Categories: Қоғам

Кінәлілер жазаланбаса бір күн емес, бір жыл аза тұтсаң да түк өзгермейді

Күні кеше Абай облысындағы орман өртінде 14 орманшы түгі қалмай жанып кетті, кейін тағы бір тракторшының денесі табылды. Олардың құны “Құрмет” ордены мен 7 миллион теңге болды. Өртпен министрдің де, әкімдіктің те шаруасы болған жоқ. Екі ортада қарапайым халыққа обал болды. Президент дереу өрт ошағына келіп, өз көзімен көрді. Ашуланды да, қамықты да. Бірақ, бәрі де кеш болды. Жемқорлықтан көздерін шел басқан биліктегілердің немқұрайлы әрекеті өлімге, үлкен қазаға алып келді.

Абай облысындағы өрт осымен елдегі 12-ші Жалпыұлттық аза тұту күні болып тарихқа жазылды.

Азаматыңнан айырылғанда туыңды түсіріп, жоқтаған дұрыс қой. Бірақ жүйе өзгермесе, кінәлілер жазаланбаса бір күн емес, бір жыл аза тұтсаң да түк өзгермейді. Бір оқиға болса түгіленбайыншы баппен тергеп-тексеру басталды дейді. Сосын, оның арты ”айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылдымен” аяқталады. Аза тұтудың өзі жоқтаудың имитациясы, фикция болып кетті,

дейді Есдәулет Қызырбекұлы.

Қаралы күндердің тарихы:

20 қыркүйек. Шахтадағы жарылыс

Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні алғаш рет 2006 жылы жарияланды. Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші көз жұмған болатын. Жарылыс дүмпуі 4,5 шақырымға дейін естілген еді. Оқиғадан кейін алты жұмысшы сотталды.

14-16 қаңтар. Шахтадағы екінші ірі жарылыс

2 жыл өткен соң 2008 жылдың 11 қаңтарында Абай қаласындағы шахтада апат қайталанып, 30 адам қаза тапты.

Метан жарылысы 400 метр тереңдікте болды. Осы уақытта шахтада 191 адам болған. Жарылыстан кейін Лавада өрт шықты. 161 шахтер жер бетіне шығарылды, оның ішінде 14 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

16 наурыз. Қызылағаш апаты

2010 жылдың 11 наурызында Қызылағаш бөгеті жарылып, ауылды толығымен су шайып кетті. Салдарынан 45 адам көз жұмды. Оның ішінде 11-і – бала.

5 маусым. Арқанкерген қырғыны

28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Оқиғаға жалғыз тірі қалған сарбаз – Владислав Челах кінәлі деп танылды. Қайғылы оқиғадан кейін 2012 жылдың 5 маусымында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

27 желтоқсан. Шымкентте ұшақтың құлауы

2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент маңында ҰҚК шекара қызметінің ұшағы құлап, бортта болған 27 адам көз жұмған еді. Қаза болғандардың ішінде ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков болды. Әуе апатына Шымкент әуежайының диспетчері кінәлі деп танылды. Ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

31 қаңтар. SCAT компаниясының ұшағы апатқа ұшырады

2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы жанындағы Қызылту ауылы маңында Көкшетау-Алматы бағытындағы жолаушылар ұшағы құлап, бортта болған 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы мерт болды. Апатқа ұшқыштардың қателігі себеп деп аталды.

9 маусым. Ақтөбедегі терракт

5 маусымда теріс діни ағымды ұстанатын бір топ адам қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Атыс кезінде 21 адам ажал құшты. Оның 13-і радикалды топ өкілдері болса, 8-і бейбіт тұрғын, қалған 3-еуі әскери еді.

28 желтоқсан. BekAir ұшағының апатқа ұшырауы

2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы 7:22 шамасында Bek Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Алматы әуежайы маңында биіктікке көтеріле алмай, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты үйге соғылды. Салдарынан бортта болған 12 адам көз жұмды.

13 шілде. Коронавирус пандемиясы

Әлемдік коронавирус пандемиясына байланысты 13 шілдеде елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Астана уақыты бойынша 12:00-де коронавирустан көз жұмған азаматтарды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды.

29 тамыз. Жамбылдағы жарылыс

2021 жылғы 28 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасында өрт пен жарылыс болды. 28349 әскери бөлімдегі оқ-дәрілер қоймасындағы өрт 26 тамызда басталды. Өрт және соның салдарынан туындаған жарылыстар кесірінен 17 адам қаза тауып, 98 адам жараланды. Оқиғаға байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 31 тамызда өз еркімен отставкаға кетті.

10 қаңтар. Қаңтар оқиғасы

2022 жылдың 5 қаңтарында елде басталған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ресми ақпаратқа сәйкес 238 адам көз жұмды.

Сая Манарбековна

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago