«Нилді құлатып, тілді көтерді»: жұрт Рахмоновтың тарихи жеңісін отандық арналардан көре алмағандарына наразы

5 наурызда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан аралас жекпе-жектен UFC 285 турнирінде қазақстандық Шавкат Рахмонов америкалық Джефф Нилмен кездесіп, қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Тартысты жекпе-жекті ол қарсыласын үшінші кезеңде қылғындыру әдісімен ұтқан.

«Жанып тұрған жігіт»

Осылайша, қазақстандық файтер өз мансабындағы 17, UFC-дегі 5-кездесуінде жеңіске жетті. Айта кетелік, әлемдік рейтингте Джефф Нил Рахмоновтан жоғары орналасқан.

Белгілі болғандай, Рахмонов аталған жекпе-жектен жалпы 161 500 доллар гонорар алған. Оның ішінде 30 мың доллары – кепілді гонорар, 6 мың доллар – демеушілер бонусы, 25,5 мың доллары – салмақ өлшеу рәсімінде сәтсіздігі үшін Нилдің гонорарының 30 пайызы, 100 мың доллары – Нил салмағын реттемегендіктен «Кештің үздік жекпе-жегі» үшін екі еселенген бонус.

UFC (Ultimate Fighting Championship) президенті Дэйна Уайт әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық Шавкат Рахмонов пен америкалық Джефф Нилдің жекпе-жегі туралы пікір білдірді.

Оның сөзінше, Рахмонов Нилді жеңген жағдайда жартылай орта салмақтағы чемпиондық атаққа үміткердің бірі болады.

Джефф Нил Шавкат Рахмоновқа қарсы. Бұл жетінші сатыда тұрған спортшының тоғызыншы орындағы спортшымен жекпе-жегі. Нил өзінің соңғы жекпе-жегінде жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, мықты деп бағаланған Висенте Люктен айласын асырды. Бұған дейін ол Сантьяго Понциниббионы ұтқан болатын. Нил екі қолымен де жойқын соққы жасай алады.

Шавкат – дивизиондағы «жанып тұрған» жігіттердің бірі. Жеңілістің ащы дәмін татпаған. Ол жан-жақты және өзінің кемшіліктерін көрсетпеген жауынгер. Ол Чимаевтан басқа үздік ондықтағы спортшылардың бас ауыртатын мәселесіне айналуда. Чимаевтан басқа. Егер ол алдағы жекпе-жекте жеңіске жетсе, титулға үміткер аралас жекпе-жек шеберлерінің арасына қосылады,

деді Дэйна Уайт.

Нағыз триллер

Қазақстандық көрермендер де Рахмоновтың жекпе-жегіне өз бағасын берді. Блогер Омар Анарбаевтың айтуынша, Шавкаттың жекпе-жегі өте тартысты, нағыз триллер болды.

Шавкат ұрысты сауатты жүргізді. Джефф Нилдің қасында Шавкат сылбыр, баяу болып көрінген шығар, бірақ негізінде Нил өте-мөте шапшаң болды. Соққыларының жойқындығы өз алдына. Салмақ қумағасын сондай болатын шығар. Кім біліпті…

Жекпе-жекте Шавкаттың тізе мен шынтақты көп қолданғанын байқадым. Бұрын да қолданған шығар, бірақ көрмеппін. Джефф Нил сияқты бойы аласаларға жақсы өтетін техника екен. Бұрын Мұратбек Қасымбай мен Мохаммед Хейбатидің жекпе-жегінен осындай денеден тіземен тебу тактикасын байқаған едім. Соны қолданды ма деймін. Шавкаттың тізесі Джеффті кәдімгідей шаршатты. Соққылардың басым үлесі осы тізеге тиесілі,

деп жазды блогер.

Әр жекпе-жек сайын ұрыс-тебіс арсеналы толығып келеді. Алдыңғы кездесулерінде айналып тебе алатынын көрген едік. Шавкаттың қолы ұзын, сондықтан жақын қашықтықта жұдырықпен ұру қиынға соғады. Дәл осы жерде шынтақ жақсы көмекке келді, деп есептейді Анарбаев. Дегенмен, әлі де жақсартатын, жетілдіретін нәрселер бар. Барлық жерде айтылып та жатыр. Командасы дұрыс қорытынды шығарып, оларды да қолға алады деп сенім білдірді.

Бұдан кейін блогер аз-мұз конспирологияға жол берді.

Джефф Нил салмағын дұрыстап түсіргенде ондай болмас па еді дейсің. Джефф Нил әлсіреп қалмау үшін әдейі істеген шығар. Шавкат сол салмаққа түскеннен кейін дұрыстап әл жинай алмаған сияқты. Бұл енді жеке долбарым ғана. Іс жүзінде бәрі басқаша болуы да мүмкін.

Ішімдегі конспиролог бұл жекпе-жек қаңтар айында өткенде, Шавкат оңайырақ жеңер ме еді дейді тағы. Екеуі екі ай бұрын шығуы керек болған ғой. Осы жекпе-жек үшін екі рет дайындалуына тура келді. Сол екі ортада психологиялық дайындық екі түрлі болуы мүмкін. Бірінші дайындықтағы құлшыныс екіншісінде әлсіреп қалған шығар. Болары болды. Бағасы қымбатқа түссе де, әйтеуір жеңіс бар, ең бастысы,

деп қорытындылады блоргер.

Қазақтықтан сақтанбайтын

Сондай-ақ Рахмоновтың қазақилығына да жұрт риза болды. Жеңістен соң пікір алуға жақындаған UFC-дің аңызға айналған комментаторы Джо Роганның басына Шавкат қазақтың бас киімін кигізіп, ілтипат көрсетті. Роган да бұл сияпатқа риза болса керек, «Рахмет, мырза» деп алғыс білдіріп, сұхбат аяқталғанша басынан шешпеді. Бұдан кейін Рахмонов сұхбатты тек қазақ тілінде берді. Бұл, әрине, қазақстандық көрермендердің назарынан тыс қалмады.

Шавкат Рахмонов азамат екен. UFC-дегі 5-жеңісінен кейін ағылшын тілінде сұхбат алған адамға қазақша еркін жауап беріп отыр. Ағылшынша түсінбедім-ау деп қысылып отырған жоқ. Аудармашы амалдап жатыр. Тымағын тастамайтыны тағы бар. Яғни, ешбір комплекс жоқ. Канело да АҚШ-та тұрғанына сан жыл болса да, кездесулерден соң қойылған сұрақтарға испан тілінде жауап береді,

деп жазды журналист Нұрмұхамед Байғараев.

Блогер Аслан Қаженов те Рахмонов Нилді құлатып, тілді көтеріп тастады, деп санайды.

Шавкат октагон ішінде мемлекеттік тіл үшін де күресіп жүр. Оны өзі байқамауы мүмкін. Бірақ, менің білуімше, UFC төрінде қазақша сөйлеген және сұрақтарға қазақша жауап берген алғашқы адам.

Бұған дейін бокста Жәнібек, дзюдода Әбиба да сөйткен еді. Яғни, осылар арқылы бүкіл әлем қазақ деген ел барын және оның өз тілі барын біліп жатыр. Енді аталмыш бастаманы Қазақстан атынан шығатын басқа спортшылар да іліп әкетуі керек!

деп пікір білдірді ол.

«ҚазСпорттың» масқарасы

Жекпе-жектің тағы бір әттегенайы — тартысты дауды Қазақстандағы ешбір арна көрсетпеген. Көптеген көрермен Интернет арқылы шетелдік арналардан көруге мәжбүр болған. Бұл да блогерлердің ашуын тудырды.

Қазақтың туын желбіретін, қазақ тілін әлемге танытып жатқан адамды Қазспорт та, Қазақстан телеарнасы да көрсетпеді. Масқара ғой мынау! Ертең чемпион болып кеткеннен кейін көрсеткендеріңнен не пайда, қазіргі кезде қолдай алмасаңдар. «Қазспорт» атанудың еш мәні жоқ, қазақстандық спорт дегендерің емес пе? Шетелдік «Реал» мен «Барса» ойнаса тікелей эфирде екі комментатор жанын шығырып көрсетіп отырады. Мында қазақ жігіті Лас-Вегаста қазақтарды танытып жатқанда біз қазақ елі болып «пиратский» сайттардан көріп отырдық. Сәл ойлансаңдаршы?!

деп видео жолдады Мұханбет Берекет атты көрермен.

Ал Шавкат Рахмоновтың бұл мәселені шешудің өз тәсілі бар сияқты. Ол жартылай орта дивизионда UFC атағы үшін күресуге дайын екенін мәлімдеді. Айтуынша, бұл жекпе-жек Абу-Дабиде (БАӘ) өтуі керек. Сонда қазақтар жекпе жекті теледидардан емес, аренада отырып көре алар еді.

Иә, мен Абу-Дабиде титулдық жекпе-жек өткізуді қалаймын. Оған Қазақстаннан көптеген жанкүйер бара алатын еді. Аренаның жартысы қазақтарға толады. Бұл біздің еліміз үшін керемет болар еді,

деді Рахмонов.

Шавкат Бақтыбайұлы Рахмонов 23 қазан 1994 жылы Өзбекстанның Шурчи қаласында дүниеге келген. Аралас жекпе-жекте UFC қамқорлығындағы жартылай орта салмақта өнер көрсететін жеңілмеген қазақстандық файтер. Алшын тайпасының Шекті руынан шыққан. Бұрынғы жартылай орта салмақтағы M-1 чемпионы. 2023 жылғы 5 наурыздағы жағдай бойынша UFC жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінің 6-шы орнында тұр.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Пара беруге итермелеген алаяқтар 10 жылға сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен «№2 және №5 нан базасы» «Астық қоймалары»…

21 минута ago

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исахов 8 жылға сотталды

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Мақсұт Исаховқа сот үкімі шықты. Экс-шенеунік 2023 жылдың шілдесінде тұтқынға…

51 минута ago

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

3 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

3 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

3 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

3 дня ago