Фото: ашық дереккөзден
Мәжілістің жалпы отырысында «Ақжол» фракциясының депутаты Азат Перуашев жалғыз үйін кепілге қоятын азаматтардың құқығын қорғап, ұсыныс айтты.
Ол азаматтар несиеге қойған баспанасынан айырылған жағдайда, әлеуметтік баспана қарастыруды ұсынды.
Азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу бастамасын ең алғаш болып «Ақ жол» фракциясы 2013 жылы ұсынған болатын. Содан бері жыл сайын бұл мәселені қайта көтеріп келеді. Үкімет оған әртүрлі сылтау айтып, кейінге қалдырып келді. Былтыр Президент бұл заң жобасын қабылдау бойынша нақты тапсырма берді. «Ақ жол» екі рет заң жобасын да әзірлеп берді, Үкімет оларды да өткізбеді. Сондағы негізгі мақсат — несие төлей алмайтын жағдайға душар болған азаматтарға әлеуметтік кепілдікті белгілеу болды.
Біздің еліміз талай экономикалық дағдарыстан өтті. Адамдар жұмысынан айырылып, несиелерін төлей алмады. Ал біздің банктер не істеді? Олар адамдарды далаға шығарып жіберіп, оларды «бомждарға» айналдырды,
деді Азат Перуашев.
Депутаттың айтуынша, XXI ғасырда өркениетті елде өмір сүріп жатқан кезеңде азаматтарды үйсіз-күйсіз етуге жол бермеу керек.
Отбасы, баласы мен жұмысы барларды «бомждарға» айналдыру дұрыс емес. Бұл- біздің азаматтар, біз мемлекет ретінде олар үшін жауаптымыз. Осы мәселені біз осы заң жобасында да қарастырдық. Көптеген сұрақ талқыланды. Біз бүгін процедуралық рәсімге көп көңіл бөліп кеттік, олардың барлығы қосалқы сұрақ. Ең бастысы — біз өз азаматтарымыздың бомждарға айналуына жол бермеу. Президент бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бойынша тапсырма берді. Мен бизнеспен кім айналысқанын еске салайын. Кезінде олар кепілге пәтерін, үйін қойды. Қазір біз өз азаматтарымыздың баспанаға иелік ету құқығын қорғамасақ, біз тек ипотека төлеушіден ғана емес, әлеуетті кәсіпкерден айрыламыз,
деді ол.
Депутат азаматтардың жалғыз баспанасын кепілге қойып, артынан оны алып қою нормасын сынады.
Азаматтық кодексте жалғыз баспанасынан айырмау туралы норма болды. Бұл норманы алып тастау банктердің мүддесінен шешілді. Былтыр қылмыскер жалғыз үйін алуға келген 5 сот орындаушы мен полицияны атып тастады. Әйел адам тұратын үйі болмағандықтан, өзінің балаларын терезеден лақтыруға мәжбүр болды.
Біз осындай әрекеттерге азаматтарды қашанға дейін итермелейміз? Былтыр «Банк және банк қызметі туралы» заң аясында несиенің 90 пайызын өтеген жағдайда «қайта кепілге қою мүмкіндігі бар» деген өте өзекті норманы енгізе алдық,
деді Перуашев.
Егер азамат ипотекасының не болмаса бизнес кредитінің кемінде жартысын жапқан жағдайда, оны жалғыз баспанасынан айыруға жол бермеу керек. Не болмаса, оған әлеуметтік баспана беру қажет. Әрине, бұл банктерге жүктеме болады. Бірақ банктер ҚҚС-дан босатылған, онымен қоса, мемлекеттен түрлі қолдау алады. Сол себепті осы мәселенің шешімі бар болу керек.
Ол адамдарды осындай халге түсіретін нәрсе – ол несиелер бойынша жоғары, миға сыймайтын пайыздар екенін айтты.
Ұлттық банк, сіздер қайда қарап отырсыздар? Ай сайын базалық ставка мөлшерін көбейтесіздер. Қанша қинауға болады? Сіздер адамдарды қандай жағдайға жеткізіп отырғандарыңызды түсінбейсіздер ме?
деді депутат.
Азат Перуашев жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, заң жобасын қайта қарауды ұсынды.
Айта кетейік, Мәжіліс «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеті және банкроттығы туралы» заң жобасын мақұлдады.
2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…
Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…
23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…
Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…