Қазақстандағы театрлар туралы 10 қызықты дерек

Наурыздың соңында бүкіләлемдік театр күні атап өтіледі. Бүкіләлемдік театр күні 1961 жылы Халықаралық театр институтының IX конгресінде театр қызметкерлері: әртістердің, режиссерлердің, техникалық қызметкерлердің кәсіби мерекесі ретінде бекітілді.

Қойылымсүйер қауым бұл күндері театрға жиі барып, театр қызметкерлеріне ғаламат сезім сыйлағандары үшін алғыс айтса керек. Ал біз өз кезегімізде Қазақстан театрының тарихындағы ең қызықты деректерге үңілуді жөн көрдік.

  1. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры

Қазақстанның алғашқы кәсіби театры –  Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры. Ол 1926 жылы 13 қаңтарда бұрынғы Қызыл-Орда, қазіргі Қызылордада Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды. Екі жылдан кейін театр бұрынғы Алма-Ата, қазіргі Алматы қаласына көшті. 1934 жылы театр құрамында жаңа шығармашылық ұжым пайда болды. Кейін мемлекеттік опера мен балет театры, филармония және «Қазақконцерт» болып бөлінді. 1937 жылы театр «академиялық» деген ат алды.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры / Сурет: Informburo.kz

2. Орал орыс драма театры

Қазақстанның ең ескі театры – Орал орыс драма театры. Ол 1858 жылы ашылды. Сол кездегі әуесқой театр алғаш рет 1859 жылы қойылым жасады. Бұл – Островскийдің «Кедейлік кемістік емес» қойылымы болатын. 2002 жылы ғимарат қайта қалпына келтірілді, 2009 жылы театрдың 150 жылдық мерейтойының құрметіне оның қабырғасында театрдың тарихына арналған музей ашылды.  

Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрындағы қойылым / Сурет Assembly.kz сайтынан алынды

3. Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры

Қазақстандағы алғашқы ұлттық театр – Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры. Ол қазақ даласында қайғылы жағдайда пайда болған. 1937 жылы Қиыр Шығыстан корейліктер Орта Азияға депортацияланды. Жер аударылған адамдардың ішінде корей театрының әртістері болған. Олар корей музыкалық комедия театрының негізін қалады.

Театр ұзақ уақыт бойы ел ішін «аралады»: 1937 жылдан бастап 1941 жылға дейін Қызылордада, 1942 жылдан 1959 жылға дейін Алматы облысының Үш-Төбе қаласында, 1959 жылдан 1968 жылға дейін қайтадан Қызылордада болды, дәл осы мекенде 1959 жылы «Колхоз-совхоз гастрольдік корей театры» атауын иеленді.

1968 жылы театр Алматы қаласына ауыстырылды. 2000 жылы заманауи Алматыда республикалық мәртебеге ие болды. Сөз орайы келгенде айта кетсек, бұл Корей елінен тыс жерде жұмыс істеп жатқан әлемдегі алғашқы ұлттық корей театры және жалғыз мемлекеттік корей театры болып саналады.

4. Қазақстан тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры.

Ол 1935 жылы бірден екі труппа: қазақ және орыс труппасы болып құрылды. 1938 жылы республикалық мәртебеге ие болды.

Театр тарихи ғимаратта орналасқан, төңкеріске дейін бұл жерде қоғамдық жиындардың отырыстары өтіп тұрған. Театрдың алғашқы қуыршақ қойылымдары «Алдар-Көсе» мен «Өтеген батыр» болды. Бұл қойылымдарды музыкалық тұрғыдан сүйемелдеген композиторлар – Борис Ерзакович пен Латиф Хамиди. Қазіргі таңда театрда қуыршақтың барлық түрі бар – қамыстан жасалған қарапайым қуыршақтан бастап лазер арқылы жанатын заманауи қуыршақтарды да кездестіруге болады.

5. Шымкент қуыршақ театры ерекше орында, бұрынғы Никольский соборында орналасқан.

Театр өткен ғасырдың 80-жылдары осында қоныс аударды. Бұған дейін бұл жерде Пионерлер Үйі орналасты, ал одан ертеректе кітапхана болған. Ғимараттың өзі XX ғасырда Иван Маркевичтің жобасы бойынша тұрғызылды. Никольский собор – сәулетші ретінде Түркістан өңірінде жасаған алғашқы жұмысы. Оның жұмысына инженер Николай Ботвинкин де қатысты.

Маркевич Бессарабия шаруаларының отбасынан шыққан, бойындағы дарыны мен қайтпас қайсарлығы, жоғары білімі (ол Петербургтегі азаматтық инженерлер Институтын бітірген) Түркістан өңірінде бірнеше сәулет жобасын жасауына мүмкіндік берді. Тіпті Ташкентте қала сәулетшісі деңгейіне дейін көтерілген. 1914 жылы собор тұрғызылып біткен соң ол Сырдария облыстық басқармасының кіші сәулетшісі болды.

Ғимараттың тағдыры сол кездегі діни мекендердің тағдырын қайталады: төңкерістен соң собордан күмбез алынып тасталды, ғимарат облыстық кітапхана болып қайта ашылып, кейін ол жаққа пионерлер Сарайы орналасты. 1981 жылы бұл жерге қуыршақ театры көшіп келді.

Айша Абдуллина / Сурет Abai.kz сайтынан алынды.

6. Қазақстандық театрдың ең алғашқы Дездемонасы – Айша Абдуллина.

Ол 1916 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келген. 1935 жылы қазақ драма театрының жанындағы екіжылдық театр студиясын бітірген.

