Categories: Саясат

Ресей Киевті жарық пен жылудан айырып, келісімге көндірмекші — сарапшы

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Украина мен Ресей арасындағы соғыс қазір қалай өрбіп жатқаны туралы көлемді жазба жариялады. Қысқартусыз назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мақсат — келісімге көндіру

Ресей Украина аумағын зымыранмен аптасына бір мәрте атқылау стратегиясын таңдап алды. Бұл сөзсіз Киевті өзіне тиімсіз келісімдерге көндіру тәсілі. Себебі жылусыз, жарықсыз қалған Украина халқы билікке қысым жасап, Зеленскийді келіссөзге итермелейді деген болжам бойынша жасалып жатқан шабуыл.

Мәскеу қасақана жылу және жарық жүйелерін атқылауда. КСРО билігі «голод» арқылы қырса, Мәскеу «холод» арқылы қырамын дейді. Қырмаса да, көндіремін деп отыр.

Бұл әрине Украина билігі үшін жағымды жаңалық емес. Қыс басталды, қақаған аяздар әне-міне есік қағады. Ресей қатты аязда соққыларды арттыруға ниетті. Украина жақын аралықта барлық жылу мен жарық жүйелерін қалыпқа келтіре алмасы анық. Демек, алдағы уақытта ірі қалалардың халқы ауылдық жерлерге көктемнің жылы күндері келгенше көше тұрады. Көмір жағып, отын тасып дегендей. Ол жағынан Украинада қиындық жоқ.

Жылу мен жарық мәселесін батыс елдері шешуге тырысуда. Генераторлар беруде, жылжымалы трансформаторлар жеткізуде, көршілес елдерден жарық тасымалын арттыруда. Кеше Путин кездесу өткізіп, былай деді: «Украина нағыз геноцид жасауда, олар Донецкке келетін су көздерін бітеп отыр». Соған қарағанда бункерінде айна жоқ сияқты.

Әр жылу мен жарық жүйесін атқылау үшін Ресей 80-100 дана зымыран қолдануда. Оның 10-18 пайызы ғана нысанаға тиеді, қалғанын ПВО қағып тастауда. Ал әр атқылауға кететін қаржы шамамен 500-700 млн доллар арасында. Бұл түрлі зымырандардың құнын қоса есептегенде шығатын қаржы қосындысы. Салыстыру үшін айтайын. Батыс айына екі мәрте Украинаға қосымша әскери көмек бөліп келеді, оның әрбірі 350-400 млн доллар. Демек, Ресей бір атқанда Батыс бір айда бөлетін әскери көмектің құнына тең қаржыны жойып жібереді. Ал нәтижесі күмәнді, халық Киевке психологиялық қысымды арттырмауы да мүмкін.

Майдан даласында не болып жатыр?

Майдан даласында «Ресей Украинамен емес, НАТО-мен соғысуда, Мәскеуге тұтас Еуропа әскері жабылуда» деген өтірік ақталуға сенетін соловьев көрермендері пен кей казахтардың көңілін көншітетін жаңалық аз. Бірнеше себеп бар.

Мобиктер Ресей сарапшылары ойлағандай жағдайды түбегейлі өзгерте алмады. 300 мың мобик соғысқа алынды. Бірақ олар кәсіби әскер емес.

Бір ай полигонда күрекпен окоп қазып үйренген Сібірден келген Сергей мен 4 ай Ұлыбританияда НАТО стандарты бойынша үйренген украин жігіттерін салыстыруға келмейді. Оның үстіне 300 мыңды тамақпен, киіммен, қарумен қамтамасыз ету де үлкен мәселе. Жемқорлық жаулаған Ресейде бөлінген қаржы Мәскеуден Донбассқа жетемін дегенгше жеті мәрте қысқарып қалатын ғажайыптар болып жатыр.

Ең ауыр шайқастар Бахмут бойында өтуде. Қаланы басып алуға бес айға жуық Ресей әскері жанталасуда. Ең кәсіби әскери бөлімшелері де осы маңда қырғынға ұшырады.

«Вагнер» жендеттері де қырылып жатыр, енді міне олардың қатарына мобиктер қосылды. Кішкентай қаланы аламыз деп тыраштанудың құны тым жоғары болып тұр. Әрине, дәл осы бағыттағы Украина әскерінің шығыны да өзге бағытпен салыстырғанда көбірек. Сондықтан бұл қала үшін шайқас бірінші дж соғыстағы мақсатсыз ірі шайқастарды елестетеді. Ресей қаланы басып алған күннің өзінде, бұл қала саяси ұпай ғана беруі мүмкін. Ал әскери-стратегиялық маңызы жоғары емес.

