елде тараған әңгімеге сүйенсек, банк күзетшілері тылсым дүниелерге жиі тап болады екен. Түн ортасында түсініксіз дыбыстар, жүрген дауыстар естілсе, кейде заттар өздігінен жылжыйды-мыс. Қызметкерлердің айтуынша, кейде бейнебақылау арқылы азиат кейпіндегі қыздың бейнесін байқауға болады. Алайда жазбасын көргенде ол жоғалып кетеді.

Айтылып жүрген әңгімелер арасында қорыққаннан инфаркт алып, қайтыс болып кеткен күзетші туралы да айтылады. Ол айна алдында ажал құшыпты. Күзетшінің қорыққаны сонша, шашы түгел ағарып кеткен. Содан бері ғимаратты күзетуге екі адам кезекшілікке түседі екен.

Біз іздеп тауып, тарихын зерттеген мистикалық орындардың тізімі осы. Егер сіз білетін басқа да аңыздар болса, міндетті түрде төменде жазып кетіңіз!

Сая Манарбековна

Recent Posts

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

20 часов ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

20 часов ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

21 час ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

3 дня ago

Алматыдағы мәйітхана күзетшісінің сұмдық тірлігі

Ол қайтыс болған адаммен жыныстық қатынас жасады деген күдікке ілінді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған…

4 дня ago

Автобус жүргізушісін ұрғаны 3 адамның өліміне әкелген жігіт сотталды

Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының…

7 дней ago