1936 жылы қазақстандық әртістердің құрамында Мәскеуге қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысуға жіберіледі. Ол жақта қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевпен, опера әншісі Күләш Байсейітовамен және опера әншісі Құрманбек Жандарбековпен бір сахнада өнер көрсеткен.

Әртүрлі театрларда жұмыс істеген, бірақ шығармашылық жолында 65 жылын Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына арнады.

Сахнада әлемдік және қазақ классикасының жүзден аса кейіпкерін асқан шеберлікпен сомдаған. Хас талант, Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллина 103 жасында өмірден озды.

Юрий Померанцев Абай образында / Суретті Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры ұсынды.

7. Қазақстан сахнасында ұзақ өмір сүрген тағы бір майталман – Юрий Борисович Померанцев. Ол өзінің актерлік қызметін 1943 жылы бастаған. Қазақстанға майданда жүріп жарақат алған соң тап болған, оның анасы Алматыға эвакуацияланған. Ал ағасы, танымал тенор Александр Курганов Алматы опера және балет театрында жеке өнер көрсеткен. Померанцевтің жұмысқа орналасуына көмек берген де – осы кісі болатын. Юрий Борисович екі жыл бойы хор әртісі боп жұмыс істеді.

1945 жылы Жастар театрында актер болды, 1954 жылдан бастап қайтыс болатын уақыты – 2022 жылға дейін Лермонтов атындағы драма театрында әртіс болып қызмет етті.

Померанцев «Біздің аяулы дәрігер», «Босау», «Аптасына бір рет» киноларына түсіп, кино актері ретінде де танылды. Ол сахналық образ жасаудың хас шебері болды, 300-ден аса жарқын, көрнекті театрлық образ жасады.

Театр мансабындағы жалпы еңбек өтілі – 80 жылға жуық.

7. Қазақстандағы ең үлкен театр – Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры.

Ол 2013 жылы ашылды. Театр тоғыз гектар жерде орналасқан. Ғимараттың аумағы – 64 мың шаршы метрге тең. Сахна алаңы 3000 шаршы метрге жуық. Театрдың басты залы 1250 орынға есептелген. Театрдың камералық залына 250 адам сыяды.

Astana Opera / Сурет: Informburo.kz.

8. Ең музыкалық театр – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры.

Бұл – Қазақстан Республикасындағы оперетта театры жанрындағы жалғыз театр.

Театр 1973 жылдың 16 қарашасында Исаак Дунаевскийдің «Еркін жел» опереттасымен ашылған. Бұл театрдың ежелден бері қалыптасқан дәстүрі бар. Оперетта театрының сахнасында ішкі рух, өзіндік қылық, көтеріңкі көңіл-күй, таңғажайып, махаббат сезімі мен өмірге деген шексіз қуаныш бар.

Театр репертуарында әртүрлі жылдары әртүрлі жанр болды, ұжым өз қызметінің басында әртүрлі музыкалық жанрда қойылым жасады, дегенмен, негізгі бағыты – опереттадан ауытқыған жоқ.

Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры / Сурет: АПН.

9. Еліміздегі ең ғажайып театрлардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

Қазақстандық театрдың бір ерекшелігі ретінде бірінші күннен бастап-ақ қос тілде өнер көрсете бастағанын айтуға болады. Ұзақ уақыт бойы екі труппа бір театр кеңістігінде ауызбіршілікте өмір сүріп келді. Жастар театрының негізін қалаған Наталия Сац ұжымды бірлікте ұстаған.

Атақты театр қайраткері Наталия Ильинична Сац Алматыда айдауда болды. Оның қайраткерлігі мен қажымас қайратының арқасында 1944 жылдың 6 қыркүйегінде Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті Халық Комиссарлар Кеңесінің «Алматы қаласында жас көрермендер театрын ұйымдастыру туралы» қаулысы қабылданды. 1945 жылдың 7 қарашасында театр ашылды. Бірден екі қойылым қойылды – таңертең Сацтың қойылымы бойынша Шварцтың «Қызыл Телпегі» жүрді, ал кешке – танымал драматург және режиссер Виктор Розовтың қоюымен Исидор Штоктың «Лейден қоршауы» сахналанды.

1946 жылы қазақ труппасының негізі қаланды. Қазақ тіліндегі алғашқы қойылым Толстойдың «Алтын кілт» қойылымы болды. Қазіргі таңда әр театрдың өз ғимараты мен өзіндік репертуары бар.

10. Сөз соңында аздаған статистика келтіріп өтейік.

2022 жылғы санақ бойынша, Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның ішінде 52-сі – мемлекеттік. Атап айтсақ, төрт ұлттық театр бар, олар: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары. Қазақстанда үш опера және балет театры, бес жастар мен жасөспірімдер театры, жеті қуыршақ театры, 24 драма театры, 11 музыкалық-драма театры, бір музыкалық комедия, бір жастар театры және бір сатира театры бар.

Арман Ерғалиев

Recent Posts

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

15 часов ago

Шымкентте мектеп директоры 48 млн теңге жымқырды

Шымкентте 48 млн теңге жымқырды деген айып тағылған №44 орта мектеп директоры және оның орынбасары,…

16 часов ago

Студенттердің тамақтануы: фастфуд басым болып келе ме?

«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ және Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) Алматының студент жастарының салауатты өмір салтына…

1 день ago

Ақтауда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болды

Оқиға 11-шағын ауданда орналасқан №10 мектепте жексенбі күні болған, деп хабарлады sadaqmedia.kz. Білім беру ұйымының…

2 дня ago

Бектенов Ақмола облысында Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын…

2 дня ago

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары парамен ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс аудандарының бірінің әкім орынбасары мен…

2 дня ago