Categories: ДінҚоғам

Мектеп жетіспей жатқанда мешіт құрылысы неге әлі өзекті?

Бүгінде әлеуметтік желілердің күшін пайдаланып, халықтан мешіт құрылысына ақша жинайтын блогерлер мен өнер иелерінің қарасы көбейген. Әрине, адам ақшасын қайда құямын десе де өз еркі. Алайда, өңірлерде мектеп жетіспей, балалар үш ауысыммен оқып жатқанда мектеп құрылысы мешіттен де өзекті болып тұрғаны айдан анық. Бұл әсіресе биыл жазда елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылуы кезінде қоғам наразылығын тудырған болатын.

«99 мешіт соғамыз» деп халықтан ақша жинап жүрген апалы-сіңлі Әбіловалардың әрекеті де қоғамда жиі талқыға түседі. Олардан бөлек мешіт құрылысына ақша жинайтын блогерлер мен өнер иелерінің де қарасы көбейген.

Бейби бумға дайын емеспіз

Блогер Қанат Нұрсейіт ҚМБД дерегіне сүйеніп, Қазақстанда 2176 мешіт барын жеткізді. Және ол мешіттерді түгелімен Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынды. Оларды жетпей жатқан жоғары оқу орындары мен мектеп қылу өзгерту керек, дейді ол.

Уағыз айтқыш имам-сахабалардан гөрі, жаңа технологияны игеретін инженерлер керек. Көптеген жаңа өндіріс орындарына кәсіби мамандар жетіспейді! Сондықтан әр мешітті жаңа технологияларды игеретін жоғары оқу орындарына берсек пайдалырақ болар еді деп ойлаймын!,

деп жазды Нұрсейіт.

Ал блогер Динара Болат мешіт құрылысына халықтан ақша жинауға қарсы шықты. Оның орнына мектеп салып, игі іс жасаған дұрыс, дейді ол.

«Ал, мешіт емес, неге мектеп дегенге келетін болсақ, біз қазір дамушы елдердің қатарындамыз, демек, біз дамыған, өркениетті қоғам құруымыз керек. оның негізгі кепілі, іргетасы ол — білімді қоғам, сапалы қоғам.

Өңірлерді айтпағанда, астананың өзінде білім ордалары, мектеп, балабақша жеткіліксіз. Коронавирус жылдары бірнеше есе, әдеттегісінен көп бала дүниеге келді. Біз ол жылдарға тіпті, дайын емеспіз. 

Маған да оқырмандарымнан бірнеше хат келді. Мешіттің салынғанын қалайтындар бар. Бірақ, ата-аналардан мектепке сұраныс жоғары. Мешіт салынғанын қалайтындар «жұмада мешіттерге адам сыймай кетеді» деген пікір айтады. Алайда, ойлап қарасаңыз мешітке аптасына тек бір күн жиналса, мектеп аптаның 5-6 күні толық жұмыс істейді емес пе?! Демек, балалардың білім алуына жағдай туғызу мешітке қарағанда өзекті. Сосын, қазір бір сыныпқа қамтылған баланың саны өте көп. Мысалы, бір сыныпта 30-дан аса бала оқып жатады. Бала саны аз қамтылған сайын ғана сапалы білім берілді, әр баламен жеке жұмыс істелді деп айтуға болар еді», — деді Динара Болат.

Мешіт те тәлім-тәрбие ордасы

Ал ҚМБД өкілдерінің айтуынша, мешіт ешқашан көптік етпейді. Балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды діни рәсімдердің бәрі мешітте өткізіледі. Оған қоса елдегі табиғи апаттар, түрлі зілзала, қирау кезінде адамдар осы мішеттерді паналайды. Мешіт те мектеп сияқты тәлім-тәрбие беретін орын, деп сендірді олар.

ҚМБД «Уағыз-насихат» бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, мешіт бүгінгі күнде тек қана қасиетті құлшылық ететін орын емес, ол үлкен тәрбие ошағы.

Мешітке келген адам өзінің жан дүниесіне тәрбие алады, тәлім алады, жақсылықты айтады, жамандықтан тыйылады. Ол өзгеге бауырмалдылық танытып, өзгеге қиянат жасамайды, ұрлық-қарлық жасамайды, жаман сөз, өтірік айтпайды. Ол рухани тәлім-тәрбие алады. Мешіт – бұл бүгінгі күнде атадан балаға келе жатқан қазақ даласындағы үлкен үрдіс,

дейді ол.

Сондай-ақ ҚМДБ мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаевтың айтуынша, ҚМДБ Ислам діни бірлестігінің мешіт құрылысы мен мешіт салумен айналыспайды. Тек қана жергілікті халықтың өтініші негізінде жергілікті кәсіпкерлердің кепілдік хат негізінде, жергілікті мемлекеттік мекемелердің рұқсаты, шешімі негізінде мешіт құрылысына рұқсат бере алады.

«Мешіт құрылысын салу үшін жергілікті халықтың атынан бірлескен жиналыс өткізіліп, хаттамасы толтырылады, жергілікті әкімшіліктің атына хат жолданады, мешіт құрылысы үшін жер бөлу туралы, мешіт салып беретін кәсіпкер немесе ауыл тұрғындарының ішіндегі бір азамат жауапты болып, Діни басқарманың атына кепілхат беріліп, жергілікті әкімнің қаулысы шыққаннан кейін, жер бөлінгеннен кейін діни басқарма мешіт құрылысына арнайы рұқсатын беретін болады. Мешіт құрылысы тек қана жергілікті ауыл тұрғындарының көмегімен, асарымен және кәсіпкерлер өз мойындарына алып жататын болса солардың қаражаттарына салынады. Ал мешіт құрылысы үшін мемлекеттен, діни басқармадан арнайы қаражат бөлінбейді», — дейді ол.

Марат Жаппасбаевтың айтуынша,

қазіргі таңда ҚМБД филиалы болып табылатын екі 2700-ден аса мешіт бар. Оның 2200-і ауылдық мешіттер. Ресми мәліметке сүйенетін болсақ, елімізде 6293 ауыл бар болса, соның 2200-де ғана мешіт бар дейді ол. Оның пікірінше, бұл өте аз.

Екі дүние бақытына жол көрсететін ғибадат үйін салған адамдарға қатысты пайғамбарымыз былай деген екен: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды».

Алайда мектеп құрылысына мұндай үкім жоқ, қалталы азаматтардың білім ордаларын салуға асықпайтыны да осыдан болар.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

1 день ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

2 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

3 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

3 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

3 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

5 дней ago