Ұлттық білімнің сәруары: Педагогтер Асхат Аймағамбетовпен қимастықпен қоштасып жатыр

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қызметінен босатылып, орнына Ғани Бейсембаев тағайындалды. Айта кету керек, Асхат Аймағамбетов аталмыш министрлікті 4 жылға жуық басқарып, білім саласындағы қиын кезеңдерді еңсерді, жүйені реттеді.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, жұрт бұл жаңалықты өкінішпен қабылдады. Экс-министрмен істес болған, жұмысын бақылаған, қол астында еңбек еткен педагогтер мен қызметкерлер өз алғыстарын білдіріп, қимастықтарын жеткізіп жатыр. Кешелі бері Асхат Аймағамбетовтың Facebook парақшасы алғыс пен жылы сөзге толастар емес.

Блогер Қастай Дастан білім министрін ауыстыру қате шешім деген ойын білдірді. Айтуынша, білім мен руханият бес күнде ауысатын экономика емес.

«Қоғамдық сана мен білім саясатын өзгерту — дәуір мен кезеңдерге, аралық пен сүрелерге сұранатын қайырлы, азапты іс еді. Бәрі жоспармен жүріп келе жатқан. Межені артығымен еңсердіңіз. Қимай отырмын. Халқының шын сүйіспеншілігіне бөлену деген осы шығар… Бақытты күндеріңіз, ажарлы сағаттарыңыз көп болсын!

Сағат түнгі тоғызда, онда үйіне бірақ қайтатын министр мырзаны ерекше жақсы көремін. Оны көбіне өзі айтпайды да.

Қазақ дүниетанымын байытқан мазмұнды бағдарламаларыңыз үшін мың алыс!», — деп жазды блогер.

«Аманат» партиясының саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мукитанов экс-министр білім беру саласындағы нағыз реформатор болды деп есептейді. Оның көптеген адамдардан айырмашылығы, ол барлық өзгерістерді біртіндеп, жүйелі түрде ойластырып жүргізді, нәтижесінде бұл жемісін берді, дейді ол.

Асхат Қанатұлы тұсында мұғалімдердің жалақысы өсті, педагог мәртебесі көтерілді, ҰБТ сыбайлас жемқорлықтан тазартылды, «Болашақ» бағдарламасында тәртіп орнатылды. Мұғалімдер мен студенттердің үлкен сүйіспеншілігіне бөленді. Оның «баспа станоктарын» — тек қағаз жүзінде жұмыс істейтін жоғары оқу орындарын жабу саясатын жүргізгенін ерекше атап өтемін. Лоббистердің үлкен қарсылықтары болғанымен, әлеуметтік желілерде оған қарсы науқандар болғанына қарамастан, бәрін еңсерді. Бәлкім, өз жұмысына қанағаттанып, барлық негізгі міндеттер мен идеяларды толық іске асырғанына сенімді болып кетіп бара жатқан тарихымыздағы жалғыз білім министрі шығар. Нәтиже көз алдымызда. Жаңа бастамаларыңызға сәттілік,

деп жазды ол.

AUTISM KAZAKHSTAN Ұлттық Қауымдастықтың төрайымы, экономика ғылымдарының кандидады, МВА, ерекше баланың анасы Нұрия Балтабайқызы Асхат Қанатұлы министрлікті басқарып тұрған кезінде инклюзивтік білім беру бойынша көптеген прогрессивті нормативтік актілер қабылдағанын жеткізді. Аутизм сұрақтары бойынша Үйлестіру кеңесінің ұйымдастырғаны үшін үлкен алғыс білдірді.

Mediana IT компаниясының негізін қалаушы, жетекшісі Өмірбек Құрбанбаев Аймағамбетов білім министрі болған кезден бастап осы білім саласына жаңа серпіліс беріп, педагог мәртебесін жаңа сатыға көтере алған, оқу жүйесін ықшамдап, стратегиялық бағытты қалыптастыра алған басшы ретінде есте қалады деп сенетінін жеткізді.

«25-30 жыл бойы білім ұйымдары мен мұғалімнің дәрежесінің құрдымға кеткенін, университеттерде «диплом сату бизнесі» сияқты жүйелі былықтарды түсініп, оны жоюмен күресіп, білім сапасын көтеруге үлкен күш пен уақыт жұмсағанын да естіп-біліп жүрміз. Солай-солай, білім саласы заманауи әлем трендтеріне ілесе бастағаны байқалды. Соңғы жылдарда мектеп оқушылары әлемдегі көптеген білім сайыстары мен Олимпиадаларда жоғары жүлделерге қол жеткізе бастағаныны да осыған мысал.

Адамдарда сана өзгермей, сапа өзгермейді. Еңбегі зор, дегенмен «жалғыз аттың шаңы шықпас» дегендей, өзгерістерге дайын болмаған жер-жердегі ескі жүйе індеттері, облыс, қала, ауыл деңгейіндегі басшылықтарда жайылған жалған көрсеткіштер, коррупция және педагогтарды қысымға алу сияқты проблемалардың тамырын түбегейлі жоя алмағаны шындық (мүмкіндігі де, уақыты да жетпеген болар, бәлкім). Талай жерде қарсы саботаждар жасалып, елді шулатып, ескіше жүйені ұстап қалуға тырысқандар да болған шығар. Уақыты келгенде біле жатармыз.

Асхат Аймағамбетовке білім саласындағы ұстанымы мен жасаған жұмыстары үшін ата-ана ретінде де, білім саласының цифрлық технологиялар бағытында жүрген маман ретінде де, алғысым шексіз.

Келесі жаңа тағайындалған министр де осы аталған бағыттарды әрі қарай дамытып, нығайта түссе екен деп үміттенемін», деп жазды маман.

Педагог Бахтияр Бағынбаев мұғалімдер атынан Асхат Айтмағамбетовке алғысын айтып, білім министрі болып тұрған кезіндегі атқарған еңбектерін тізбектеді.

Айтуынша, Асхат Аймағамбетов министр болғанда мына жұмыстарды атқарып кетті:

• қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салған,

• ұлттық әліппемізді қайтарған,

• диплом сатумен айналысқан жоғары оқу орындарын жауып, талай жемқорлықтың алдын алған,

• ауылдық жерлердегі оқушыларды автобустармен қамтыған,

• «Оқуға құштар мектеп» жобасымен оқушылардың назарын компьютерден кітап оқуға аударған,

• мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтқан,

• ел ішінде мұғалімге деген құрметті арттырған,

• 5 күндік жұмыс енгізіп, мұғалімдердің ел қатарлы демалуына мүмкіндік берген,

• бастауыш сыныптарды тамақтанумен қамтамасыз етуге ықпал еткен,

• оқушылардың да, мұғалімдердің де үндерін ести білген,

• әрдайым халықтың ортасынан табылған министріміз Қанатұлы Асхат мырза қай салада жүрсеңіз де аман болыңыз. Еңбегіңіз ерен. Сіздей білімді, өжет азаматтар халыққа қызмет етуді тоқтатпауы керек.

Мұғалімдердің сізге деген алғысы шексіз. Сіз халыққа керексіз.

деп түйіндеді Бахтияр Бағынбаев.

Және бұл жазбалар тек бірегейі ғана. Айта кету керек, Асхат Айтмағамбетов әзірше ешбір лауазымға тағайындалған жоқ. Тағы сол әлеуметтік желі ұзынқұлағына сенсек, Аймағамбетов Әлихан Смайыловты алмастырады деген сыбыс бар.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Автобус жүргізушісін ұрғаны 3 адамның өліміне әкелген жігіт сотталды

Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының…

2 дня ago

«Қуандық қажы екен». Бишімбаев бес рет қажылыққа барған

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман әлеуметтік желіде көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап…

2 дня ago

«Имам садақаға түскен ақшаға Lexus алған» дейді

ҚМДБ мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желі қолданушысы Оразбек Садықов тараздық имамның садақаға түскен қаражатқа қымбат көлік сатып алғанын…

2 дня ago

Алматыдағы автобус апаты: Сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзінде Д.Ахмеджанов соңғы…

2 дня ago

Алматы әуежайында Air Astana ұшқышы есірткімен ұсталды

23 сәуір күні Алматы халықаралық әуежайында полиция қызметкерлері Air Astana әуе компаниясының екінші ұшқышы Қазыбек…

3 дня ago

Түркістанда 90 млн теңге қарызы бар қазақ жүр

Ол аздай, оны полиция ұстап алды. Көшелерді патрульдеу кезінде Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері “Қорғау”…

3 дня ago