Биыл бір фильмге қазақша дубляж жасалмады

Біздің елде киносүйер қауым шетелдің үздік картиналарын орыс тілінде көріп жүр. Бұл бұрыннан қалыптасқан әдет. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, шетел фильмдерін қазақ тіліне аударып, дубляждау мәселесі ақсап тұр. Бәрі елге Ресей арқылы орыс тілінде келеді, деп жазады «Жас Алаш».

Екінші себеп, халық шетел өнімін орыс тілі арқылы тұтынуға үйреніп қалған. Аз болса да қазақша дубляждалған фильмдерді «аударма сапасыз», «түсініксіз» деген сылтаумен көрмейді. Тіпті көбі қазақшаға аударылған киноға барып көрмей жатып, осындай тұжырым жасайды. Мұны қалыптасып қалған стереотип деуге болады. Оны ешкім өзгерткісі келмейді. 

Өзге тілдегі фильмді қазақшаға дубляждау КСРО кезінен бері бар. Кеңес дәуірінде қазақ дубляжы үлкен жетістікке жеткен. Оның дамуына театр және кино өнерінің майталмандары үлкен үлес қосты. Тәуелсіздік алған соң дубляж өнері тоқырып, тіпті тоқтап қалды десек те болады. Бірақ кейінгі жылдары бұл сала қайта жанданып келеді. Бірқатар шетелдік фильм мен анимациялық туынды дубляждалып, жұртшылыққа жол тартты.

«Қазақфильм» және өзге де компаниялар мен студиялар осы салада еңбек етіп жатыр. Бірақ қазақша дубляждалған фильмдер саны өте аз. Жылына 3-4 кино ғана қазақша сөйлейді екен. Қазақ халқының саны 70 %-дан асқан мемлекет үшін бұл өте аз көрсеткіш. Тіпті ұят! 

Халық мемлекетке қарайды, мемлекет жеке кәсіпкерлерге сілтейді. Ал пайда табуды көздеген кәсіпкер қазақша фильмге сұраныс жоқ екенін айып, ауызын қу шөппен сүртеді. Бір жылда мемлекет болып, кәсіпкерлер болып жабылып жүріп аударған жаңағы 3-4 фильмді кинотеатрлар экранға шығарғысы келмейді. Шығарса да, тиімсіз уақытқа бір-екі сеанс қойып қояды. Айтар уәжі дайын – «ешкім көрмейді»!

Бірақ кәсіпкерлер шулайтындай қазақ өз тілінен жеріп тұрған жоқ. Мысалы, былтыр шыққан «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша нұсқасы 71 млн теңге табыс тауыпты. Бұл голливуд фильмдеріне дубляж жасап жүрген 12 жылдағы ең үздік көрсеткіш екен.

Демек қазақша киноға қызғушылық бар деген сөз. Сол үшін мемлекет қолдау көрсетіп, кинотеатрлардың қазақша фильмді көбірек көрсетуіне, прайм таймға қоюына түрткі болғаны жөн. Қашанғы кәсіпкелердің ығына жығылып, ұлттық мүддені елеусіз қалдыра береміз?!

Бұрындары саны аз болса да, дау-дамайдан арылмаса да қазақша дубляж бар еді. Кинотеатрдан шетелдік және отандық фильмдерді қазақ тілінде көріп жүретінбіз. Мәдениет және спорт министрі қызметіне Асхат Оралов келгелі сол аз фильмге де зар болып қалдық. Министрлікті Оралов биыл жыл басынан бері басқарып келеді. Жарты жылда елде бірде-бір фильмге дубляж жасалмапты. Мұны қалай түсінуге болады? Жаңа министр қазақ халқы көретін 3-4 фильмді көп көргені ме?

Бұл сұраққа Ораловтың жауабы дайын екен. Ол бір жылда 3 емес, 15 фильм шығаруға дайындалып жатқанын айтыпты.

«Мәдениет және спорт министрлігінің 7 жылдық даму жоспарын бекіттік. Былтыр 3-4 фильмнің дубляжы жасалған болатын. Бірақ біз тұжырымдамаға басқа көрсеткіш енгіздік. Енді жыл сайын дубляжданатын фильмдердің саны үш есеге артады. Яғни жыл сайын 15 фильм ұсынамыз.

Біз жан-жақты зерттеп тұжырымдама әзірледік. Тұжырымдама бекітілді. Жылына 3-5 киноға дубляж жасау жеткіліксіз, кемі 15 кино болу керек деп жоспарлап отырмыз. Өйткені қазақша фильмге сұраныс бар», – дейді министр.

Алайда алты айда бір фильм аудармаған адам, келер жылдан бастап жыл сайын 15 картинаны қазақша сөйлететі дегенге сену қиын сияқты. 

2022 жылы «Қазақфильмге» қарасты Дубляж және субтитр бөлімінің басшысы Аида Елгезекова «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында бір фильмнің дуб­ляжына қанша қаржы кететінін айтқан. Маманның сөзінше отандық фильмге 10 млн, ал шетелдік фильмге шамамен 30 млн теңге жұмсалады. 

Енді қарапайым есеп жасап көрейік. Бір шетелдік фильмге дубляж жасауға 30 млн теңге кетсе, мұндай фильм кинотеатрда 70 млн теңгеден аса (жоғарыда айтқан «Аватар: Су жолы») табыс табады. Ендеше кәсіпкерлер мен министрлік неге «қазақша кино шығынды ақтамайды» деп шулап жүр? Шығынды ақтаумен қатар, екі есе пайда әкеліп отырған жоқ па?!

Демек мемлекет қазақша дубляж жасау тиімсіз деп қол қусырып қарап отырмай, жұмысты жеделдеткені жөн сияқты. Тіпті тиімсіз болған күннің өзінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін шетел фильмдерін қазақшалауға қолдау көрсету қажет. Ал Асхат Оралов мырза «келер жылы 15 фильмді бірақ аударамыз» деп арқаны кеңге салмай, биыл істеуге тиісті жұмысты биыл қолға алса дейміз… 

Арман Ерғалиев

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

9 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago