Categories: Білім

Бағасы удай, білімі қандай? Алматыдағы ең қымбат мектептер рейтингі

Ата-ана таңдау жасағанда сапалы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әртүрлі. Аймақтық жерде айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталып, Алматы, Нұр-Сұлтан мегаполистерінде миллион теңгеден асып жығылады.

Заманына қарай адамы. Қазір барлығы ақшаға келіп тіреледі. Яғни, ауадан бизнес жасау трендке айналды. Жұмысқа орналастыру, тендер ұтуға дәнекер болу, үйленетін жастарды табыстыру, жол ашу, дем салу – бәрі-бәрі бизнес. Білім ордалары да түбінде табысқа кенелуді ойлайды.  «Forbes Kazakhstan» ақпараттық порталы Қазақстандағы ең табысы көп мектептердің тізімін жариялады. Қазақстанда 271 жекеменшік мектеп бар. Алматыда олардың саны 70-ке, ал Нұр-Сұлтанда – 40-қа жуықтаған. Әрине, бұл мектептерде қарапайым жұмысшы мен ауылдағы шопанның баласы оқымайды. Бұл мектептерде негізінен билік пен бизнес өкілдерінің балалары оқиды.

Қымбат – хикметсіз болмайды, арзанның сорпасы татымайды. Сонымен Алматыдағы үздік жеке меншік мектептердің рейтингісі мынадай:

Haileybury Almaty

«Менің балаларым осындай тату ортада білім алып жатқанына қуаныштымын» ,- деген пікір сайтты ашып қалсаң көз алдыңа келетін Haileybury Almaty мектебі рейтингтің алғашқы тізімінде. Мұнда дайындық сыныбынан бастап 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Сондықтан оқу ақысы сыныптарға қарай бөлініп отырады. Мысалы, дайындық сыныбы жылына 5,6 млн теңге, 3–6 сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10–13 сыныптар үшін 12,6 млн теңге. Орта есеппен оқу ақысы айына бір бала үшін шамамен 1 млн теңге.

Еліміздегі Haileybury мектебі бейкоммерциялық болғандықтан түскен пайданы құрылтайшылар өзара бөліспейді. Мектеп шығындарынан қалған қаражат оны дамыту мен жетілдіруге жұмсалады, шығындардың басым бөлігі британ фунты мен долларға тәуелді. Сондықтан да оқу ақысы мұнда фунт стерлингпен беріледі.

Haileybury Almaty мектебі табиғи парк аумағында, Есентай өзенінің жағасында, Тянь-Шань тауларының етегінде, «Сұңқар» халықаралық шаңғы кешенінің жанында орналасқан.

Заманауи ғимараттар кешеніне келесі нысандар кіреді:

• 25 метрлік жабық бассейн
• барлық спорт жабдықтары бар спорт зал 
• акт залы мен би залы
• ФИФА стандарттарына сәйкес келетін футбол алаңы
• теннис корты
• дыбысты өткізбейтін музыка сабақ кабинеттер

Forbes Kazakhstan басылымының есептеуінше, мектептің жылдық кірісі – шамамен 5 млрд теңге. Оқушылар шет елдердің және Қазақстандағы үздік жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін «A levels» бағдарламасы бойынша дайындалады. Оқушылар саны – Алматыда 730. Оқу орнында біліктілігі жоғары шетелдік 60 педагог жұмыс істейді, негізінен Ұлыбритания азаматтары.

Халықаралық QSI мектебі

«Quality Schools International» ұйымы 1993 жылы ашылған. Орта Атлантикалық штаттар білім мекемелері Ассоциациясының аккредитациясы бойынша 1999 жылдан бері білім беріп келеді. Мектепте қазіргі таңда шетелдік және жергілікті 32 ұлт өкілі білім алады. 2020 жылы 43 оқушы мектеп түлегі болған. Мектепте балалардың оқу бағдарламасын жеңіл меңгеруіне және қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Мектепте шығармашылық және ғылыми үйірмелер бар. Мұнда Солтүстік Америка, Еуропа, Австралия, Жаңа Зеландия және әлемнің өзге де елдерінен келген мамандар жұмыс істейді.

Халықаралық QSI мектебінде оқудың орташа құны айына – 1,08 млн теңге. 450 бала біліммен сусындайтын мектептің негізін қалаушы – Словениядағы Quality Schools International ком­мерциялық емес жеке білім беру мекемесі. 2005 жылдың қыркүйе­гінде құрылған QSI халықаралық мектебінде оқу ағылшын тілінде өтеді. Он жыл бұрын бұл мектеп Middle State Association of Colleges and Schools қауымдастығының аккредитациясын алды. Оқу бағ­дарламасы америкалық AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген, бұл түлектердің АҚШ пен Канада университеттеріне тү­суіне мүмкіндік береді. Білім ордасында балалар оқудан бөлек түрлі дебат клубы, драма және ғылыми үйірмелерге қатыса алады.

Kazakhstan International School

Әу баста Монтессори балабақшасы ретінде құрылған мектептің құрылтайшысы/негізін қалаушы – Дэниэл Гунасилан, Gateway Ventures LTD компаниясы, Сингапур. Оқу тек ағылшын тілінде жүреді. Өзге де халықаралық мектептер секілді мұнда да халықаралық бакалавриат (IB) үш бағдарлама бойынша білім береді: PYP (мектепке дейінгі және бастауыш білім), MYP (негізгі орта білім), DP (диплом бағдарламасы). 2020–21 оқу жылы мектеп оқушылары Space Foundation (АҚШ) және ТМД елдері халықаралық бакалавриат мектептері ассоциациясы өткізген халықаралық сайыстардан жүлделі орындар алды. Мұғалімдер құрамында шетелдік және отандық мамандар бар.

Kazakhstan International School білім ордасында оқу ақысы орта есеппен айына 874 мың теңге. Оқушы саны да көп емес – 400.

High Tech Academy

Мектептің құрылтайшысы/негізін қалаушы – белгілі бизнесмен Еркін Тәтішев. 2017 жылы ашылған High Tech Academy жобалық білім беру және фин мектептерінің педагогикасы қағидаттарына негізделген. 2019 жылдың маусым айында High Tech Academy МТС (Mastery Transcript Consortium) мүшесі болды, 2020 жылы (CIS) Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан өтіп, жаңа ғимаратқа көшті. Оқу бағдарламасы ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде.

Алматыдағы айрықша жеке меншік мектептердің бірінде жылдық оқу ақысы 5,04 млн теңге, бір реттік жарна 150 000 теңге. Айына 560 мың теңгеден. Сондай-ақ, оқу материалдары үшін де 150 мың теңге көлемінде ақы алу қарастырылған.

Мирас

Халықаралық «Мирас» мектебі шетелдік және отандық оқушылар үшін екі түрлі оқу ақысын ұсынады. Мысалы, шетелдіктер үшін оқу ақысы 18 580 доллардан 27 730 доллар аралығында, оған 2150 доллар тұратын бір реттік жарнаны қосыңыз. «Мирас» мектебінде білім алу үшін шетелдіктер орта есеппен жылына 25 000 доллар немесе айына 1,16 млн теңгеден төлейді. Алматыдағы филиалындағы айлық оқу ақысы 550 мың теңге көлемінде. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Мирас» мектебіндегі баға Алматы мектебіне қарағанда арзандау. Айына орта есеппен 435 мың теңге көлемінде. Бұл мектепте де шетелдік азаматтар үшін АҚШ долларымен жеке тариф ұсынылады. Отандық және ТМД-дан келген оқушылар үшін тарифтер тілге қарай бөлінбейді, сыныптар бойынша ерекшеленеді.

Алматыдағы мектепте ағылшын тілінде оқитын бастауыш мектеп оқушысы жылына 4,356 млн теңге төлейді, ал қазақ және орыс тіліндерінде білім алу үшін 3,807 млн теңге. 4,054 млн теңге төлеп қазақстандық бағдарлама бойынша 11-сыныпты аяқтауға болады, болмаса 5,940 млн теңгемен IB халықаралық бағдарламасы бойынша диплом қорғауға болады. Бір реттік жарна 400 мың теңгені құрайды.

Мектептің негізін қалаушы/құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры. Білім ошағы Халықаралық бакалавриат (IB) бойынша тіркеуден өткен, Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясын иеленген, ECIS, UNESCO, IBSA ұйымдарының мүшесі. Түлектері Назарбаев Университетінің және өзге де шетелдік беделді оқу орындарының грантын иеленген.

Galaxy 

«Galaxy» мектебі 2016 жылдың желтоқсан айында Британдық халықаралық мектептер кеңесінің «COBIS» мүшесі атанды. 2015 жылдың 27 қазанында Кембридж халықаралық мектебі атағына ие болды (Cambridge Assessment International Education), яғни оқушыларға Кембридж халықаралық бағдарламалары мен емтихандарын ресми түрде ұсыну құқығына ие болды. Оқушылар «Cambridge Primary», «Cambridge Lower Secondary», «Cambridge Upper Secondary» (IGCSE) және «Cambridge Advanced» (AS/A Levels) сынды бағдарламалармен оқи алады. Galaxy мектебінде жеңілдіктер, шағын гранттар да ұсынылады. Ал мектеп түлектері – шетелдік беделді ЖОО студенттері.

Мұнда жылдық оқу ақысы барлық сыныптар үшін 3,5 млн теңге, айына орта есеппен 388 мың теңге көлемінде. Құрылтайшысы халықаралық BILIM ORDA қоғамдық қоры, мектеп 2014 жылы ашылған. Оқушы саны – 352.

TAMOS Education

1998 жылы Алматы қаласында құрылған бейкоммерциялық мектеп. Құрылтайшылары/негізін қалаушылар: Мұрат Омаров, Дәурен Қаупынбаев, Марғұлан Сейсембай, «Asadel Partners» ЖШС. Өткен жылы Кембридж халықаралық мектебі (CIS) мәртебесін алған. IELTS, Starters, Flyers, Movers, KET, PET, English Advanced сынды Кембридж емтихандарын тапсыру бойынша ресми орталық. Мектеп өзіндік оқыту бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Онда математика мен жаратылыстану ғылымдары ағылшын тілінде халықаралық бағдарлама бойынша оқытылады. Оқу Халықаралық Кембридж бағдарламасы бойынша өтеді. Білім ордасы жанынан 2016 жылы лингвистикалық мектеп ашылған. Онда балалар екі шет тілін оқиды – ағылшын тілі және 5-сыныптан бастап қытай тілі. Отызға жуық ұлт өкілі білім алатын білім ордасында ағылшын тілінен негізінен шетелдік мұғалімдер оқытады. Осы мақсатта елуге жуық шетелдік оқытушы шақырылған. Оқушы саны – 2700. Сабақтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүреді.

TAMOS Education физика-математика мектебі. Мектептің Алматы қаласында лингвистикалық, физика-математикалық деп бөлінетін филиалдары бар. Тиісінше, бағалары да әртүрлі. Мәселен, даярлық сыныбына беру үшін баға жылына 1 455 000 теңгеден басталады. Бірінші сыныптан бастап физика-математикалық бағыттағы мектепте оқыту үшін 2 млн теңгеге жуық қаражат төлеуіңіз керек, ал лингвистикалық бағыттағы мектеп құны одан жоғары, 2 205 000 — 2 295 000 аралығы. Ең қымбат баға Cambridge бөлімінде, мұнда 8 сыныпқа дейін оқыту үшін 3 960 000 теңге, ал жоғары сыныптар үшін 4 410 000 теңге төлеу керек. Жалпы мектептер жүйесіндегі орташа айлық баға 300–500 мың теңге аралығында.

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп

Құрылтайшысы/негізін қалаушы Кеңес Рақышев, Әсел Тасмағамбетова. Мектеп 2020 жылдың шілде айында ашылған. Мектеп Қазақстан тарихын зерделеуге баса мән береді. Ең жоғарғы деңгейде оқыту мен білім беру – мектептің педагогтар ұжымы қызметінің басты ұстанымы. Мұнда әр оқушының жеке дамуын қадағалауға мүмкіндік беретін, білім деңгейін бағалаудың объектив әрі айқын жүйесі енгізілген.

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп 800 орындық мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Оқу ақысы жылына 2,7 млн теңге немесе айына 300 мың теңге, мектеп жарнасы 300 мың теңге.

«Достар» халықаралық мектеп-лицейі

«Достар» Халықаралық мектеп-лицейі — 2000 жылдың мамыр айында құрылған Алматы қаласының ең заманауи мемлекеттік емес мектептерінің бірі. Мектеп түлектері Қазақстанның және әлемдік білім беру кеңістігінің ең беделді жоғары оқу орындарында: Гарвард, Кембридж, Оксфорд, Калифорния Университеттерінде, ММУ, Сорбонна және т.б. білім алуда. Еңбексүйгіштік, жауапкершілік, серіктестік пен парыз сезімі, үлкендер мен мұғалімдерге деген құрмет бірінші сыныптағы балаларға беріледі. Мектепте олар балалардың денсаулығына мән береді: педиатр мен диетолог медбике үнемі жұмыс істейді. Оқушылардың күніне үш рет тамақтануы олардың бақылауында болады, қажет болған жағдайда оқушылар диеталық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Жылдық табысы – шамамен 842 миллион теңге. Оқу үшін айлық төлемақы – 130  мың теңге. Оқушылар саны – 717.  Мектептің негізін салған – Юрий Цхай. 

Қалай десек те, қазір ата-ана­лардың басым бөлігі балаларын жекеменшік санаттағы мектеп­терде оқытқысы келеді. Бірақ қар­жы қолбайлау. Қазақ қоғамы бүгінде экономикалық табысы мен әлеу­меттік мәртебесіне қарай жіктеле бастағанын көріп жүрміз. Алғашқы сатыда зәулім үйлер мен қымбат көлік болса, екінші саты беделді оқу орны мен жекеменшік сектордағы мектептермен ерекшеленеді. Сол себепті жекеменшік мектептер ту­ралы сөз болғанда «ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей бе­реді» деген пікірдің бәсі басым б­о­лып келеді.

Сая Манарбековна

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

9 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago