Categories: Дін

Петропавлдық егіздер Павел мен Александр 12 жылдан бері ораза ұстап жүр

Петропавлдық егіздер Павел мен Александр Ляшенко 12 жылдан бері ораза ұстап жүр. Жігіттер биыл да жылдағы дәстүрге сай ауыз бекітті. Енді егіздер Ислам дінін қабылдамақ ниетте. Жұбы жазылмайтын бауырлар бір ұжымда жұмыс істейді. Спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта еркін күрестен бала жаттықтырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Павел мен Александр М.Жұмабаев ауданы Возвышенка ауылында дүниеге келген. Бір қарағаннан егіздерді айыру қиын. Екеуі де Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде білім алған. Достарының бәрі мұсылман болғандықтан ислам діні қызықтырғанын айтады.

бізге ораза ұстауды Жаратқанның өзі нәсіп еткен болар. Жаным мұсылман екенін сеземін. Бірақ күніне 5 рет намаз оқымаймын. Дінді ресми түрде қабылдамақпын. Қазір жастар арасында мұсылман діні сәнге айналғандай. Ешкімді сөгуге қақым жоқ. Дегенмен, көбі Исламға келіп жатады, алайда шариғат заңдарын сақтамайды. Дін жеңіл-желпі дүние емес. Оған кәдімгідей ақылмен, санамен келу керек деп ойлаймын. Бірінші рет ауыз бекіткенде қиналдық. Бірақ спортшы бәріне төзуге міндетті. Алғаш рет жай ғана өзімізді сынап көрмек болдық. Қатты ұнады. Өзіңді өте жеңіл сезінесің. Иықтан ауыр кір тастарын алып тастағандай сезімде болдым. Бұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр адам өз басынан өткеріп көруі керек. Кейін ораза ұстау біз үшін жазылмаған заңға айналды. Анда-санда сәрегісе ұйықтап қалып жататын кездеріміз болады. Оразаны бұзбай-ақ ауыз бекітуді әрі жалғастырамыз,

дейді Павел.

Егіздер сирек болса да ауызашарларға шақыру алып тұратынын айтады. Мүмкіндік болып жатса, міндетті түрде барады. Бір құрсақтан шыққан бауырлар өмірде де 24 сағат бойы бірге жүретінін айтып қалжыңдайды.

Ораза кезінде өзімді керемет сезінемін. Ашықсаң да, бойыңда бір тылсым күш пайда болатындай. Біз екеу болғандықтан да бәрі оңай жасалатындай көрінеді. Бір-бірімізге барынша сүйеніш болып келеміз. Кіндігіміз бір. Таныстарымның арасында ауыз бекіткісі келіп, бірақ үнемі келер жылға қалдырып жататындар барын байқап жүрмін. Қазір істеуге болатын шаруаны бірден қолға алған дұрыс деп ойлаймын. Оразаның еш қиындығы жоқ. Бірақ оның тек қана ашығу емес екенін естен шығаруға болмайды. Біз барша ізгі амалдарға ұмтылуымыз керек. Жаман сөз айтуға, тіпті жаман ой ойлауға болмайды. Ауыз ғана емес, көз, құлақ – бәрін тыю керек. Соңғы айтқан екі мүшеге шектеу қою – қиындау. Бір сөзбен айтқанда Ораза –  Алланың бізге берген сансыз нығметтерінің бірі,

дейді Александр.

Имамдардың айтуынша, соңғы кездері ислам дінін қабылдап, ораза ұстап жүрген өзге ұлт өкілдерінің көбейіп келе жатқандығы байқалады.

Рамазан айындағы ораза – балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген.

Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Кез келген оразаны тұтудан бұрын жүрекпен ниет етілуі тиіс. Әбу Ханифа мазхабы бойынша Рамазан айының басында ниет ету сол қасиетті ай үшін жеткілікті болып есептелінеді, қаласа күнделікті ниет етуге де болады. Ешқандай ниетсіз күні бойы аш жүру оразаға жатпайды. Ал оразаның уақытына келсек, сəресі таң намазының уақытына дейін болады да, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады.

Сая Манарбековна

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago