Күзде неге уайым күшейеді? Мамандар түсіндірді

Күз келе сала кей адамды мұң басуы мүмкін. Жабырқап, бойды әлдебір қоңыр сағыныш кернейді. Іс қылуға құлық азаяды. Бұл күйді «күзгі хандра» дейді. Мамандар күзгі хандраға берілмес үшін не істеу керек екенін айтты.

Күзгі хандраның себебі не?

Эндокринолог Мадина Сүлейменова күн суытқанда организмдегі мелатонин гормоны көбейетінін айтады. Бұл — организм температурасына жауапты гормон.

Мелатонин мөлшері күн сәулесі жетіспегенде артады. Ол кезде дене қызуы төмендейді, адам ұйқышыл болып кетеді. Мелатонин көбейгенде серотонин гормоны азая бастайды. Бұл — адамның көңіл-күйіне әсер ететін гормон. Ұйқының қануы, құлшыныспен тірлік ету серотонин гормонына тәуелді. Оны «бақыт гормоны» деп те атайды,

дейді Мадина Сүлейменова.

Эндокринолог дофамин гормоны туралы да айтты. Бұл гормон адамның бірнәрсені зер салып істеуіне жауап береді. Күзде дофаминнің де мөлшері азаяды. Осы гормондардың азайып-көбеюі адамды күзгі хандраға ұшыратуы мүмкін.

Психолог Гүлден Саматқызы күзгі хандра себебі табиғатта болып жатқан өзгерістерге байланысты дейді. Күн қысқарып, түн ұзаруы, жарық мөлшерінің азаюы адамға кері әсер етуі мүмкін. Жазғы демалыс бітіп, жұмыс кестесіне ауысу да — уайымға салынуға себеп.

Күзгі мұңның негізгі белгілеріне көңіл-күйдің өзгеруі, адам өзін ылғи шаршап жүргендей сезінуі, қатты мазасыздана беруі жатады. Ұйқы қанбай, кейде мөлшерден көп ас ішуі мүмкін. Әлеуметтен оқшауланып, жеке қалғысы келуге ұмтыла бастайды. Меланхолия, апатия, жұмыс тиімділігінің төмендеуі де бойды күзгі мұң басқанын білдіреді,

дейді маман.

Психологтың айтуынша, күзгі хандра ауру емес. Бұл — организмнің күн сәулесінің жетіспеуі мен биоритм өзгерісіне реакциясы.

Күзгі хандраға көбіне кімдер бейім болады?

Күзгі хандраны көбіне созылмалы соматикалық аурумен ауыратын, стреске жиі ұшырайтын, меланхолия типті адамдар басынан өткізеді. Дереу алдын алып, көмек берілмесе, соңы депрессияға ұласуы мүмкін,

дейді Гүлден Саматқызы.

Оның айтуынша, хандра қырқүйек айында басталып қазанның аяғына дейін созылуы мүмкін.

Психолог, Ақтөбе психоанализ қауымдастығының басшысы Гүлзат Қанат «күзгі хандра», «көктемгі асқыну» деген ұғымдардың бар екенін растайды.

Күзгі хандраның немесе депрессияның пайда болуына тұқым қуалаушылық, өткен өмірдегі «травмалар», психиканың әлсіздігі әсер етуі мүмкін. Әйелдерде кездесетін қалқанша безі жұмысының бұзылуы, гормоналды өзгерістер, асқазан, ішек жолдары ауруларының да ықпалы жоқ емес. Осылардың қандай да бір соматикалық не психикалық белгілері болса, маманға барған дұрыс,

дейді Гүлзат Қанат.

Өйткені маусымдық немесе бір сәттік деп санаған депрессияның астарында осы кезге дейін қордаланып қалған жан жарасы жатуы мүмкін.

Дер кезінде маманға хабарласпай, бірнеше жылдық депрессиямен жүрген адамдар болады. Олар тірлік етуге зауқы жоқ екенін, өзіне кері әсер ететін ойлар болғанын айтады. Не болса да, психолог кабинетіне бара алған адам өзіне көмектесуге қауқары жететін, қандай да бір үміті бар адам деген сөз,

дейді маман.

Гүлзат Қанат күзгі хандраның пайдасы болуы мүмкін екенін де айтты.

Күзгі хандра адам өзінің ментал саулығына қарауға сеп болатын шығар. Не дегенмен, табиғатта болатын өзгерістер әсер етпей қоймайды. Тек қай деңгейде әсер ететіні әр адамның психика саулығына, қалыптасқан негізіне байланысты,

деп түсіндірді психолог.

Бұл күймен қалай күресеміз?

Эндокринолог Мадина Сүлейменованың айтуынша, күзгі хандрамен күресудің ең тиімді әдісі — дене қозғалысы. Маман күніне, жоқ дегенде, 7000-10 000 қадам жүруге кеңес береді.

Спортпен шұғылдану керек, таза ауада көп жүру қажет. Депрессияға түспеудің ең тиімді тәсілі — жақсы ұйқы. 22:00-ден 5:00-6:00-ге дейін ұйықтауды «сапалы ұйқы» деп айтамыз. Осы уақытта физиологиялық май ыдырайды, жүйке жүйесі қалпына келеді. Организм өз-өзін тазалауының 60%-і ұйқы кезінде болады,

дейді маман.

Эндокринолог күзгі хандрамен күресу үшін тамақ құрамы да маңызды екенін айтады. Әсіресе, ақуызға толы өнім жеуге тырысқан жөн. Бұл уақытта адам организміне жалпы жетіспейтін витаминдер ішкені дұрыс. Мұндай витаминдер қатарына көбіне темір, D витамині, Омега — 3, мырыш, селен, йод жатады.

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

2 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

3 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

4 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

4 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

4 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

6 дней ago