Categories: Руханият

Барысқа қалмақ пен жоңғар табынған

«Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіздік алған қазақ еліне басшы боп келген Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» деген бағдарлама құрды. Одан кейін «Барыс боламыз» деген ұран тастады», – дейді тарихшы Жұмамұрат Шәмші.

Сол кездері ғой. «Барыс деген не, білесің бе?» – деп сұраған екен тарихшыдан бір күні Мұхтар Шаханов. «Жоқ» дейді бұл. «Әй, барыс деген мысықтың туған апасы ғой», деген екен Шаханов.

Негізі, қазақтың жырауларының, шешендерінің бәрі «түбім түрік, ұлтым қазақ, дінім ислам, кітабым Құран, Көк бөріден жаралғам», деп жырлаған. Иә, қазақ көк бөріге табынған еді.

Қазір Түркияның кез келген қаласына барсаңыз, басын аспанға қарата ұлып тұрған қасқырды, бөріні, көресіз. Әне, оларда сақталып қалған, ал бізде түбегейлі жойылған.

– Өйткені кеңес одағы орнаған кезде орыстар қасқыр бейнеленген нәрселердің бәрін өртеп жіберді. Құлдық сананың қамытын киген қазақ елі сондықтан барысқа табынуға көшті. Ал барысқа қалмақ пен жоңғар табынған! Соны меңзеген еді кезінде Назарбаев,

дейді Жұмамұрат Шәмші.

5 қаңтарда болған қантөгістің сұрақтары жауапсыз қалды. Есесіне, Құдайдың құтты күні саммит, форум өтеді, әйтеуір, бір-біріне сый сыйлап, марапаттап жатады.

Отыз жылдың аясында айта-айта аузымыз ауырды, жаза-жаза жалықтық, той тойлағаннан басқа еш іс білмейміз. Телеарналар әнші-күйші, биші-жыршыны насихаттайды. Ал ғылым саласының, саясаттың шынайы келбетін келтіретін адамдарды неге тартпасқа? Сондықтан біздің телеарналарға, басшыларға түбегейлі өзгеріс керек! Қазір қазақ халқының тағдыры қыл үстінде. Таңнан кешке дейін еш пайдасыз той тойлай бергенше, осыны неге ойламаймыз?!

Жастарымыз шетелде оқып, сол жақта қалғысы келеді. Өйткені Қазақстанда жастардың өсіп-өнуіне, өркендеуіне жол ашатын ешқандай тетіктер жұмыс істемейді. Сол Назарбаев билікке әкелген басшылар, мемлекеттік бірінші A корпусы, екінші B корпусы деп әлі отыр. «Жаңа Қазақстанға» әзірге, еш өзгеріс келген жоқ. Сол баяғы адамдар әлі отырса, қалған қазақ не істейді? Миым жетпейді. Отыра береміз бе, тойған қозыдай томпиып, аузын буған өгіздей, біздің депутаттар сияқты? Отыра бергенімізге отыз жылдан асып кетті ғой?! Ей, бірдеңе істейік те? 

20 қарашада президент сайлауы болады. Қаңтардағыдай, тағы бір сценарийді ойластырып жатпасын қаскүнемдер. Кезінде сайлауда Назарбаевпен тайталасқан адамдарды жұрт танитын еді. Жармахан Тұяқбайды таниды, Әлихан Бәйменов, Мэлс Елеусізов, Ғани Қасымовтарды танитын еді жұрт. Ал мына кісілеріңді ешкім танымайды ғой, көкем-ау!

Мен бір ұсыныс тастағым келеді. Менің өзім парламенттегі 110 депутаттың 15-20-сын ғана танимын. Парламентке депутат боп баратын адамның алдында бір баспалдақ болуы керек қой, бірінші?! Жас кезінде қалалардағы мәслихат депутаттары қылып тағайындау керек. 30 бен 40 жастың арасында. Солар сондай сүзгіден өтіп барып, халыққа сіңіп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адамдардың ғана парламентке барғаны абзал. Мен 2013 жылы мәслихат депутаты болғанмын. Қарасам, бір тиын бермейді. Сосын, мен куәлігімді тапсырып, кетіп қалғам. Бала-шағаны бағу керек қой. Бұл қулар мәслихат депутаттарына бір тиын да төлемейді екен. Ал парламент депутатына 2 миллион береді. Ол ақшаны сәл үнемдеп, мәслихат депутаттарына берсе, жастардың арасынан жақсы, білімді азаматтар шығар еді ғой.

Қазіргі жағдайымыз өте мүшкіл. Жұмыспен қамтамасыз ету тетіктері жұмыс істемейді. Жаңалықтарға қарасаң, жалақысын ала алмай, зар жылап жүрген қазақ кәдімгі. Басқа ұлт өкілдерінің біреуі жылап жүрген жоқ. Қазақтан басқаның бәрінің жағдайы сақадай сай. Жылап жүрген бүкіл қазақ. Не үй жоқ, не күй жоқ! Жұмыс жоқ, ақша жоқ. Қарап отырып, жүрегің ауырады. Қазақтың билікке деген өкпесі қара қазандай. Әрі қарай не болады? Біздің елге түбегейлі өзгеріс келмей, мына төбеде отырғандардың барлығын сыпырып тастау оңай болмас. Ал біз билік басынан басқа адамдарды көргіміз келеді. Біз, қарапайым халық әбден шаршап кеттік. Отыз жылдан асты, бірақ әлі баяғы сол бір адамдарды көріп келеміз. Өзгеріс керек қой, төрткүл дүние өзгеріп жатыр, әлем алай-дүлей. Ресей мен Украина қырғын боп жатыр, кешегі анау тәжік пен қырғыз, әзербайжан мен армяндар, Иранда дінге байланысты айқай-шу боп жатыр. Қажыған Иран халқы да билігінен құтылғысы келеді. Қытай Тайваньға шүйлігуде.

Әне, төрткүл дүниеде төңкеріс боп жатыр, ал біздің қазақ мұрнын сіңбіріп қойып, етін жеп, ештеңеден хабары жоқ, бейқам, самарқау, әйтеуір, «не болса, о болсын», «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» дегендей, отыр жайбарақат шәйін ішіп. Әй, көкем-ау, «егер де тыныштықты қаласаң, соғысқа дайындал», деп Наполеон Бонапарт айтқан!

Құрметті халқым, ес жияйық, күресейік, талпынайық, білуге ынталанайық,

дейді тарих ғылымының кандидаты Жұмамұрат Кеңесұлы.
Айдын Қайнарұлы

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago