Categories: Қоғам

Түркияда зейнеткерлер қалай өмір сүреді: Біз қарттардан неге қашамыз?

Ең үлкен зейнетақы Түркия, Жапония және Канадада. Ең төмен зейнетақы төлемдері Оңтүстік Корея, Сингапур және Чилиде.

Қазақ «қарттар – үйдің қазынасы» деп, үлкенді құрметтеген. Сондықтан қарттар үйі болмаған. Бүгіндері қариялардың қадірі кетті.

Қазақстанды мұсылман елімен салыстырайық. Түркияда зейнеткерлер көп. Олардың санын қысқарту көзделіп отыр. 10 жыл бұрын бір жұмысшыға 1 зейнеткер болған. Қарттар зейнет жасына ерте шыққан. Қазір 1000 жұмысшыға 130 зейнеткер шақ келеді. 2020 жылы зейнеткерлердің саны 5,27 млн адамды құрады. Қазақстанда 2022 жылы зейнеткерлер саны 2 млн 247 мың адамды құрады.

Қазір түрік әйелдері 58 жастан бастап, ерлері 60 жастан, ал бес баласы бар аналар 48 жастан бастап шығады. Тек жасы ғана емес, жұмыс өтілі де ескеріледі. Жеткіліксіз болған жағдайда, тағы да еңбек ету керек. Зейнетке шығу жасын біртіндеп арттыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша 2048 жылға қарай адамдар 65 жасында ғана лайықты демалысқа шыға алады.

Түркия қарттарының зейнетақы мөлшерін лирамен көрсеткен дұрыс. Қазір 1 лир – 24,67 теңге.

2022 жылы Түркиядағы зейнетақы:

  • ең төменгі мөлшері – 4250 лир;
  • максималды мөлшері — 10000 лир;
  • докторлық дәрежесі бар азаматтардың зейнетақысы-8000-нан бастап;
  • университет оқытушылары-3000-нан бастап;
  • мұғалімдер-3500-ден;
  • инженерлер, полиция қызметкерлері – 5000-нан жоғары;
  • дәрігерлер мен медбикелер-5500 лирдан басталады.

Еңбек өтілі маңызды, әйелдер әр балаға қосымша ақы алады.

2021 жылға дейін Түркияда ең төменгі зейнетақы 1603 лир еді. Оны зейнет жасына жеткендердің барлығы бірдей алады. Тіпті мемлекетке ешқашан жарна төлемегендер де. Түрік азаматтығы болуы негізгі шарт. 2021 жылы оның мөлшері 2400 лирға өсті. Ал 2022 жылы 4000 нан асты. Әрі қарай ұлғая береді.

Бұдан бөлек, барлық мемлекеттік қызметкерлер зейнетке шыққан кезде біржолғы ақшалай сыйақы алады. Лауазымына байланысты 30-80мың лир аралығында. Ал түрік әйелдері қайтыс болған күйеулерінің зейнетақысының 75 пайызын алуға құқылы. Дәл осындай зейнетақыны тұрмыс құрмаған қыздары да ала алады.

Ал Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 117 469 теңгені құрады. Бұл орташа көрсеткіш. Түркияның ең төменгі көрсеткішінен жоғары. Ал қарттарға жасап отырған жағдайымызды салыстыруға келмейді.

Түркияда жұмыс істейтін зейнеткерлер жоқ. Оларда барлығы бар, ақша жеткілікті. Тек жеке кәсібін домалатып жүргендер ғана болмаса. Қазақстанда қарттарға осындай жағдайлар жасалмаған. Алатын ақшасы өзіне де жетпейді. Инфляция шарықтап тұр. Бағалар тіпті күн санап өсіп жатыр. Күнін әрең көріп жүрген қарттар қалай да болса адал нанын тауып жеуге тырысады. Солай күзетші, сатушы, немесе көше тазалаушы болып істеуге де келіседі.

Түрік қарттарында барлығы бар:

Жол ақысы тегін. 65 жастан кейін олар қоғамдық көліктерде тегін жүреді.

Медициналық көмек. Тексерулер мен емделу ғана емес, қымбат қызметтер де тегін. Егер зейнеткерлер ауруханаларға өз бетінше бара алмаса, олар үйде патронаттық қызмет алады.

Дәрі-дәрмектер. Мемлекеттік дәріханаларда зейнеткерлер кез-келген дәрі-дәрмектің құнының 10% ғана төлейді.

Ойын-сауық. Түркия зейнеткерлерге арналған тегін үйірмелер мен секцияларға толы. Әлеуметтік қызметтер экскурсиялар, тамақтануы мен тұруы арзан саяхаттарды ұйымдастырады. Олар қарттарға үлкен сыйластықпен қарайды.

Қарттар үйлері. Мұндай орындарды қонақүйлермен салыстыруға болады. Теңіздің жағасында орналасқан. Аумағы кең, ойын-сауық кешендері мен медициналық қызметтермен толық қамтылған. Бұл үшін қарттар зейнетақысынан 300-500 лир төлейді. Қалғанын өздеріне жұмсайды.

Аталмыш жағдайлар тек Түрік азаматтарына жасалған. Шетелден келген зейнеткерлер үшін шарттары бөлек.

Түрік қарттары шалқып өмір сүретіндерін жасырмайды. Нағыз өмірдің қызығын осы жаста сезінетін олар мемлекеттің қолдауына дән риза. Түріктер қартайған ата-аналарын ешқашан тастап кетпейді. Балалар ата-анасына өлгенше қамқор болуды міндет деп санайды. Бұл ежелден қалыптасқан мәдениет, дәстүр. Тек туғандары жоқ қарттар ғана аталмыш үйлерді паналайды. Соның өзінде мемлекет теңіздің жағасына жайғастырып, жыл бойы жеміс-жидек пен арзан азық-түлік, тауарлар сынды керемет жағдайлар жасап отыр.

Тіпті зейнеткерлер балаларына материалдық қолдау көрсетуге қауқарлы. Біздің елдегідей ата-әжелері немерелерін қойнына баспайды. Өз балаларын өсіріп, бағып-қақты. Енді лайықты қартаюға уақыт келді дейді олар. Бұл Түркиядағы қарттардың реалиі. Ал біз қарттардан неге қашатын болдық? Қазақстанда неге олай емес?

Бұрында қазақта қариясын қаңғыртып жіберу бүкіл бір ру үшін ұятқа саналған. Жақын туған-туысы болмаса да қарияларды жалғыз қалдырмаған. Ағайынның ортасында өмір сүрген. Өйткені кәрілікті жалғыз қарсы алу – үлкен қасірет. Үйіндегі қарияның күтімін жасап, ризашылығын алған келінге ауыл адамдары құрметпен қараған. Қазақта «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Ауылды жерде бұл үрдіс жақсы сақталған. Дегенмен қазақ өміріне жаhандану енгелі бері қарттарды тыңдап, құрметтемек тұрмақ, керексіз қылып барады. Қазір материалдық жағдаймен санасатын кезең, яғни, үйде қарт адамның сыйлы болуы үшін оның қандай да бір пайдасы болу маңызды. Ақша таппай, өздігінше жүріп-тұра алмайтын қарттардан туыстары ғана емес, тіпті туған балалары да қашып жатыр. Апарып қарттар үйіне тығып жатыр. Қарт адамдардың қадірі кетіп жатыр. Өз туғандары тастап кеткен зейнет жасындағы қарттарымызға мемлекет мықты жағдай жасап отыр деп айта алмаймыз. Қарттар үйіне түскендер зейнетақысының 70 пайызын мемлекетке аударады. Ал нәтижесінде олар не алады?

Қазір елімізде 49 мемлекеттік, 9 жеке қарттар үйі бар. Мемлекет қамқорлығына өткен қарттардың саны 7 мыңан асты. Бос төсекке қол жеткізе алмай жүргендер 100 –ге жетті.

Соңғы онжылдықтарда кейбір елдерде зейнет жасын жыл сайын көтеру үрдісі пайда болды. Франция, Кытай, Ресейге теңдес, бұл реформа Қазақстанда да енгізілді. Қазір елімізде ерлер зейнетке 63 жаста, ал әйелдер 59 жаста шығады. Заңға сәйкес, әйелдердің зейнеттік жасы жыл сайын 10 жыл ішінде 6 айға дейін өсіп отырады (2027 жылға дейн).

Реформаның ең басты себебі, өмір сүрудің ұзақтығы (дүниежүзінде 70 жыл ішінде өмірсүрудің орташа ұзақтығы 23 жасқа дейін ұлғайды), сонымен қатар, зейнеткерлер саны өсті және еңбекке қабілетті халық саны азайды. Бұл тұтас алғанда, экономикалық проблемаларға және халықтың тұрмыстық жағдайының нашарлауына апарады.

2021 жылғы мәліметтердің нәтижелері көрсеткендей, еліміздегі 60 жастан асқан қарт адамдары бар әрбір төртінші отбасының екі күн сайын ет немесе балық қосылған ыстық тамақ ішуге мүмкіндігі жоқ.

Әрбір бесінші отбасында күтпеген шығындарға ақша жоқ, олар қарызға немесе несиеге батуға мәжбүр.

Үй шаруашылықтарының 16,5%-ы кенеттен жарамсыз болып қалса, жаңа киім немесе аяқ киім сатып алуға дәулетті емес.

Ал мұндай отбасылардың 7,4%-ы қарызсыз жақынын жерлей алмайды.

Сая Манарбековна

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago