Categories: Саясат

Рим папасының Қазақстанға келуі елге не береді?

Елімізге Рим папасы Франциск келді. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысады. Рим папасының елге келуі неге әспеттеледі? Съезде не болады? Материалда осы сауалдарға жауап береміз.

Рим папасы қандай қызмет атқарады?

Рим папасы — халықаралық құқықта ерекше меншікке ие билік етуші тұлға (persona sui generis). Ватикан мемлекетінің басшысы, оның қолына абсолют билік берілген. Рим папасы бұл елдің ғана емес, дүниежүзіндегі католик шіркеулерінің басшысы. Мұндай билік бір адамға өмірінің соңына дейін беріледі. Ол біреуді шіркеуден қуа алады, шіркеу мүлкіне билік ете алады, біреуді әулие деп жариялай алады және тағы басқа функциясы көп.

Қазіргі Рим папасы Францисктің бұған дейінгі аты-жөні — Хорхе Марио Бергальо. Ол — 266-шы Рим папасы. 2013 жылғы 13 наурызда осы қызметке тағайындалды. Қазір 86 жаста. Ол тақтағы өзінің басты міндеттерімен қатар дүниежүзі мәселелерін шешуде де белсенді понтифик ретінде танымал.

Отбасында бесінші бала. Буэнос-Айрес қаласында химия-технология мамандығы бойынша диплом алған. 22 жасында Рим-католик шіркеуінің ерлер арасындағы рухани дәрежедегі орденін алды.  Сонан соң қасиетті Иосиф колледжін тамамдап, католик колледждерінде ұстаздық қызмет етті.

Рим папасы Франциск Рим-католик шіркеуінің басшысы бола сала Ватиканның әкімшілік-басқару құрылымы мен ережелеріне көптеген өзгеріс енгізді. 1929 жылдан бері келе жатқан Әулие тақтың заңнамасын түпкілікті өзгертті. Шіркеуді басқару құрылымдарын қысқартты. 2022 жылғы наурыз айында Апостолдың жаңа Конституциясын бекітті.

Рим папасы Франциск халықаралық сахнада да аса маңызды шараларды жүзеге асырды. Мысалы, 2016 жылғы 12 ақпанда Кубада Мәскеу мен бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті. Бұл Ресей православие шіркеуі мен  Католик шіркеуі жоғарғы басшылығының 1054 жылы бөлінгеннен кейінгі алғашқы кездесуі болды.

2017 жылы Швецияға барғанда XVI ғасырда Еуропада әлеуметтік-саяси қозғалыс кең өріс алған кезде католиктердің зорлық-зомбылығы үшін кешірім сұрап, жұрт көңілінен шықты.

«Рим папасының Қазақстанға келуі мемлекет имиджін көтереді»

2021 жылғы қарашада Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ватиканда Рим папасы Францискпен жеке кездесіп, президенттің Қазақстанға шақыруын жеткізген еді.

Қазақстанға Рим папасы алғаш рет 2001 жылы келген. Ол кезде Рим папасы II Ионна Павл еді. Католик шіркеуі басшысының келіп тұрғаны — осы.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Рим папасының Қазақстанға келуі біздің елімізге аса сенетінін білдіреді. Бұл — Қазақстанның барлық дінге толерант қарайды деген имиджін көтеретін жақсы құрал.

Әлемде 200-ге жуық ел бар. Сондықтан Рим папасы — өте қарбалас адам. Дүниежүзінде Қазақстанның католик қауымы санынан асып түсетін ондаған ел бар. Рим папасының келуі, біріншіден, съезге құрмет көрсету болса, екіншіден, дінаралық қарама-қайшылық болуына айтарлықтай факторлар бар екеніне қарамастан, тыныштығын сақтаған ел — Қазақстанға қызығушылық білдіргені,

деді Ғазиз Әбішев.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде не болады?

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі 2003 жылдан бері 3 жылда бір рет өтіп келеді.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұл съезді тек діни шара деп қабылдамау керек екенін айтады. Оның айтуынша, рухани көшбасшылар халықаралық ұйымдармен, саясаткерлермен бірге қазір әлемде болып жатқан проблемаларды талқылап, шығар жолды қарастыруы мүмкін.

Бұл шараны Қазақстанның жаһандық тұрақтылыққа үлес қосуға талпынысы ретінде де қарастыру керек,

дейді ол.

Съезд қорытындысы бойынша декларация қабылданады. Онда Рим папасы, Ахмед ат-Тайеб және басқа да діни көшбасшылар ұсынған маңызды идеялар енуі мүмкін. Декларация мақұлданып, қабылданса, ол құжат халықаралық ұйымдарға және басқа елдердің үкіметіне жіберілуі мүмкін.

Айта кетейік, қазір Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтіп жатыр. Кеше осы съезге қатысу үшін елімізге Рим папасы Франциск келді.

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago