Categories: Оқиға

«Көз алдымда жас қыз-жігіттердің денесі тізіліп жатты» — Сеулдегі Хэллоуинде болған қазақстандық

Оңтүстік Кореяда тұратын қазақстандық Ғайни Әлжанова 29 қазанда Хэллоуин мерекесі қарсаңында Итэвондағы қайғылы оқиғаның куәгері болған. Ол Globalnews.kz тілшісіне өз көзімен көрген жантүршігершік жағдайды айтып берді.

Қазақстандық Ғайни Әлжанова отбасымен бірге Кореяның Хвасон қаласында тұрады. 29 қазанда жолдасы екеуі жұмыс бабымен Кореядағы қызық өмір туралы контент түсіруге әрі мерекені тойлауға Сеулдегі атақты Итэвон көшесіне барған. Ғайнидің айтуынша, бастапқыда бәрі ойдағыдай болған.

Итэвон — жастар, туристер, шетелдік студенттер арасында танымал көше, себебі мұнда көптеген ресторан, бар, клубтар, қонақүй орналасқан. Оның үстіне бұл жерде жиі түрлі шоу, концерт, шара өтеді. Хэллоуин мерекесі қарсаңында да адамдар түрлі костюм киіп, мерекелік атмосфера жасады. Соны блогыма түсіріп алғым келді. Онда баруымдағы негізгі мақсатым сол еді,

— дейді ол.

Ғайнидің айтуынша, уақыт өткен сайын атақты көшеге жиналғандар көбейе бастаған. Бастапқыда олар да басқалар сияқты сыртта жүрген. Алайда жолдасы екеуі дер кезінде сол маңдағы ғимараттың біріне кіріп үлгерген.

Бір кезде адам көбейіп, сығылысып жатқанымызды байқадым. Өзімді жайсыз сезіндім де жолдасымды дәл жанымызда тұрған барға кіруге көндірдім. Бір жағынан бардың ішін көргім де келді. Біз барға кіргеннен кейін 15-20 минуттан соң жағдай ушықты. Адамдар одан бетер сығылыса бастады. Біз кірген ғимарат дәл сол көшеге қарсы орналасқан. Балконнан бәрі анық көрініп тұрды. Видеоға түсіріп тұрдым,

дейді Ғайни.

Алайда Ғайни мен жолдасы полицейлер мен құтқарушылар келгенде ғана жағдайдың одан әрі ушыққанын түсінген.

Бір кезде полицейлер талып жатқан, тапталып қалған адамдарды сүйреп шығарып жатты. Дәл сол жерде көмек берді. Бір уақытта көз алдымда жап-жас қыз-жігіттердің денелері жерде тізіліп жатты. Соның бәрін өз көзімізбен көріп тұрдық. Қатты шошып кеттік. Кейін ес жиып, сыртқа шығып, алғашқы көмек бергім келді, себебі полицейлер, дәрігерлер үлгермей жатты. Бірақ біз отырған барды жауып тастады. Ешкімді сыртқа шығармады, жағдайдың орныққанын күтті,

дейді қазақстандық азамат.

Ресми деректерге сүйенсек, Итэвондағы адамдардың сығылысуының себебі әзірге белгісіз. Алайда Ғайни сол көшеде орналасқан бір қонақүйге «атақты әртіс келді» деген ақпарат тарағанын айтады.

Нақтысын білмеймін, бірақ бір әртістің келгені жайлы айтылып жүр. Мүмкін бәрі соны көруге асыққан болар,

дейді ол.

Ғайни полицейлер мерекелік кеш басталмай және жастар жиналмай тұрып, қадағалауды бастағанда мұндай жағдай болмас па еді дейді.

Алғашқыда бақылап, қадағалап жүретін полицейлер мүлдем болмады. Мұндай көп адам жиналған жерде олар міндетті түрде қадағалап жүруі керек деп ойлаймын. Қате осы жерден кеткен шығар. Алайда мерекені тойлауға келген жастарды, жалпы мерекенің өзін қаралай алмаймын. Олардың еш кінәсі жоқ. Сығылысқан адамдардың алды артында не болып жатқанын, арттағылар алдағы жағдайды білмеді. Сол себепті басқалардан да оларды ғайбаттамауын сұраймын,

дейді ол.

Бірнеше сағаттан соң Ғайни, жолдасы және ғимараттағы басқа адамдардың сыртқа шығуға мүмкіндігі болған. Алайда ол үйге қайтудың өзі қиын әрі қорқынышты болғанын айтады.

Негізгі үлкен көшенің барлығын жауып тастаған. Автобус та, такси де жоқ. Тар, тар көшелер арқылы жол тауып шығуға тырыстық. Бір көшемен келе жатсақ, жабық болып шығады. Қайта басқа жол іздедік. Біз сияқтылар да көп болды. «Қайтадан адам көбейіп, сығылысу басталып кете ме» деп қатты қорықтық. Оның үстіне Сеул таулы жерде орналасқан. Жоғарыдан төмен, төменнен жоғары қарай жүру қиынға соқты. Әзер дегенде аман-сау үйімізге жеттік,

дейді Ғайни Әлжанова.

Еске салайық, 29 қазанда Сеулдің Итэвон көшесінде Хэллоуин мерекесі қарсаңында адамдар сығылысып, бірін-бірі таптап, салдарынан 200-ден астам жарақат алды, 154-тен астам адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың ішінде бір Қазақстан азаматы бар. Ол — Кореяда магистратурада оқып жүрген 26 жастағы Мәдина Шерниязова. Жақында Мәдинаның денесі елге жеткізіледі.

Наргиза Аршидин

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

2 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

3 дня ago