Фото: ашық дереккөзден
18 сәуірде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні атап өтіледі.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Оны 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Кеңес ассамблеясы арнайы бекіткен болатын.
Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Әлемнің 122 еліндегі 800-ге жуық тарихимәдени құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.
Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылғы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы», 1979 жылғы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылғы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» Конвенцияларды атауға болады.
Жалпы еліміз бойынша 25 000-нан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші бар.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Ол – еліміздегі ең танымал тарихи орындардың бірі және Орталық Азия аумағындағы орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті туындысы. Әмір Темірдің басшылығымен XIV ғасырда салынған кесене халқымыз үшін киелі орын саналады.
Ясауи кесенесінің маңына 24 хан, сұлтан мен 57 батырдың, 18 бидің сүйегі жерленген. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің биіктігі 39 метр. Ғимарат бір бірімен түрлі дәліздер арқылы жалғасып жатқан 35 бөлмеден тұрады. Орталық бөлмеде көне жәдігер — Тайқазан орналасқан.
Таңбалы кешені. Көне дәуірден сыр шертетін Таңбалы тастар еліміздің аса маңызды тарихи мұраларының бірі. Ол – Орта Азиядағы жартастағы өнердің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген тұңғыш ескерткіш.
Таңбалы кешеніндегі петроглифтердің төрт мың жылдық тарихы бар. Ал суреттердің жалпы саны 5000-ға жуықтайды. Жартастағы суреттер ертедегі адамдардың қоршаған әлемді қабылдауын көрсетеді, дүниетанымын танытады. Петроглифтер белгілі жүйемен және философиялық, танымдық бірізділікке негізделген.
Ақыртас сарай кешені. Қойнауы құпияға толы Ақыртас сарай кешені VIII-XII ғасырларда салынған. Қабырғаларына қаланған тас блоктардың әрқайсысының салмағы бір тоннаға жуық. Кейбір қашалған тастардың салмағы 10 тоннадан асады.
Ғалымдар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ақыртас кешенін араб деректерінде кезігетін, Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы деп болжайды. Аумағы 2,5 жарым гектар жерді алып жатқан бұл нысанның 70-ке жуық бөлмесі, 15 колонна галереясы, кіреберіс қақпалары, ортада жарты гектар ашық алаңы болған.
«Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі. Жетісудың жауһары, сәулет өнерінің тағы бір керемет туындысы — «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі. Шегесіз салынған бұл мешіт 1887-1892 жылдар аралығында бой көтерген.
Құрылыс жұмыстары Бейжіңнен шақырылған қытай маманы, инженер – Хон Пиктің басшылығымен жүргізілген. Кешеннің жалпы жобасына бас қақпа, кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіштен қаланған дуал қоршау енеді.
Айша Бибі кесенесі. Кесене ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ойып жасалған өрнектердің көркемдігі мен сан түрлілігі жағынан басқа мемориалдық-дәстүрлі ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ.
Кесене туристтерді тек ерекше сәулетімен ғана емес, сонымен қатар Айша бибі мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат хикаясымен де қызықтырады.
25 000-нан аса тарихи-мәдени мұраның ішінде 10 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде, 12 463 ескерткіш республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие. Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта тағы 6 тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне қосуды жоспарлап отыр.
2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…
Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…
23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…
Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…