Көпшілікке тіл тигізіп, артынан кешірім сұрау әдетке айналып бара ма?

Өткен аптада жұртты елең еткізген жағдайлардың бірі орын алды. Сахна үстінде стендап-әзілкештің әйел затына тіл тигізіп қана қоймай, жеңіл жүрістілікке теңейтінін ашық айтып, жұртшылықтың наразылығына қалған болатын. Желі қолданушылары бұл жігітті жазасыз қалмауын талап етіп жатты. Рас, артынша Алматы қалалық Полиция департаменті істі жеке бақылауына алып, тиісті құқықтық баға берілетінін хабарлаған болатын. Жұртты күлдіремін деп сахна әдебін бүлдіріп алған әзілкешсымақтың көпшілік алдында кешірім сұраған видеосы тарап, көп ұзамай 10 күнге қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Рас, тәртіп сақшыларының жедел әрекет еткені қуантарлық жайт. Дегенмен бізде әйел затының ар-ұятына нұқсан келтіріп, дөрекі сөйлеу, жұртшылық алдындағы этиканы сақтамау небәрі 10 күндік жазаға ғана лайық па? Неліктен мұндайда жазаны күшейтпеске? Тіл менікі деп жалпақ жұртқа тіл тигізу қаншалықты орынды? Әлде артынан кешірім сұрап құтыламын деп қулыққа басу әдетке айналып бара ма? Azattyq Ruhy осы мәселенің ақ-қарасын ашып жазыпты.

Әзілкешке қолданылған жаза

Бұл мәселені қозғамас па едік. Алайда соңғы уақыттары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Жазаның жеңілдігі ме, әлде еркіндік деп қабылдай ма?… Ал бұл тұрғыда заң не дейді? Біз осы орайда жоғарыда айтылған жайтқа дәл келетін Қылмыстық кодекстің 131-бабына тоқталып отырмыз.

Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.

Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады,

делінген аталмыш бапта.

Әзілкешсымақтың бұл ісін Қылмыстық кодекстің бұрынғы – жала жабу бабына да келтіруге болатын еді. Алайда бұл заң 2020 жылы Әкімшілік кодекске ауыстырылған болатын. Ол заң қолданылғанда сахна әдебін бүлдірген стендапер басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер айтқаны, сол сияқты әлеуметтік желідегі жазбасында немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жала жапқаны үшін 2000 АЕК көлемінде, яғни 6 млн 126 мың теңге көлемінде айыппұл салынар еді. Немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылар еді.

Ал полиция ҚР ӘҚбК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Міне мұндай жаза түрі жеңілдеген соң жұртты күлдіремін деп ерсі әрекетке баратындар қатары артты. Әзілім өтсе танымалдығым артады, жұрттың назына қалсам кешірім сұрап құтыламын деген әрекетке кейде әдейі баратындай көрінеді. Тіпті әрбір даулы видеолардың астында «Енді әдеттегідей кешірім сұрағанын күтеміз, ағайын» деген сынды қағытпа пікірлерді де жиі байқауға болады. Бұл пікір осы ойымызды дәлелдей түседі.

Мәселен өткен айда белгілі кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты айтқан жағымсыз пікірі қазақстандықтардың наразылығын тудырған болатын. Рас, артынша оның өнімдерін тұтынудан талай адам бас тартып, қосымшаларына ең төменгі балл қоюы себепті кәсібіне біраз шығын келгені анық. Ол да әдеттегідей кешірім сұрап құтылғандай.

Қайырлы күн, достар. Кеше видеоның бір бөлігін көрдіңіздер. Бәрінен кешірім сұрағым келеді. Біреуді ренжіту туралы ойлаған емеспін. Айтқандарыңыз жөн, қазір сіздерді мұқият тыңдаймын. Біріншіден, видеода ренжіткендердің барлығынан кешірім сұраймын,

деп қазақ тілінде кешірім сұраған еді.

Ол өз сөзінде компаниясына тиесілі өнімдерде қазақ тілінде де қызмет көрсетілетінін мәлім етті.

Мен бұл видеоны көріп шықтым, рас кей сөздерім дөрекі айтылыпты. Мен Қазақстан азаматымын, Алматыда туып, осында өстім. Осы жерде өз компаниямды аштым. Ал қызметкерлеріміздің 99 пайызы осы елдің азаматы, біз мұнда салық төлейміз. Мен қазақ тілін дамытудың маңызын өте жақсы түсінемін. Сол себепті компания ішінде барлық өнімге қазақ тілінде қолдау көрсетіледі. Ал кейбір өтінімдер қазақ тіліне аударылған, кейбірі аударылып жатыр, мен бұл жұмысты жақын арада аяқтаймыз деп үміттенемін. Өз басым тілді аздап түсінемін, бірақ ойдағыдай сөйлей алмаймын. Бұдан былай үйренүге тырысамын. Тағы да кешірім сұраймын,

деді Мухоряпов.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы – Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру туралы іс қозғалғаны хабарланған. Ал оған қандай жаза қолданылатыны туралы соңғы шешім әлі жарияланған жоқ.

«Жағын сындыратын жігіт екен…»

Бұл Азаматтық кодексте көрсетілген. Егер әлеуметтік желіге жариялаған ақпаратқа кері ақпарат, яғни айтқан сөзіне немесе істеген ісіне өкінгенін жарияламаса немесе сол ойын дұрыс түсіндіріп бермесе азаматтық тәртіппен сотқа беріледі. Ал сотта кері ақпарат беруді міндеттейді. Ал оны тыңдамаса оған қомақты көлемде айыппұл салынады. Сол себепті сотқа жеткізбей, кешірім сұрап жатады. Әсіресе әртіссымақтарды мысалға алуға болады. Кезінде лоторея ойнатып, халықтың миллиондаған ақшасын заңсыз иемденіп алған соң Ернар Айдар секілділер мен де алдандым деп кешірім сұрап шықты. Осы мәселені көтерген соң Парламентте заң қабылданды. Қазір жарнама жасаса да жауапкершілік қарастырылады,

деді заңгер Тілеужан Кішкенебаев.

Ол сөзін жалғай отырып, кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың мәселесіне де қатысты пікір білдіріп өтті. Айтуынша әдетте қылмыстық іс қозғалғаннан кейін екі ай ішінде тағайындалған жаза хабарлануы тиіс. Ал іс сол қалпында жазасыз қалса халық көтерілуі мүмкін.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских Алматыдағы әзілкештің ісін қатаң сынға алып, 10 күн қамауға алынғаны тым жеңіл жаза екенін айтты.

Соңғы уақытта осылай шу шығарып, артынан «Құрметті Қазақ елі, осы ісім үшін кешіріңіздер» дей саламын, содан кейін мені халық кешіре салады деп ойлайтындар көбейді. Осы тұрғыда заңнаманы күшейтуіміз қажет деп ойлаймын. Қолымен жасағанды мойнымен көтеруі керек. Тіпті тізерлеп тұрып, кешірім сұрағаннан кейін де тағайындалған жазаның кем дегенде жартысын қолдануы тиіс деп ойлаймын. Аздаған уақытта батыр, қаһарман боламын деп ойлап, адам ойламайтын ерсі әрекеттерге барып жатады. Оны сауда ойын-сауық орталықтарын жиі байқаймын.

Алматыдағы әзілкештің ісіне тоқталар болсам, оған өте жеңіл жаза берілді деп ойлаймын. Адам ауызы бармайтын сөздер айтқаны үшін 10 күн тым аз. Кем дегенде 3 ай жаза берілгені жөн. Бірақ 3 ай тек қамап қана қоймай, мәжбүрлі түрде көше сыпыру, жиектастарды бояу секілді қоғамдық жұмыстарға жегілуі тиіс. Осы тұрғыда қалалық әкімдіктерге жүгінсе неше түрлі қоғамдық жұмыс табуға болады. Бұл басқаларға сабақ болуы қажет. Ал тек қамап қойса оған тамақ беру керек, ол бюджетке қосымша шығын, оған салық төлеушілердің ақшасы кетеді. Осы ойым үшін оқырмандар мені тым радикалды деп ойлап қалмасын. Бірақ әр нәрсенің өз жазасы болуы қажет. Оның сөздерін естігенде жұдырығымды түйіп, жағын сындыратын жігіт екен деп ойлап отырдым. Стендап деген адамды күлдірудің бір түрі екенін білемін. Дегенмен әзілдеймін деп адамның жеке басына, ата-анасына, бауырларына тіл тигізуге болмайды. Айтылған сөз – атылған оқпен тең. Заң алдында бәріміз теңбіз,

деді депутат Геннадий Шиповских.

Депутаттар сахна әдебіне қатысты сауал жолдады

Жуырда осы мәселеге қатысты «AMANAT» фракциясының мүшелері бар Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты бүгінге дейін болған бірқатар келеңсіз оқиғаларды мысал ете отырып, ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа және ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа арнайы депутаттық сауал жолдаған болатын.

Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал, боқтық сөз насихатқа айналды. Хит TV телеарнасындағы «Qaz Stand Up» хабары – сөзіміздің дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контексті боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап келеді. Кинодағы мұндай көріністер барлық әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр.

Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын көрдік. Мұндай веб сериалдардың бірі енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Бұған дәлел – дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіліп жатқан «Пацанские истории» фильмі. Әрине, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бұл әрекеттер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға,мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанын түсініп отырмыз ба?

деп дабыл қақты мәжілісмендер.

Айта кетейік, ҚР кинематография туралы Заңының 8-бабының 3-тармағында «ҚР аумағында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22:00-ден кейін таңғы сағат 06-ға дейін прокаттауға жол беріледі» деп нақты көрсетілген болатын. Депутаттардың айтуынша бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18:00-ден бастап көрсетіліп жүр.

Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе-көрінеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда, мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокаттауға рұқсат беретін Мәдениет министрлігі бұған не дейді?

Ал жалпы белең алып бара жатқан мұндай арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы бейнеконтенттер, фильмдер, сериалдар өз алдына, енді бейәдеп сахналар, сайқымазаққа айналған халықтық шығармалар театрларда көрсетіле бастады. Оның бір мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрда сахналанған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» шығармасы. Көрдік. Қатты сасқанбыз, бетті басқанбыз. Қоғамның сұранысы деген желеумен ұлттық шығармаларды да былғай бастадық.

Мұндай әрекеттер қоғамға, өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен санасына тіпті әрірек айтсақ, мемлекеттігіміздің тұтастығы мен ұлттық ұстынымызға кереғар екенін қоғам жанашырлары шырылдап айтып та жүр. Рухани ұстанымызды қайтсек түгендейміз деп жүргенде, ұрпақты дүбара қылатын мұндай насихат жаудан да қауіпті болып тұр», — деп халық қалаулылары алаңдаушылығын білдірді.

Дамитын елде мәдениет қоғамдағы былықтың айнасы емес, ұлт руханиятына қызмет ететін құндылық болуға тиіс екенін айта келе жоғарыдағыларды ескере отырып, мынандай ұсыныстарын жолдады:

Аталған киноның кинотеатрларда көрсетілу барысында заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелер Прокуратура тарапынан тексеріліп, тез арада жауапқа тартылуы тиіс.

Бұдан былай мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін кино саласы жіті қадағалауға алынуы қажет. Тиісті министрлік прокат куәлігін берерде қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан прокатқа шығатын фильмдерге талапты күшейтуі тиіс.

«Әлеуметтік желідегі жарияланымдарда, театрда және басқа да қоғамдық орындарда көпшілік қауымға арналған қойылымдарда сахна әдебі сақталуы тиіс.

Біз Кинемотография және Мәдениет туралы заңды зерттеп, ұлттық құндылықтар мен идеологиялық мәселелер тұрғысынан күшейтуді қарастырамыз және бұл талаптар БАҚ туралы заңда да ескертілетін болады.

Қорыта келе айтар болсақ, айтылған сөз – атылған оқпен тең. Ойланбай айтылған сөз екінші біреудің көңіліне қаяу түсіруі мүмкін. Ал оның соңы міндетті түрде заң аясында жаза арқалаумен аяқталары сөзсіз. Кешірім сұрап құтыламын деген ойдан да арылу керек…

Сая Манарбековна

Recent Posts

Студенттердің тамақтануы: фастфуд басым болып келе ме?

«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ және Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) Алматының студент жастарының салауатты өмір салтына…

16 часов ago

Ақтауда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болды

Оқиға 11-шағын ауданда орналасқан №10 мектепте жексенбі күні болған, деп хабарлады sadaqmedia.kz. Білім беру ұйымының…

23 часа ago

Бектенов Ақмола облысында Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын…

23 часа ago

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары парамен ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс аудандарының бірінің әкім орынбасары мен…

23 часа ago

Халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыруға бөлінген ақша ұрланды

Павлодар облысының прокуратурасы «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру аясында (азаматтарды оңтүстік аймақтардан…

2 дня ago

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады

Президентке Мәдениет және ақпарат министрлігінің атқарған жұмыстарының нәтижесі, сондай-ақ ведомствоның алдағы қызметі барысында қолданылатын перспективті…

3 дня ago