Президенттер не істеп жүр?

Зеленский Донбассқа келді. Кеше ғана. Ұрыс даласынан 40 шақырым жерде жатқан Славянск қаласына келіп, сарбаздарды Украина қарулы күштері күнімен құттықтап, рух берді. Алғыс айтты. Бұл қолбасшыға тән әрекет. Киевте отырып видео арқылы құттықтауға да болар еді, бірақ келіп құттықтау көп дүниені аңғартады. Сарбаздарға сенімділік пен рух береді. Қазір әр жауынгерге керегі де сол.

Путин де ел алдына шықты. Бірнеше ай бұрын соққы жасалған Қырым көпіріне барды. Батысты жамандап, жерден алып, жерге салып жүріп, Қырым көпірінде немістің Мерседес көлігімен жүріп өтті. Неге Лада емес? (риторикалық сұрақ)

Бұл «мен халықтың алдына шығып, халқыммен біргемін» деген месседжі болса керек. Бірақ Қырымға бару, Донбассқа бару емес екенін барлық 150 млн ресейлік іштей түсінетін сияқты.

Украина шабуылға көшті

Ал ең маңызды әрекетті Украина жасады. 5-6 желтоқсан күні Украина Ресей жеріндегі үш әуежайды соққы астына алды. Ол Саратов, Рязань және Курск облыстарында орналасқан әскери әуежайлар болатын. Бұл соғыс басталғалы бері іске асырылған ең маңызды шабуылдар десек те болады. Неге? Себебі үш әуежай да Ресейдің өз территориясында орналасқан. Бұл бір. Екіншіден, Украина алғаш рет өз аумағынан 600 шақырымға жуық қашықтықта жатқан нысанды соққыға алды. Жай нысан емес, СТРАТЕГИЯЛЫҚ маңызға ие әуежай. Мысалы Саратов облысындағы «Энгельс» әуежайында Ресейдің Ту-160 және Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары орналасқан еді. Ол ұшақтар ядролық қару алып ұшуға қабілетті. СТРАТЕГИЯЛЫҚ нысандағы СТРАТЕГИЯЛЫҚ ұшақтарды Украина кеңестік ескі-құсқы Ту-141 «Стриж», Ту-143 «Рейс» беспилотниктерімен шабуылдады. Ал ол сәтте Ресейдің әлемде баламасы жоқ ПВО/ПРО-сы пырылдап ұйықтап жатқан еді. Өздерінің айтуы бойынша ояу болған, тіпті қағып түсірген.

Бір күнде үш әуежайға соққы жасап, Ресей аумағында да операцияларды іске асыра алатынан аңғартты. Бұл НАТО үшін де бірқатар ақпарат берген шабуыл болды. Стратегиялық нысанды қорғау деңгейі стратегиялыққа сай емес екен.

Тағы бір мәселе бар. Бұл Ресейдің өзінде ПВО/ПРО тапшылығын аңғартады. Ресей Донбасс пен Херсон, Запорожье және Қырымға көбірек ПВО/ПРО жүйелерін әкелді. Себебі АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания Украинаға HIMARS, M270 сынды зымыран кешендерін берді. Украина оккупациядағы Ресей базаларын, қоймаларын, позицияларын жоя бастады. Мәскеу соққы әсерін азайту үшін ПВО/ПРО жүйелерін өз аумағындағы кей әскери нысаннан оккупациядағы Украина жеріне әкелді. Енді мына шабуылдан кейін керісінше Ресей ПВО/ПРО-ның бір бөлігін өз аумағына қайта әкетуі мүмкін. Сирия, Тәжікстандағы жүйелерін де жылжытуы ғажап емес.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Пара беруге итермелеген алаяқтар 10 жылға сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен «№2 және №5 нан базасы» «Астық қоймалары»…

3 часа ago

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исахов 8 жылға сотталды

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Мақсұт Исаховқа сот үкімі шықты. Экс-шенеунік 2023 жылдың шілдесінде тұтқынға…

3 часа ago

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

3 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

3 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

3 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

3 дня ago