Categories: Маңызды

Бір ғасырға жуық тарих куәсі болған II Елизавета қандай өмір сүрді?

2022 жылғы 8 қыркүйекте Ұлыбритания патшайымы II Елизавета қайтыс болды. Ол 96 жыл өмір сүрді, 70 жыл билік етті.

Патшайым «Англия атасынан» қорықпайтын аз адамның бірі болды

II Елизавета 1926 жылғы 21 сәуірде дүниеге келген. Букингем сарайында шоқындыру рәсімінен өткенде оған Елизабет Александра Мэри (анасының, арғы әжесі мен әжесінің құрметіне) деген ат берілді. Ол — VI Джордж патшаның үлкен қызы, Виндзор әулетінің басқарушысы.

Ханшайым ата-әжесінің сүйікті немересі болды. V Джордж атасынан отбасының көп мүшесі қорқатын еді, ал II Елизавета атасына «Англия ата» деп еркелейтін әрі одан қорықпайтын да. Ханшайымды отбасы мүшелері «Лилибет» деп атаған. Өйткені патшайым өз есімін бала күнінде айтуға тілі келмейтін.

Патшайым анасы Елизавета, әкесі VI Джорджбен бірге

II Елизавета үйінде екі ағайынды, Маргарет деген сіңлісі бар. Маргарет 71 жасында қайтыс болған, бұл жас салыстырмалы түрда ұзақ өмір сүретін патша отбасы үшін жас кету болып саналады.

Елизавета II мен Маргарет анасы Елизаветамен бірге. Фото: Central Press / Hulton Archive / Getty Images

Апалы-сіңлілерідің мінезі екі түрлі еді. Маргарет мақсатына берік, айла-шарғыны білетін болып өсті. Өзінің бар қатесі үшін қиялындағы немере ағасы Галифаксты кінәлайтын да жүретін. Ал әпкесі аса ұқыпты, ереже-заңға мойынсұнатын әрі ықтият болды. Барлық жылқысының ер-тоқымын шешіп, жем-шөбін бермейінше ұйқыға жатпайтын.

Патшайым әскери қызметте

II дүниежүзілік соғыс уағында Елизавета II мен сіңлісі Маргарет Виндзор сарайында болды. Патшайым үйім деп осы сарайды айтатын және демалысының көбін осы қамалда өткізетін. Ал соғыс соңына қарай әскери дайындықтан өтіп, патша отбасындағы әскери қызметте болған жалғыз әйел атанды.

Елизавета II таққа қалай келді?

Патша V Джордж қайтыс болған соң оның үлкен ұлы VIII Эдуард елді 325 күн ғана басқарды. Сосын тақтан бас тартты. АҚШ азаматы Уоллис Симпсонға (ол екі рет ажырасқан еді) үйлену үшін биліктен кетті. Солайша, Елизаветаның әкесі VI Джордж тақ иесі боп шыға келді. Ал II Елизавета тақтың бірінші кезектегі мұрагері болды.

Елизавета II таққа отыру салтанаты

Әкесі VI Джордж қайтыс болғаннан кейін таққа II Елизавета отырды. Жасы 26-да еді. Жас патшайымның тәж кию рәсімі 1953 жылғы 2 маусымда Вестминстер аббаттығының көне соборында өтті. Бұл салтанатты британдық ұлттық теледидар көрсетті, бұл жаңа монархтың танымалдығының өсуіне ықпал етті.

II Елизавета Ұлыбританияның ғана емес, тағы 14 елдің патшайымы еді. Ол елдер «Достастық патшалығына» біріккен, құрамында Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Багам аралдары және Ямайка сияқты мемлекеттер бар. Бұл елдердің бәрінде жалпы 150 миллион адам тұрады.

Іс жүзінде патшайым бұл елдерді басқара алмайды, тек салтанатты шараларда басты роль атқарады. Дегенмен өкілеттігі мен міндеттері де көп. Британ монархиясының мәліметінше, патшайымның ролі салтанатты жағдайларда ғана анықталмайды, ол «ресми міндеттер мен конституциялық өкілеттіктердің кең ауқымын қамтиды». Соның ішінде кейбір өкілеттікті әулеттің басқа мүшесінің немесе агенттік келісімінсіз жүзеге асыра алады. Патшайымның қандай өкілеттіктері бар екенін мына жерден оқуға болады.

Патшайым алыс туысына тұрмысқа шықты

Елизавета ханшайым мен Филипп ханзада танысқанда ханшайым 13 жаста, ал ханзада 17 жаста еді. Екеуінің арғы аталары бір — Виктория патшайым мен Альберт ханзада (ал олар немере ағайын еді). Ханшайымның өмірінде басқа да ер адамдар болғанымен, ол Филипп ханзададан басқа ешкімді сүймеді.

Елизавета ханшайым Филипп ханзада оқитын Дартмут корольдік теңіз колледжіне отбасымен бірге барады. Сол жерде Филипп қызға ынтасы артып тұрмаса да, офицер әрі джентльмен ретінде оған ұнау үшін барын салады: теннис торынан ары-бері секіреді, күлкілі де қызық емес анекдоттар айтып әуре болады. Ханшайым ханзадаға осы кезден бастап ғашық болған еді.

Фото: AP

Екеуі 1947 жылы 20 қарашада үйленді. Елизавета 21 жаста, Филипп 26 жаста болды. Олардың отбасы уақыт сынына төтеп бере алды, 2007 жылы II Елизавета Филипп ханзадамен отандасқанына 60 жыл болған бриллиант тойын атап өтті. Олар — патша отбасында ұзақ жыл отасқан алғашқы ерлі-зайыпты.

Коллаж: LifeStyle 24

Филипп ханзада 2021 жылғы 3 сәуірде 99 жасында Виндзор сарайында қайтыс болды. Сол жылдың басында ханзаданың жүрегіне операция жасалып, ауруханада 28 күн жатқан еді.

Елизавета II патшайым күйеуі Филипп ханзаданың жаназасында
Фото: REUTERS

II Елизаевта балалары

Патшайымның бір қызы, үш ұлы бар. Өзі қайтыс болған соң таққа бұрынғы Уэльс ханзадасы Чарльз отырып, енді Ұлыбританияның патшасы атанды.

Фото: Instagram/Charlesprinceofwales

Толық аты-жөні — Чарльз Филипп Артур Джордж. Патшайымның үлкені. Қазір жасы 73-те. Диана ханшайымның күйеуі болған. Ал 2005 жылы Корнуолл герцогинясы Камиллаға үйленді.

Фото: GLOBAL LOOK PRESS

Толық аты-жөні — Анна Елизавета Алиса Луиза. Оны жұрт патша әулетіндегі ең сұлу ханшайым деп айтады. Көпшілік оны болашақта модель немесе актер карьерасы күтіп тұр деп ойлап еді. Бірақ ағылшын патшайымының жалғыз қызы театр деңгейіне түссін бе? Анна сән журналдарынан алған шақырудың бәрінен бас тартып, қайырымдылықпен айналысты. Жасы 72-де.

Фото ©REUTERS

Елизаветаның үшінші баласы — Эндрю ханзада. Таққа үміткерлер кезегінде сегізінші боп тұр. Негізі Эндрю ханзаданың Йорск герцогы деген титулы бар еді. Бірақ ханзада кәмелет жасқа толмаған жасөспірімді зорлады деген күдікке ілініп, анасы Елизаевата оны бұл атағынан да, «Ұлы мәртебелім» атағынан да айырып тастады.

Фото: Marieclaire.ru

Патшайымның кенжесі — Уессекс графы, Эдуард ханзада. 1986 жылы Кембридж университетін бітірген соң Корольдік теңіз жаяу әскеріне қосылмақшы болған. Дегенмен жүрегі өнерді қалайтынын түсініп, әскери өмірден бас тартқан. Қазір телевизияға арналған бағдарламалар жасаумен айналысады, тіпті Ardent Productions деген жеке продюсерлік компаниясы болған.

Патшайым өмірінде бір де бір рет сұқбат берген емес

Дэвид Старки деген тарихшы патшайымға «үндемейтін Елизавета» деген ат қойған. Өйткені патшайым бір де бір рет прессаға сұқбат берген емес. Ол өзінің саяси көзқарастарын қоғамнан жасырады деп жиі айтылады.

Фото. ПУЛ / GETTY IMAGES

Dailymail.com «елдің патшайымды тартымды санауы жанын жұртқа жайып салмайтынынан шығар, тіпті қазіргі атақты адамдарды мойындау дәуірінде ол жұмбақ күйінде қала берді» деп жазады.

Оның үстіне, II Елизавета саяси пікіртіласты да жақтырмайды. Бұл — патша әулеті ұстануға тиіс этикет ережелерінің бірі.

Патшайымға бірқатар заң жүрмеді

Фото. Карл Де Соуза/Стрингер/Getty Images

II Елизавета 100-ден аса елге барғанда бір де бір рет паспорт бақылауынан өткен емес. Оған паспорт көрсету міндетті емес. Өйткені Ұлыбританияда паспорт өзінің атынан беріледі. Осы себепті де патшайым көлікті жүргізуші куәлігінсіз айдайтын.

Патшайым салықтан босатылған, сөйтсе де өле-өлгенше табысы бойынша салықты өз еркімен төлеп тұрды.

Айта кетейік, II Елизавета қоштасу рәсімі 10 күнге созылады. Таққа патшайымның бірінші ұлы Чарльз отырды. Ол III Чарльз деген есім алды.

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

6 часов ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

6 часов ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

7 часов ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

2 дня ago

Алматыдағы мәйітхана күзетшісінің сұмдық тірлігі

Ол қайтыс болған адаммен жыныстық қатынас жасады деген күдікке ілінді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған…

3 дня ago

Автобус жүргізушісін ұрғаны 3 адамның өліміне әкелген жігіт сотталды

Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының…

6 дней ago