Categories: Қоғам

«Қатемді кешіріңдер-2» бола ма? Ұлы дала тентегін қандай жаза күтіп тұр?

Өткен аптада еліндегі ішінара мобилизациядан қашып, Қазақстанды паналаған ресейліктер туралы жаңалықтарды әнші Төреғали Төреәлінің бұзақылығы көлеңкеде қалдырды. Ел арасында «Ұлы дала баласы» лақап атымен танымал әншіні жұрт жаппай талқылап, жеден алып, жерге салды. Бірі араша түсті, екіншісі заң аясында бұзақылығы үшін жауап беруі тиіс деді. Бүгін біз даудың неден басталғанын баяндап, немен аяқталуы мүмкін екенін болжадық.

Басыма сәл бақ қонғанда… ешкім маған қарамау керек

Оқиға 28 қыркүйекте Алматы облысы, Кеген ауданында орналасқан «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында болған. Ең алдымен әлеуметтік желілерде «Төреғали Төреәліден таяқ жедім» деген жігіттің видеосы пайда болды. Мұны видеодағы басқа да әйелдер растайды. Айтуларынша, әнші гидті «жақтырмай қарадың» деп соққыға жыққан. Бұдан бөлек, видеодан әншінің атпен шауып келіп, бір топ адамға балағат сөздер айтып кеткенін көруге болады.

Ертеңгі күні әншіден зәбір көрген гид жігіт Qazaqstan арнасының «1001 түн» бағдарламасына сұхбат беріп, Төреғали Төреәліні сотқа дейін апаруға бекініп отырғанын мәлімдеді.

20 жастағы гидтің есімі — Бекарыс Қожбанов екен. Туристерге жол сілтеп, ақша тауып жүрген гид әншіні шетелдік қонаққа мақтағаным үшін жазалы болдым дейді. Оның айтуынша, жанжалдың шығуына ресейлік азаматтың Төреғалиге қарағаны себеп болған.

«Туристермен Көлсайдың жағалауында демалып жатқанбыз. Төреғали ағамыз да сол жерде демалып жүр екен. Сол уақытта Мәскеуден келген туристке Төреғалиды мақтағанбыз, эстрада жұлдызы деп таныстырдық.

Сырттан келген қонақ әншіге 5 секундтай қарап тұрды. Осы Төреғалиға ұнамаса керек, ол келіп аузына келгенін айта бастады. Кейін маған атылды.

Бетімнен және денемнен ұра жөнелді. Полицияға арыз жаздым. Сараптамадан өттім. Төреғали маған хабарласқан жоқ, ешкім келіп кешірім сұрамады. Кім болсада, біреуді еш себепсіз ұруға хақысы жоқ. Мен Төреғалиді кешірмеймін, істі соңына дейін апарамын», — деді Бекарыс Қожбанов.

Бекарыстың соққыға жығылғанын, әншінің былапыт сөз айтқанын оқиға куәгерлерді де растап отыр.

«Мен Қазақстанның табиғатын тамашалауға Мәскеуден арнайы келдім. Гид маған эстрада жұлдызын таныстырып жатты. Сәл қарағаным сол еді, оған бұл әрекетім ұнамай қалды. Ол аузына келгенін айтып жатты. Соңынан бізге жол көрсетіп, жөн сілтеп жүрген жігітті ұрды», — деді ресейлік турист.

Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң – талтаңда…

Сол күні Алматы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов Төреғали Төреәлінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

Әбдірахмановтің сөзінше, бұған дейін 28 қыркүйекте Алматы облысы, Кеген ауданында орналасқан «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында болған бұзақылық әрекеттер дерегі бойынша, ЕҚДБ-да қылмыстық іс тіркелген.

«Бүгін, 30 қыркүйекте күдікті Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейін, тергеуде істің дұрыс шешілуі үшін қажетті және жеткілікті жағдаяттарды әділ әрі толық, жан-жақты зерттеу үшін заңда көзделген барлық шара қабылданады. Қылмыстық істің барысы мен тергеу нәтижелері Алматы облысы полиция департаментінің бақылауына алынды», — деп жазды Рустам Әбдірахманов.

Оқиғаға әншінің өзі де түсінік берді. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан.

Алайда «Ұлы дала тентегіне» абақтыда ұзақ қайғыра қоймады. Көп ұзамай, ол 10 миллион теңге кепіл төлеп, қамаудан босатылады.

«Алматы облысы Кеген аудандық сотының қаулысымен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдіктінің Төреғали Әлихановқа қатысты «Бұзақылық» 293-бабының 1-бөлігі бойынша он миллион теңге сомасына кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Бұл бұлтартпау шарасын қолдану тәртібі ҚК мен ҚІЖК-де нақты жазылған», — деп хабарлады Алматы облысы Кеген аудандық сотының баспасөз қызметі.

«Жаңылғаны шығар»…

Біртіндеп «тентек» інілеріне араша сұрап, өнер иелері де жазбалар қалдыра бастады. Бірінші болып эстрада жұлдызы Мейрамбек Бесбаев өз пікірін білдірді. Ол екі жігітті қол алысып, бір-бірінен кешірім сұрап, достасуға шақырды.

«Бас жарылып, көз шыққан дәнеңе жоқ. «Ер шекіспей, бекіспейді» деген де бар бұл қазақта. Екі жігіт шекісіп қалып, енді қол алысып, құшақтасып жатса, достыққа қарай қадам басса, бұл бәріміздің ұтқанымыз емес пе! Шекіскен екі жақ бітімге келіпті, оған құқық қорғау органдары да қарсы болмас деп ойлаймын. Өз балаларыңды өзегінен тебем десеңіздер еріктеріңіз білсін. Төлеген Айбергеновтің «Қисықтығын өзгенің, түзу тұрып дәлелде» деген жолдарын еске алсақ, ең әуелі бәріміздің бойымызда бар өз мінімізден ұялар едік.

Төреш өз мінезін игере алмапты, дұрыс емес. Бірақ кім бізге өз жақсысын әкеп береді дейсіз?!

Жігітке тән шалт мінез, жасындай жарқ еткен эмоциямен екі азамат бірін-бірі ренжіткені рас, дегенмен арты жақсылықпен аяқталып отыр. Бұл да мәмілеге асығатын, жау болғанша бауыр болуға ұмтылатын өзіміздің қазақи болмысымыз емес пе! Енді біз де елдігімізге жараспайтын ұсақ-түйек өсекті тоқтатып, керісінше ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын деп тілейік», — деп жазған Мейрамбек Бесбаев.

«Әйел тектес ер адамдар көбейіп кетті»…

Одан кейін әнші Майра Ілиясова да Төреғали Төреәліні жақтап шықты. Айтуынша, бұл істе бір шикілік бар. Құқық қорғау органдары бұл істі егжей-тегжейлі тексеруі керек.

«Төреғали туралы естіп жүрегім ауырып қалды. Мен Төреғалиді ылғи жақсы жағынан көремін. Ол шынында да нағыз жұлдыз, нағыз талант. Тума талант. Бірақ Төреғалиде бұрынғы батырларымыздағыдай қайсарлық бар, анау мынауға намыстанып кететіні бар. Ана баланың сөзіне кішкене таң қалып қалдым. Екеуі сөйлесіп тұрғанда, бұл бала болмаған бұл «сосын келдік» деп айтып тұр. Ал ол «сүйтті, бүйтті» деп әңгіме айтып тұр. Осы жеріне біздің тергеу жағы назар аудару керек. Өйткені, ол екеуі бір-біріне қарап тұрған кезде бұл бала болмаған, қасында тұрғандай айтып тұр. Ол адам қалай қарады мәселе сонда. Қазір жасыратыны жоқ әйел тектес ер адамдар көбейіп кетті.

Ол сұғынып қарауы мүмкін, не ішіп-жеп қарауы мүмкін. Ол жерде Төреғали спорт киіммен жай ғана жүр. Соны сыни көзбен қараған болуы мүмкін. Ол тектен тек ешкімге тиіспейді.

Осы қарапайым, бұдан да сұмдық нәрселер болып жатыр. Бірақ, өкінішке орай танымалдылық бізде осындай кезде кесірін тигізеді. Сондықтан түймедей нәрсені түйедей қылып, адамның жүрегін ауыртады. Сондықтан өз басым дұрыс шешіледі деп ойлаймын. Бір отбасы ажырасып жатқанда 50-де 50 болады ғой. Оған екеуі де кінәлі болады. Сондықтан бір нәрсе Төреғалиді шамдандырған. Мен солай ойлаймын. Өйткені, біз жақын жүрміз, жиі концертке шығады. Қасымызда жүреді. Тойда кезігеміз, ешқашан дөрекілігін көрген жоқпыз. Өте мәдениетті, мен сол жағынан көріп жүрмін сондықтан өнердегі үлкен апайы ретінде жүрегім ауырады.», — деді Майра Ілиясова «1001 түн» бағдарламасында.

«Ертең-ақ тойларыңа шақырасыңдар»

Айта кету керек, ел арасында ТТТ деген лақап атпен танымал әнші мұндай жағымсыз қылық көрсетіп отырғаны бірінші рет емес. Бірнеше жыл бұрын Төреғали Төреәлі концертіне келген үлкен кісіге «Шығып кетсін» деп есікті меңзеген.

Ол кезде әнші сахнада тұрып, залда отырған көрермендердің бірімен дөрекі әңгімелескен. «Қазір мына қыз суретке түсуге келіп тұр. Мен суретке түсейін бе, түспейін бе?» деп сұрайды әнші халықтан. «Түсетін болсам, ана отырған кісі залдан шығып кетсін» деп айтады. 

Алайда, кейін әнші өз кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрап видео жариялады. Тіпті «Қатемді кешіріңдер» деген атаумен ән де арнады.

«Төреғали өзінің кім екенін осыдан бірнеше жыл бұрын концертінде көрсетті емес пе? Ақсақалды балағаттаған сәтте естеріңізде болса, оны таладық, сосын әнін тыңдап, тойымызға шақырып қайтадан бәрін ұмыттық. Бұл деңгей.

Қамалатындай қылығы бар. Бірақ ертең-ақ айыппұл төлеп, кешірім сұрап шығады. Сосын сол Төреғали боп қайтадан ортамызда жүре береді.

Президент қазір қоғамда адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатқанын ерекше атап өтті.

– Бұл – өте қауіпті. Қатігездік пен сенімсіздік, немқұрайлылық пен енжарлық – халықты жарға жығатын жағымсыз әдеттер.

Біз ел боламыз десек, ең алдымен, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, өзара тілектестік пен бауырмалдықты әрдайым дәріптеуіміз керек. Мұны Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ол «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», — деп жазды Facebook қолданушысы Ғабиден Жәкей.

Жазасы қандай?

«Ұлы дала баласы» уақытша ұстау изоляторынан кепілдікпен босап шыққанымен, үстінен ҚР ҚК 293 бабы қозғалып отыр. Мұндай оғаш қылық жасағандардың қалай жазаланаты ҚР қылмыстық кодексінде былай деп көрсетілген:

«Екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жүмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», — делінген кодексте.

Осылайша, бұл оқиғаның соңы немен аяқталарын әр қазақ ішінен сезіп отыр… Алайда Төреғалидің өзі бұдан сабақ ала ма — күмәнді мәселе.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

13 часов ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

2 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

2 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

2 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

4 дня ago

Алматыдағы мәйітхана күзетшісінің сұмдық тірлігі

Ол қайтыс болған адаммен жыныстық қатынас жасады деген күдікке ілінді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған…

5 дней ago