Categories: Қоғам

Бесік тойдағы ас та, төк дүние: қазақтың салты мақтаныш құралы ма?

Бесік тойда сәбидің нағашыларының әкелген дүниесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

Нәрестенің нағашы жұрты жиеніне және құдағиларына алып келген сый-сияпатын тарқатып түсіндіріп жатқан бейнежазба Instagram-да Caspiantoday.kz парақшасында жарияланды.

Бесіктен бөлек нағашы жұрты пультпен жүретін машина, арба, ойыншықтар, велосипед, тамақ ішетін үстел, 3 жасқа дейін киетін көйлектерін, аяқ-киімдерін, тіпті бас киім, шұлығына дейін әкелген.

Мына жерде жаз, күз, қыс, көктем, яғни, барлық жыл мезгіліне арналған бас киімдері. Мұнда саны қанша екенін білмеймін, әйтеуір ала беріппіз. Жаңа туған кезінен бастап үш жасқа дейін киеді. Мынау шұлықтары. Ал мынау гигиеналық іш киімдері, лосины, колготкилері,

дейді сәбидің киімін таныстырып тұрған әйел.

Дегенмен, желі қолданушыларының дені тойда жасалған таныстыру сәтін сынап тастады. Көптің пікірінше, мұнша дүние әкелу шектен шыққандық, бала тез өсетіндіктен бұл киімдерді киіп те үлгермейді.

Біз бесік той тарихына тоқталып, сәбидің дүниесін әкелуге қатысты этнографтың пікірін білдік.

Бесік тойы негізінен тұңғыш балаға жасалады

Қазақ энциклопедиясы мәліметіне сүйенсек, бесік тойы – нәрестені алғаш бесікке бөлеуге байланысты жасалатын ғұрыптық салтанат. Баланың кіндігі түсіп, кіндік жарасы жазылысымен бесікке салады. Бесік тойы, негізінен, тұңғыш балаға жасалынады. Одан кейінгі балаларға «бесікке салу» кәдесі ғана атқарылады.

Бесіктің жасауын баланың нағашылары дайындайды және олар ана мен балаға киім-кешек әкеледі. Осы әкелінген дүние мен бесікті көрсету мақсатында ауылдың ұрпақ өсірген қадірменді әжелері, әйелдер шақырылады. Мал сойылады, бата беріледі.

Тойдың соңына қарай жасы үлкен әже бесіктің жабдығын даярлап, шашуға әкелінген тәттіні, күміс теңгені түбек салатын тесік астына қолын тосқан әйелдерге үлестіреді де, бесікті отпен аластап, бесікке ыстық көсеумен кертпе түсіріп (көз тимес үшін) баланы бөлейді. Сонан соң бесіктің үстіне жеті не тоғыз нәрсе жабады. Әрбір жабылатын нәрсенің өзіндік мәні бар. Мысалы: көк шапан жабу – бала ержеткенде халықшыл болсын, дастарқан жабу — бай болсын, т.б. ырымды білдірген. Баланы бесікке салған әйелге көйлек кигізіп, қалғандарына білезік, сақина үлестіреді.

Бесік әкелу арқылы қызының мерейін көтерген

Бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының яғни нағашы әжесінің парызы дейді қазақ дәстүрлерін насихаттаушы Зейнеп Ахметова.

Зейнеп Ахметова «Білім шапағаты» газетіне берген сұхбатында сәбидің нағашы әжесі бесік әкеліп қана қоймай, бар дүниесін әдемі етіп әкелетін болған. Алайда, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше, шама-шарқына қарай жасалып отырған.

Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды.

Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек,

дейді Зейнеп Ахметова.

Дегенмен, Зейнеп Ахметованың айтуынша, бұл салттың белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқарады. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен.

Бесік той — бәсеке емес

Этнограф Ғалия Қайдауылқызының пікірінше, бесік той — бәсеке емес, сүйіншіге сүйініп, шашуға шаттанып, шүкіршілікпен бас қосуға себеп болатын жиын.

Дәл осындай көрімдік, байғазы беретін жақындары болмаған жандардың көңілі жасып қалатынын да қаперде ұстаған абзал. «Оң қолыңның бергенін сол қолың байқамасын» — дейтін есті ескерту де осындайда ойға оралады.

Бесіктен белі шықпаған нәрестенің бесік тойы бәсеке емес, сүйіншіге сүйініп, шашуға шаттанып шүкіршілікпен бас қосу. Жақын жандардың ақ ниетпен жиналып, баталы сөз, өнегелі өсиетпен өтетін қағидасы қалыптан шықпаған дәуірге сай дәстүрі,

дейді этнограф Ғалия Қайдауылқызы.
Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

9 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago