«Бұл туындыдан кейін қазақ кино түсіре алмайды дегенді қою керек»: Жұрт Міржақып Дулатұлына арналған телехикаяға тәнті

Әлеуметтік желі қолданушылары Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстан» арнасында жарық көрген «Міржақып. Оян, қазақ!» атты Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған телехикаяны талқылап жатыр. Телехикаяның режиссері «Болашақ» түлегі — Мұрат Есжан.

Телехикаяда Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады.

Көрермен телехикаяның сценарийі өте жақсы жазылғанын, көркемдік деңгейі өте жоғары екенін жазып жатыр.

Журналист Гүлмария Барманбекованың айтуынша, режиссер Алаш қайраткерлерінің бойындағы еліне деген сүйіспеншілікті озат бере алған.

«Алла тағала Міржақып Дулатовтың ғұмырын 43 емес 83 жылға созғанда не болар еді деген ой келеді. Ондай жағдайда «оятып» қана қоймай, қазаққа өртесе де өлмес рух сыйлап кетер ме еді.

Юсупов Ахметсапа — 35 жаста.

Аймауытов Жусупбек- 41 жаста.

Құдайым-ау! Бұлар тағы біраз жүре тұрғанда, ана кинодағы қара домалақ қоңыз теріп жемегенде, киізге оралған мәйіттерді арбамен жинамағанда, бүгінгі Қазақстан қандай болар еді?..

Міржақып рөлін сомдаған Бақыт Қажыбаевтың, Гүлнәр рөліндегі Гүлжан Әспетованың шеберлігінде шек жоқ. Өте шынайы!

Фильмнің режиссерлік шешімі, көркемдік деңгейі бұған дейінгі түсірілген осы тақілеттес тарихи фильмдерге қарағанда көшілгері озық. Шығармашылық ізденіс, ерен еңбек аңғарылады. Рас, операторлық жұмыс әлде болса жетілдіре түсуді талап ете ме деп қалдым. Сценарий жақсы жазылған. Біздің киношылар осылай шырқай берсе, көп кешікпей-ақ түріктерді басып озары анық. Жалпы, қазақ қағілез әрі талантты ұлт екенінде дау жоқ. Әттең, тағдыры күрделі!», — деп жазды Барманбекова.

Көрермен Алғадай Әбілғазыұлы бұл фильм тарих пәніне қосымша ретінде мектептерде көрсетілуі тиіс дейді.

«Туған елінің тағдырын тамырының соғысына айналдырған, ұлт мұраты жолында жанын қиған асыл Ерлер! Жан-жарының жанына жалау, арына алау бола білген асыл Аналар! Асқар тауының ақталуын аңсаған, әке абыройына күзетші асыл Перзент! Жанынан арын биік қойған асыл Жұрт!..

Осы асыл дүниелерді өнер деңгейінде ұсына білген есті азаматтарға: Мұрат Есжан, Айсәуле Әбілдә, Ұшқын Сайдарахмет, Ұларбек Нұрғалымұлына және өнер тарландарына, осы фильмге қатысы бар барша жандарға мың алғыс!

Бұл фильм Тарих пәніне қосымша ретінде мектептерде көрсетілсе, таным мен тәрбие мәселесінде де ұтар едік! Бұл фильм, меніңше, қандай марапатқа болса да лайық! Берер мол болсын, асыл бауырларым!», — деп жазды көрермен.

Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Гүлзира Жайлаубек те ұрпаққа ұлағаты мол туынды шыққанын жазды.

Ұлттық рухы басым. Бүгінгі қауымды ояту үшін Міржақыптың «Оян қазағы» әлі күнге дейін еш мәні мен маңызын жоймағандай. Бұл туынды халықтың тарихи танымын, ұлттық сана — сезімін оятуға түрткі болары хақ. Өйткені, Алаш арысы Міржақып Дулатовтың сан қилы тағдыры мен hәм алаштықтардың жолы шынайылықпен үйлесім тауып әсерлі сипатталған. Ұрпақ үшін Алаш арыстарын елмен қауыштырып, тарихты бүгінімен табыстырған ұлттық рухы үйлесім тапқан баға жетпес құнды мұра екен.

Мұны көрген әр қазақтың тебіренбеуі мүмкін емес… Көрсең, көзіңе жас үйіріледі. Қайсарлық пен табандылық, ұлтына деген шексіз сүйіспеншіліктен бойыңа ерекше рухани қуат аласың. Біз шегарамызды шегендеп, елдігімізді түгендеп, ұлттық құндылығымызды сақтап берген Алаштықтардың алдында өмір бойы қарыздармыз»,

деп жазды Жайлаубек.

Көрермен Нұржан Сапарханұлының айтуынша, көбіміз Міржақып Дулатұлының «Оян қазақ» өлеңін оқып, жаттағаннан әрі аса алмай келдік, тарихтың ащы шындығын жан дүниемізбен сезініп көрмедік.

«Қаншама азапты күндер мен түндердің салдарынан шыққан жан айқайды көзіңмен көріп, жан жүрегіңмен сезініп, әділетсіздік пен сатқындықтың, алдау мен арбаудың, қиянат пен қастандықтың ортасында жүріп қазақ деп соққан жүрегі мен қайтпас рухтың алапат күшін көріп қайран қазағымның арыстары ай деп еріксіз көзге жас келеді.

Сондай бір ішкі жан дүниеміздің толқуына, өткен тарихымыздағы тарландарымыздың тар заманда тарылған тағдырын көз алымызда шынайы көрсете білген «Міржақып ОЯН ҚАЗАҚ» киносынның түсіру идеясының авторынан бастап, әрбір қатысуыларына, шаңның тозаңындай болса да үлес қосқан барша тұлғаларға алғыс білдіремін. Сөзім жоқ. Мынадай туындыдан кейін қазақ кино түсіре алмайды дегенді қою керек деп ойлаймын. Әрбір қазақ отбасымен көруі керек кино»,

деп жазды Нұржан Сапарханұлы.
Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago