Қоғам

Экс-министр Қуандық Бишімбаевты қайын жұрты кешірмейді

Тергеуге күмәнді Салтанат Нүкенованың туыстары Астанаға аттанды.

Қара жамылған отбасы істің тым бұрмаланып жатқанына ашулы. Айтуларынша, күдіктіні ақтап алу мақсатында ақпараттық шабуыл да үдей түскен. Іс қозғалғалы, тергеушілер де жиі ауысып, бұрынғысы жаңасының телефон нөмірін бермей сандалтып қойыпты. Қанды қылмыстың әділетті қаралатынына күмәнданып отырған марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары бүгін Астанаға аттанды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың денесі жер қойнына тапсырылғанына екі күннің жүзі болса да, туыстарының қолына әлі сот-медициналық сараптама тимеген. Марқұмның жақындары «қолы ұзын» экс-министр Қуандық Бишімбаев өзін сот алдында арашалап алуға қазірден барын салып жатыр деп қауіптенеді.

Іс басталмай жатып, үш тергеушінің ауысуы, желіде түрлі блогерлердің Бишімбаевты ақтап жазған жазбалары да күдікті қоюлата түскен. Таңдаулы 4 адвокаттың күдіктіні қорғауы да жантүршігерлік қылмыстың ақыры немен аяқталатынынын меңзеп тұрғандай дейді марқұм келіншектің ағасы, Павлодар қаласының экс-әкімі Қайрат Нүкенов. Ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол қызғалдақтай құлпырып көз алдында өскен қарындасының азапталып өлгеніне аһ ұрады.

Бишімбаев біз үшін айуан, қанішер. Біз оны ешқашан кешірмейміз. Қарындасымызды әбден мазақ еткені жанымызға батып жатыр. Мәйітті жууға кірген әйелдердің өңі бозарып кетті. Олар мұндай жарақаттарды бұрын-соңды көрмегенін айтты. Денесі тұтас көгеріп кеткен. Қазір кешірім берсек, басқа адамдардың өмірін ойран етеді, мына түрімен. Ұлын қорғаштау мақсатында Бишімбаевтар әулеті қолдан келгеннің бәрін жасайтыны анық.

Қайрат Нүкенов, марқұмның ағасы.

Бір жыл бұрын ғана «күйем-сүйем» деп өлердегі сөзін айтып алған некелі жарын көк ала қойдай сабап жүргенінен жақын құрбылары да хабардар екен. Бір емес, бірнеше рет Салтанаттың қол-аяғынан көгерген іздерді көздері шалған. Үнемі жайдары мінезді марқұм келіншек жуан жұдырықты күйеуінің теперішіне көніп келіпті. Құрбыларына «мәселені өз арамызда шешеміз» деп Бишімбаевты жамандыққа қимаған.

Қаланың полиция департаменті әзірге экс-министрдің екі айға қамауға алынғанын растады. Сондай-ақ тергеуде тағы бір қылмыстық іс жеке дара тіркеліп отыр. Оның шеңберінде қылмыс болған «Бау» мейрамханасы орналасқан «Гастро-орталық» директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мейрамхана басшысы қылмысты жасырып, дер кезінде полицияға хабарламағаны үшін айыпталып жатыр.

Полиция департаменті әйелін өлтіру фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Осы қылмысты жасады деген күдікті қамауға алынды. ҚР ҚК 434-бабы қылмыс туралы хабарламау, 119-бабының үшінші бөлігі, қауіп-қатердіе қалдыру бойынша қылмыстық істер тіркелді,

Марат Төлебаев, Астана ПД бастығы.

Бишімбаев жауапкершіліктен жалтарып кете ме деген қорқыныш марқұмның әулетінен бөлек, әлеуметтік желіде де көрініс табуда. Бет-әлпетін қан-жоса етіп бояған қыз-келіншектер, «зорлық-қомбылыққа жол жоқ» деген ұранмен челендж де бастаған. Депутаттар да, қылмыскердің айыбы дәлелденсе, оны жазалауда заң солқылдақ болмауы керек деп отыр.

Бұл есіргеннің белгісі ғой. Қоғам солай тәрбиеледі. Қаншама заңсыздық болды. Қаншама адамды босатып жатыр , мысалы. Дәл сіз атаған адамға да солай. Алдында бір қамады, босатты. Нәтижесі не болды? Сондықтан бізде, өкінішке қарай, заңнын дұрыс істемеуі, сондай-ақ, қоғамның бір табына заңнан бір жеңілдік тауып бергеніннің әсері кері,

Ринат Зайытов, Мәжіліс депутаты.

Тергеудің әділ өтетініне күмәнмен қарайтын Салтанат Нүкенованың туыстары бүгін бір қауым ел болып Павлодардан Елордаға қарай бет алды. Олар қалалық полиция департаментінің басшысымен жолығып сөйлеспекші. «Жауабына қанағаттанбасақ, Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне де бас сұғамыз» деп отыр.

Сая Манарбековна

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

9 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago