«Көпен кетіп барады шын күлдіріп қазақты, шын жылатып…»: қазақ қауымы сатирикпен қоштасып жатыр

Танымал сатирик Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Серік Сейітман жеткізді.

«Көңілдеріңізге көп рақмет. Көпен ағам бізді тастап кетті…», — деп жазды ақын Facebook- парақшасында.

Суық хабар тарағаннан кейін Көпен ағамен істес болған әріптестері, туындыларын сүйіп оқыған оқырмандары, шығармашылығын құрмет тұтатын жандар естеліктерімен бөлісіп, жоқтау жазбаларын арнап жатыр.

«Қарымды қаламгер Көпен Әмірбек ағамыз өмірден өтіпті… Ардақты ағамыздың иманы жолдас болсын!

Ағалы-інілі араласып едік. Таяуда ғана туған бауыры Ерсұлтаннан жағдайын сұрап едік. Айығып кетер деген үміт басым еді, тағдырға шара жоқ…

Қазақ журналистикасы мен сатирасына үлкен еңбек сіңірген, сахнада да өзіне тән әзіл-сықағымен көрерменін баурап алған көрнекті қаламгердің әлі де берері мол еді.

«АраШмель» және «Ара.кз»журналы, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінде өнімді еңбек етті. Ұлттық арнада, «Хабарда», «Тамаша» ойын-сауық отауында оның қаламынан шыққан туындылар жоғары бағаланатын. Қоғамдағы олқылықтар мен орынсыз істер, Абай айтқандай ызаланып күлуге тиіс жағымсыз жайттар Көпен ағаның назар-нысанасынан тыс қалған жоқ.

Шығармашылық адамының шын бақыты – өндіре жазу, оқырманын ояту, сезіміне әсер ету болса, Көпен Әмірбек бұл тұрғыда өлмес туындылары мен кейіпкерлерін қалдырып кетті.

Бақұл болыңыз, сатира саңлағы…»,

деп жазды Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

«Белгілі сатирик, “Парасат” орденінің иегері Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбектің мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты отбасына қайғырып көңіл айтамыз.

Бүгін Көпен ағамыз арамыздан мәңгілік сапарға кетіп қалды. Ағалығын үнемі көрсетіп, інілеріне мейірімін шашып жүретін қайран аға, бақұл болыңыз… Қимаймыз, амал жоқ, адамның ойлағаны емес, Алланың дегені болады екен…

Әйтпесе, өзіме Көпен көкем қасымызда қалжыңдап қойып, ұзааақ жүре беретін сияқты болып көрінетін. Әттен, білмеппін сол кезде соңғы кездесуіміз екенін… біраз тағы әңгіме шертер ма едік, басқаша қоштасар ма едік… Қалай болсада, ағамыздың қазасы қабырғамызды қайыстырды. Бірақ Көпен көкеміздің абыройлы еңбегі, шығармашылығы кейінгі ұрпаққа, жастарға өнеге болып қалады деп сенемін.

Жаныңыз жәннаттан болсын Көпен көке…

Суретте көкем: “Мұхтархан самаурын, мен шәйнек, сен екеуің (Біржан, Қайрат) кесесіңер” деп әбден күлдіріп еді…» — деп естелігімен бөлісті Сидней олимпиадасының жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков.

«Қайран Көпен ағам-ай!

Арқа тұтып, ақыл-кеңесіне құлақ түріп жүрген, асқар таудай ағам едің, сізде жалғанның жарымен қоштасып, дәм-тұзыңыз таусылыпты. Айтыстағы қағып айтқан әзілдеріме ризашылығын білдіріп, «сен Хәйләйлімнен жаңылма, осы мақам сені желпіндіріп отырады», деп саханадағы аяқ алысыма сан мәрте баға беріп, шақыраққа салған алмастай жігер беруші едің, жан аға!

2020 жылы 60-қа толғанымда, толағай той жасамақ болып, айтысты Көпен ағам жүргізетін болып келістік. Ана тіліне газетіне мен туралы көлдей мақала жазды. Іргеден келген «Тәжтажал» індет өршіп, ел қынадай қырылып, жоспарлаған мерейтой өтпей қалды. «Жақсылықтың ерте кеші жоқ» деп биылғы жылдың желтоқсан айында, халық алдында есеп беріп, «айтыс» өткізіп, оның тізгінін Көпен Әмірбек ағам ұстайды деп, бағдарлама жасап, айтыскер ақындармен қатар Көпен ағаның суретін жарнамалап қойып ем. Амал қанша, Алла Тағала ол күнге Көпен көкемді жеткізбеді.

Ауруханада жатқанда көппен бірге тілеу тілеп, сауығып кетсе деп едім. Менен гөрі Аллаға керек болыпсыз, ардақты аға! Жаныңыз жәннәтта болсын! Амал дәптеріңіз оңжақтан болып, біліп-білмей істеген күнәларыңыз болса, Алла кешіріп, рақымына бөлесін! Қабірің құранның нұрымен нұрлансын жана аға! Жасамаған жасыңызды бала-шағаңызға берсін Алла! Сіз менің жұдырықтай жүрегімде дәм-тұзым таусылғанша сақталасыз асқар тауым, ардақты аға!, — деп жазба арнады айтыскер-ақын Айтақын Бұлғақов.

«Көпен Әмірбек ағамыз дүниеден өтіпті. «Ара» «Айқынмен» қатар шыққан соң редакцияда екі жарым жылдай қызметтес болдық. Жиі әңгімелесетін едік. Өткенде ғана телефонмен сөйлестік.

Айтары көп, қазақтың талай марғасқаларының көзін көрген, әріптес болған, естелігі мол тұлға еді ғой. Орысша «человек-эпоха» дейтін адам еді. Себебі ағамыздың әңгімесінде 1970-80жж қазақтың прозасы, зиялы қауымның сыйластығы, қазақтың ішкі мәселесі, әзіл жанрының дамуы — бәрі де тұнып тұратын.

Ағамыз әдемі қартайды. Құрметтеп, аймақтарға түрлі шараларға жиі шақыратын. Кейде ауырыңқырап тұрса да, досымның естелігі деп жұрттың көңілін қимай алысқа кете беретін.

Ағамыздың иманы жолдас болсын, жаны жанатта шалқысын», — деп жазды журналист Нұрмұхамед Байғараев.

Ал ақын Қалқаман Сарин жазушыға арнап жоқтау өлең арнады:

«Көпен кетіп барады, Көпен кетіп,

Торжорғасын топ жарған тепеңдетіп.

Жылағанды жан еді жақтырмайтын,

Қош!… де оған, еңсеңді көтер де тік!..

Қалды артында арманы, абзал жұрты,

Абзал жұртын арбаған арзан күлкі.

Арзан күлкі көншітпес көңіліңді

Құлазыған үй құсап тозған мүлкі.

Көпен қайтып барады, Көпен қайтып,

Бәрі-бәрі, бәрі де бекер-ді айтып…

Күлкісінен айрылып қалған елдің,

Жұбатамын жүрегін, көкем, қайтіп?..

Қалды артында қалжыңы,

Қалды әзілі,

Дәмді әзілі тиетін жанға жылы.

Бақи бағын мәңгілік мекендесін

Сатираның — сардары, сарбаз ұлы!..

Махаббатпен мың сүйсе бірді ұнатып,

Бақыт,

Бақыт…

Бұл, бірақ, мұңды Бақыт!

Көпен кетіп барады, Көпен кетіп,

Шын күлдіріп қазақты шын жылатып!..»

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Студенттердің тамақтануы: фастфуд басым болып келе ме?

«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ және Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) Алматының студент жастарының салауатты өмір салтына…

41 минута ago

Ақтауда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болды

Оқиға 11-шағын ауданда орналасқан №10 мектепте жексенбі күні болған, деп хабарлады sadaqmedia.kz. Білім беру ұйымының…

7 часов ago

Бектенов Ақмола облысында Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын…

8 часов ago

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары парамен ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс аудандарының бірінің әкім орынбасары мен…

8 часов ago

Халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыруға бөлінген ақша ұрланды

Павлодар облысының прокуратурасы «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру аясында (азаматтарды оңтүстік аймақтардан…

1 день ago

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады

Президентке Мәдениет және ақпарат министрлігінің атқарған жұмыстарының нәтижесі, сондай-ақ ведомствоның алдағы қызметі барысында қолданылатын перспективті…

2 дня ago