Теңге бағамы

Теңге неге теңселді?

Теңге теңселіп, доллар «долданып» шыға келсе, ел-жұрттан маза кете бастайды. Соның ішінде бұл жағдай қарапайым жұртқа қатты әсер етеді. Бірнішіден, нарықтағы көп жағдайды дұрыс түсіне алмағандықтан, яғни, белгісіз «түнектен». Ал, екіншіден, Қазақстан импортқа тәуелді ел болғандықтан. Яғни, қымбатшылық қайта қыса бастай ма деген қауіп.

Алайда, Ұлттық банк өз позициясына сенімді көрінді. Реттеуші органга басшылық етуге барған Тимур Сүлейменов жақында жаһандық инвесторлармен кездесіпті. Сол жерде ол: «Теңге – нарықта еркін валюта болып өзгермелі қалпында қала береді, ел экономикасы сонда ғана кез келген өзгеріске тез бейімделеді» деген ойын жеткізді.

Көпшілікті бір ғана сауал мазалайды: «Нарықта мұнай бағасы жоғары болса да, теңге неге әлсірей береді?» Бұған қатысты түсінік берген Ұлттық банк теңгеге әсер етіп отырған басқа да факторлар бар дейді. Ол қандай факторлар? Оны реттеуші органның баспасөз хатшысы Асан Ахметжан былай жеткізді.

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:

Біріншіден, АҚШ доллары әлем бойынша жаһандық сипатта нығайып отыр. Екіншіден, біздің импорттаушылар тарапынан валютаға сұраныс өсті. Бұл – бюджет қаражатын игерумен байланысты «маусымдық» сұраныс. Үшіншіден, Үкімет квазимемлекеттік секторда экспорттан түсетін валюталық түсімінің бір бөлігін сату міндеттемесін уақытша тоқтатты. Төртіншіден, Ұлттық Банк тамызда базалық мөлшерлемені төмендеткен кезде АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі өзінікін керісінше жоғарылатты. Бұл да теңге активтеріне деген сұраныстың төмендеуіне әсер етті.

Ұлттық банктің ресми позициясына сүйенсек, теңгенің әлсіреуі – қысқамерзімді құбылыс. Әлемдік нарықта мұнай бағасы әлі де жоғары қалпында. Оның үстіне еліміздің төлем балансының жалпы жағдайы – қалыпты.

Осындай маңызды факторлар теңгеге қолдау көрсетеді деп сендіреді орталық банк. Бұл тұрғыда экономика шолушысы Айбар Олжаевтың да пікірін білуге тырыстық. Оның айтуынша, дәл қазіргі валюта нарығындағы құбылыс дабыл қағатындай жағдайда емес.

Айбар Олжаев, экономика шолушысы:

Қатты бір дабыл қағып, уайымдап, доллар сатып алатындай қазір қандай да бір белгі көріп тұрған жоқпын. Себебі доллардың, өзінің әлемдік нарықта күшеюі бар. Әу баста бюджеттің өзін 480 теңгемен жоспарлап еді ғой. Сол межеге келдік. Сондықтан, бұдан бюджет те, мемлекет те ұтылып жатқан жоқ. Мұнайдың бағасы фьючерс нарығында соңғы уақытта өсіп келе жатыр. Сондықтан ол теңгеге қайтадан дем беретін болады. Теңге – нарықта еркін валюта. Оның құбылып тұруы заңды. Ол бірде түседі, бірде түспейді. Нарықтың өзі реттейді. Мемлекет араласпайды. Негізі, сол позиция біз үшін дұрыс.

Орталық банктің тәпсірлеуіне сенсек, теңгенің теңселу құбылысын қысқамерзімді құбылыс ретінде қабылдауымыз керек. Нарықтың өзі реттейтін болса, әліптің артын бағып көрейік.

Ендігі сауал – басқа. Базалық ставканың жайы не болмақ? Осыған қатысты жылына 8 мәрте шешім қабылдайтын Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті кезекті шешімін осы жұмада жариялайды.

Дәстүрден жаңылмаса, Ұлттық банк және оның жаңа басшысы Тимур Сүлейменов сол күні базалық ставкаға қатысты қабылданған шешімді түсіндіру үшін БАҚ өкілдеріне брифинг өткізуі керек. Кешегі инвесторлармен өткен кездесуінде реттеуші органның басшысы нақты инфляцияның бәсеңдеу үрдісі қарқынды болатын болса, базалық мөлшерлемені байыппен түсіру жалғасады деген еді. Ендігісін 6 қазан күні білеміз.

Еске сала кетсек, тамыз айында Ұлттық банк базалық ставканы 0,25%-ға түсірген еді. Бұл соңғы үш жылда төмендету жағына қарай жасалған алғашқы қадам болды.

Ал, кешегі тамызда тіркелген жылдық инфляцияның 13,1% көрсеткіші қыркүйекте 11,8%-ға дейін түсті. Былтыр қыркүйектегі жылдық инфляция 17,7% болды.

Дереккөз: Қаржылық Сауат.

Сая Манарбековна

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

1 день ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

1 день ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

1 день ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

1 день ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

1 день ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

2 дня ago