Categories: Қоғам

«Поезда ғашық болып, Тәжікстанға кетіп қалдым»: туыстары қызды 19 жыл іздеген

16 жасында ата-анасы көз жазып қалған Әсел Дүйсенбаева туған елге 35 жасында оралды. 19 жыл бойына жат жерде құжатсыз күн көрген Әсел елден не себепті кетіп қалғанын, ата-аналарымен неліктен байланысқа түсе алмағанын айтып берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«2000 жылдар отбасымыз үшін қиындау кезең болды. Әлеуметтік жағдайымыз аса бір керемет емес еді. Қазір ойланып отырсам, ол кезде көп отбасылар қиналған сияқты. Мен сол кезде пойызда тамақ сатып жүрдім. Бір стансадан отырып, екінші стансаға дейін су, тәтті сусындар, тәтті бөлкелер сияқты тамақтарды сататынмын. Сөйтіп, нәпақа тауып жүргенімде Душанбеге дейін апаратын пойызда бір тәжік жігітімен таныстым. Жап-жаспын ғой. Әлгі жігіттің мені «ұнатып қалдым» дегеніне сеніп, онымен бірге қол ұстасып, Душанбеден бір-ақ шықтым. Екеуміз бірге тұрдық. Ол маған үйленгісі келетінін айтты. Бірақ, ата-анасы рұқсат бермеді. Тәжіктерде ол жағынан ата дәстүрлері қатал екен. Жігіттеріне басқа ұлттың қызын алғызбайды. Сөйтіп, мен ол жігіттің екінші әйелі есебінде болдым. Маған бөлек пәтер жалдап берді. Мен сонда тұрып жаттым» дейді Әсел.

Жат жерде жүріп, тағдырдың талай теперішін көрген Әсел бір рет жүкті болғанын да айтты. Алайда бала дұрыс жетілмей, Әселге ота жасалған.

«Қазақстаннан кетерде жеке басымды куәландыратын құжатымды алып үлгермеген едім. Әрі үлкен өмірге дайындығым да жоқ. Қазақстанға кері қайтқым келгенмен, оралудың амалын таба алмадым. Түрлі-түрлі жағдайларды бастан өткердім. Түрлі дәмханаларда даяшы болып жұмыс істедім. Бара-бара қазақ тілін де ұмыта бастадым. Тіпті, елге ораламын деген үмітім біржола сөнді» дейді Әсел.

​Әсел әдеттегідей даяшы болып жүргенінде қазақстандық азамат ол жұмыс істейтін дәмханаға тамақтануға келеді. Ол атыраулық кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлы еді. Әселмен сөйлесе келе оның қазақстандық екенін және елге қайтқысы келетінін естігеннен кейін, кәсіпкер отандасымызға көмек қолын созады.

Кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлының өтінішімен іске сол кездегі сенатор Сәрсенбай Еңсегенов араласып, Сыртқы істер министрлігі, Тәжікстандағы Қазақстан елшілігіне шығып, Әселді елге алып келуге ықпал етеді.

«Туған еліме оралғаныма қуаныштымын. Әлі күнге дейін шүкіршілігімді айтып отырамын. Өкінішке орай, әкем Табылған менің із-түзсіз жоғалғаныма құса болып, өмірден өтіп кетіпті. Әкемді көре алмадым. Қазір анамның қасындамын. Анамның ас-суын дайындап, қызмет қылып жүргеніме бақыттымын» деді Әсел.

Қазір Әсел Атыраудағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып істейді. Өзінің басынан өткен қилы тағдыры басқаларға сабақ болғанын қалайды.

«Қыз балаларға ата-анаңызды сыйлаңыздар, қадірін біліңіздер дегім келеді. Сол кезде тәжік жігітінің етегінен ұстап, артқа қарамай кеткеніме өкінемін. Егер басымнан ол жағдай өтпегенде, білім алып, қазір бір мамандықтың иесі болып отырар едім. Қыз балалар білім алып, өзін дамытуға жастайынан мән берсе екен» деді Әсел бізбен қоштасарында.

Ата-анасы 19 жыл бойына іздеу салған Әсел 2019 жылы елге аман-есен оралған болатын. Адасып жүріп, үйірін тапқан​ қаракөзіміздің басынан кешкен жайы осындай…

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

9 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago