«Мойындалмаған данышпан»: өнер адамдары Арман Дүйсеновпен қоштасып жатыр

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов 48 жасында мезгілсіз дүниеден өтті.

Әлеуметтік желілерде композитормен істес болған қоғам қайраткерлері мен өнер адамдары Арман Дүйсеновты еске алып, адами қасиеттерін айтып, қоштасып жатыр.

«Иә, өмір барда өлім бар. Жазмыштан озмыш жоқ. Арман Дүйсенов біздің жадымызда жарқын жүзімен ғана жатталып қалатын болады. Ешкімге дауыс көтермейтін, ешкімді жамандамайтын, адам алаламайтын. Жақсы қасиеттері көп еді. АЛЛА тағала біз ойлағаннан да жақсы етсін», — деп жазды «МузАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев.

«Арманда кеткен асыл досым-ай. Асар асуларыңды артқа қалдырып, олардан өзің озып кеткеніңе сене алмай отырмын. Жазмыштың жолы орта жолда осылай жаңылдыра салады екен-ау. Бір-бірін жұбатқан қара орман досыңның арасында мен де жүрмін. Бас аяғы бір тұтам дүниенің қалған қызығы ұрпағыңа бұйырсын. Тіпті не жазарымды да білмей отырмын. Бақұл бол, аяулы алтын бауырым», — деп қоштасты Мейрамбек Бесбаев.

“Хабар” Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли “Хабар” агенттігінің атынан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, айналасын толтырған аяулы достарына көңіл айтты.

«Бұл дүниеде мезгілсіз келген қазадан ауыр нәрсе жоқ шығар. Аталап балаң, Аллалап жарың қалады. Күллі жұрт болып күңіренгенмен, қайырлар ажал жоқ, қайтып келер уақыт жоқ. Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің дүниеден өткені туралы жайсыз хабар төбемізден жай түскендей әсер етті.

Ол ең әуелі өмірде де, өнерде де өз орны бар арда азамат еді. Қазақ өнеріне үлкен үлес қосқан дарын иесі екенін былай қойғанда, сөз қадірін өз қадіріндей білетін кісілікті, өнерді өмірінен артық көретін текті адам еді.

Арман Дүйсенов әлемдік классикалық музыка, фольклорлық этнография, эстрадалық музыка сияқты бірнеше бағытта кәсіби музыкалық білім алған заманауи мықты композиторлардың бірі болатын.

Әлі де берері көп еді. Алланың ісіне шара бар ма? Жақсыға жерік ажал келіп, бауыры суық қара жерге түсуге мезгілсіз күні кезегі келген екен. Бақұл бол жақсы адам!», — деп жазды Берік Уәли.

«Қош бол, досым, ағам, мойындалмаған данышпан. Сен өте дарынды едің, өте. Әндерің үшін рақмет, олар ғасырлар бойы шырқалады!», — деп жазды продюсер Баян Мақсатқызы. Бұдан кейін КешYOU тобының «Туған жер» әнін жариялап, «Арман, сен ғасырлар бойы өзекті болатын мына шедеврды жасап кеттің!» — деп жазбасын толықтырды.

«Қайран досым… Сезімтал жүрегің шыдамады-ау ….Композитор Арман Дүйсенов дүниеден озды, ағайын…. Иманы саламат болсын … Үнемі күлімдеп тұрған көздері, позитивқа толы әңгімелері мен қалжыңдары, адамдарға жасаған жақсылықтары және әндері мәңгі есімізде сақталады… Балалық шақтың бекетін қалдырдың өмір жолында… Тамаша әндерің үшін рахмет, досым… Қош бол» — деп жазды Мадина Сәдуақасова.

Төрғали Төреәлі композитор ағасына өлең жолдарын арнады:

«Сегіз қырлы бір сырлы арман болып

Талантты ағам жүруші ең тарлан болып

Біліміңе сусындап біз жүруші ек

Бір әніңді орындау арман болып.

Жыласақ та жанашыр жандар болып,

Бір ақиқат бар тұрған Аллам көріп.

Арманның қалатыны арман болып

Жалғанның қалатыны жалған болып», — деп жазды әнші.

Блогер Дәулет Төлеутайұлы да композитор туралы естелігімен бөлісті.

«Тағы бір жақсы адам кетті…

Танымал композитор, продюсер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Дүйсенов 48 жасында дүниеден озды.

Арман ағамен «Хабар» арнасында бірге қызметтес болдық. Жүргізушілік еткен «Тапқыр достар» бағдарламасына командамен қатысып, жеңімпаз болған едік. Үнемі көңілді, айналасына шуақ шашып жүретін жан еді. Әр нәрсеге балаша қуанатын. Жатқан жеріңіз жайлы болсын. Арман ағаның жарына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Бақұл болыңыз, аға!», — деп жазды блогер.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

1 день ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

2 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

3 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

3 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

3 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

5 дней ago