«Әлі ештеңе өзгерген жоқ». Екібастұздықтар тоғызыншы күн жылусыз отырғандарын жазып жатыр

Екібастұз ЖЭО-да апат болып, қала тұрғындары жылусыз отырғандарына бүгін сегізінші күн. Өткен апта бойы шенеуніктер мен БАҚ жағдай тұрақталып жатқанын айтып, жазумен болды. Алайда әлеуметтік желілерде тұрғындардың жан-айқайы толастар емес. Бірі мұз басқан құбырларды жылытып жанталасып жүрсе, бірінің құбырлары жарылып, үйін су басты, бірінің жылу батареяларында мұз қатып жатыр. Қалаға білікті мамандар, қосымша күш керек.

Бригада керек

Қоғам белсендісі Жанаргүл Кадырованың айтуынша, оның Екібастұз қаласы, Сәтбаев, 8 тұрғын үйінде тұратын құрбысы әлі де мүшкіл халде. Құрбысы журналистер мен блогерлерді шақыруды талап етіпті.

«Мен Сәтбаев, 8, корпус 6, 5-кіреберіс, 85-пәтерде тұрамын. Бүгін біз жылусыз, сусыз, кәрізсіз өмір сүріп жатқанымызға тоғызыншы күн. Ара-тұра жарық өшіп қалады. Менің пәтерімде төртінші күн нөлдік температура. Үйде болу мүмкін емес, ешқандай жылытқыштар құтқармайды. Тұрмыстық техника жарамсыз болып қалды. Бәрін мұз басып қалды. Біздің үйде қалыпты жұмыс жүргізілмейді. Екі күн бұрын батареялар кесілді. Біз мұзды пәтерде екі күн босқа отырдық. Осы уақыт ішінде батареялар тек үш пәтерде бір көтергішке орнатылды. Сонымен болды… Бригадалар емес, тәжірибесі жоқ, құралдары мен материалдары жоқ адамдар жасап жүр. Кеше біз өзіміз кран сатып алдық, бұл 40 мың теңге, біз әлі де жұмысшыларды күтеміз. Бізге мамандар қажет! Бізге нақты көмек керек. Мен ауырып қалдым. Физикалық та, моральдық та күшім жоқ. Сіздер түсініңіздер, Сәтбаев 8 бұл бір үй емес! Бұл 6 көпқабатты тұрғын үй кешені. Бізде 6 корпус бар. Жүздеген адам қиын жағдайда отыр. Кімнен көмек сұраймыз? Біздің үйге, ғимаратқа, кіреберіске кім жауапты?», — деп жазған Людмила есімді тұрғын.

Блогер Оңғар Қабден Екібастұздан арнайы репортаж жолдап, мұны растап отыр.

“Бүгін Екібастұздағы апатты жағдайға тура 7 күн толып отыр. Қазір бүкіл қала қарбалас. Қаладағы жағдайға келетін болсақ, ресми мәлімет 11 үйге жылу берілмеген дейді. Бүгін кешке дейін береміз дейді. Бірақ бүкіл қалада жылу бар деп айта алмаймыз. Өйткені, батареялар қатып қалмасын деп қанжылым ғана жылу жіберіп отыр.

Біз қазір Екібастұз қаласы Сәтпаев көшесі 8 үйдің алдында тұрмыз. Бұл қаладағы мәселесі өзекті үйлердің бірі. Үйде жылу жоқ, кейбір үйлерде жарық жоқ.

Тұрғындар жылыну үшін далаға шығып жүр. “Далаға шығып, жылынып аламыз” деп өздері қалжындап қояды. Екібастұзда аяз күшейіп келеді. Тез арада мәселені шешпесе, аяз жығылған үстіне жұдырық болады.

Ал адами факторға келсек, облыс, қалалардан сварщик, слесарь келіп жатыр. Алда жылу берілуі мүмкін. Алайда құбырлардың суыққа төзімді, қаншалықты мәселе болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды”, — деді ол.

Олигархтар өтеуі екіталай

Журналист Ернар Сеитахметтің жазуынша, Павлодар өңірінде білікті кадрлар тапшы, көбі соңғы жылдары ірі қалаларға көшіп кеткен немесе шетел асып кеткен. Олар кеткісі келмесе де, жағдай соған итермелегеніне сенімді.

«Клебановтың артында облыс әкімінен мықтырақ күштер тұрды. Және сол сияқтылар бізде аз емес. Кейде олигархтың бір қоңырауынан кейін жоғары лауазымды шенеуніктер, орташа басшылар креслосынан, жұмысынан, тіпті бас бостандығынан да айырылатын. Бозымбаев қана осы кландардан биік бола алған шығар.

Екібастұздағы жағдай бізге сипаттағаннан да әлдеқайда қиын. Бұл түсінікті де, Ақорда кабинеттерінде артық дау ешкімге қажет емес. Алайда Екібастұз тұрғындарына бұдан оңай емес. Олар тезірек жылуға қосылуды армандайды.

Штаб басшылары не ойлап жүр екен — түрмеге отырмауды ма, әлде бәрін ретке келтіруді ме? Олар өз қателіктерін түсіне ме? Түсінетін де шығар, бірақ енді ештеңе істей алмайтындарын біледі.

Өз қалтаңнан төлеу — ұятты, 30 жылда бәрін мемлекет өтеп келген, ал ТЖ бізде тіпті көбірек ақша табу мүмкіндігі», — деп ойымен бөлісті ол.

Бәрі президенттің қолында

Журналист Руслан Идрисовтың пікірінше, қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары ғана жағдайды түпкілікті шешпек.

«Оқ-дәрі атылып, жарылыс болғанда ол Арысқа барды. Ормандар жанып жатқанда Қостанай облысында болды. Неге қазір ол екібастұздықтармен емес? Олар жалғыз емес екендерін сезінуі керек. Шымкенттіктердің, маңғыстаулықтардың, талдықорғандықтардың, семейліктердің, қызылордалықтардың, қарағандылық пен атыраулықтардың, жалпы қазақстандықтардың жылуын сезінуі маңызды!

Оларға қосымша күш – әскер, сарбаздар керек. Ақша керек – ірі қорлар, ұлттық қор. Жыл соңы ғой, өңір бюджеттерінен ақша табылмай ма? Біз Екібастұз айналасында жинақталуымыз керек»

Ал блогер Бейбіт Бүженов Екібастұзда жұмыс жасалмай жатқан жоқ деген әңгіме өтірік екенін айтады. Жергілікті және басқа облыстардан келген мамандар күні-түні қақаған аязда еңбектенуде.

«Тегін тамақ ұйымдастырылған. Жылытқыштар таратылуда, басқа аймақтардан көмек келіп жатыр. Оны бағалау керек. Әрине, мәселе де жетерлік. Мұз боп қатқан құбыр, тастай суық үй, жарылған батарей, қазылған аула… Санамалай берсең саусағың жетпейді. Жылаған ананы, қолын суық құбыр қарыған жігіттерді, бүрсең қаққан баланы көргенде жаның түршігеді. Осындай жағдайға жеткізгендерді жалаң қолмен тұншықтырғың келеді. Тергеу таза да әділ жүргізіліп, кінәлілер міндетті түрде қатаң жазалануы керек. Біз соны қалаймыз және талап етеміз!”, — деп жазды ол.

Тәулік бойы жұмыс жүргізілуде

Премьер-министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласында жүрген орынбасары Роман Склярмен телефон арқылы хабарласқанын жеткізіп, 4 желтоқсандағы таңертеңгі жағдай бойынша 5А, 5Б және 6-шы шағын аудандарында 11 үйге жылу беру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді.

«Дайындық деңгейі жоғары. Сонымен қатар аталған үйлерде жылу радиаторлары мен жылу жеткізу желілері ауыстырылып жатыр. Кешке пәтерлерге жылу беріледі деп күтілуде.

Жалпы қазіргі кезде жылу берілген, бірақ ішкі инженерлік коммуникацияларды, атап айтқанда кәріз және сумен жабдықтау құбырлары мен т.б. ауыстыруды қажет ететін үйлер бақылауда. Жұмыс толық аяқталғанға дейін барлық ұйымдар бұл үйлерден кетпейді.

Қаладағы апат салдарын жою үшін барлығы 484 адам тартылды. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде. Бұл мәселе бақылауда. Қалған үйлердің барлығына жылуды мүмкіндігінше тезірек қосу үшін барлық күш-жігер жұмсалатын болады», — деп жазды премьер-министр.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Ақтауда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болды

Оқиға 11-шағын ауданда орналасқан №10 мектепте жексенбі күні болған, деп хабарлады sadaqmedia.kz. Білім беру ұйымының…

5 часов ago

Бектенов Ақмола облысында Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын…

5 часов ago

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары парамен ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс аудандарының бірінің әкім орынбасары мен…

6 часов ago

Халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыруға бөлінген ақша ұрланды

Павлодар облысының прокуратурасы «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру аясында (азаматтарды оңтүстік аймақтардан…

1 день ago

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады

Президентке Мәдениет және ақпарат министрлігінің атқарған жұмыстарының нәтижесі, сондай-ақ ведомствоның алдағы қызметі барысында қолданылатын перспективті…

2 дня ago

Қазақстанның Украинадағы елшілігі Нұрбай атаны құттықтады

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери атташе кеңсесі офицерлерінің қатысуымен Ұлы Отан…

5 дней ago