Экономика

Теңгені цифрландырудан Қазақстан не ұтады?

Ұлттық валюта күні Ұлттық банк теңгенің жаңа дизайнын көпшілікке таныстырды. Білетіндер ол Тәңірлік дала философиясы аясында жасалған және қазақ идентификациясы үшін бойтұмар бола алады дейді. Ботай өркениеті кезінде қолға үйретілген жылқы, даламызды мекендеген басқа да жануарлардың тас мүсіндерінен алынған символдар әр банкнотаға өте үйлесімді енгізілген.

Алайда, экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, Қазақстан үшін бұдан да зор жетістік — теңгенің цифрландырылуы. Теңге 30 жыл бойы аналогта (фиатты қағаз ақша) өмір сүріп келіп, енді цифрлі форматқа аяқ басып отыр.

Айбар Олжаев бұдан кейін цифрлі теңге Қазақстанға қай жағынан ұтымды екеніне тоқталды. Маманның айтуынша, мұның бірнеше артықшылығы бар. Сөзбе-сөз:

Цифрлі теңгенің қағаз теңгеден айырмашылығы бар ма? Ол криптовалюта ма?

Цифрлі теңгені кәдімгі қағаз теңгенің цифрлі көшірмесі деп атауға болады. Екеуінің атқаратын қызметі бір. Тек, банкнотаны біз қағазға басатын болсақ, оның цифрлі баламасына ондай шығындар қажет емес. Тура сол теңге, бірақ қағазға басылмаған, электронды әмиянда сақталатын ақша деп айтсақ болады.

Басты айта кетерлігі, цифрлі теңге ешқандай да криптовалюта емес. Цифрлі теңгеге жауап беретін мекеме бар – ол Ұлттық Банк. Ұлттық Банк цифрлі теңгені шығарады, осы қызметті басқарып отырады. Ал криптовалюталар орталықсыздандырылған. Олар үшін ешкім жауап бермейді. Олар күрт құнсызданса да, жоқ болып кетсе де, бір де бір жан жауапкершілік арқаламайды. Криптовалюта құны күн сайын орасан құбылып тұратынын білеміз. Ал цифрлі теңге құны қолма-қол теңге құнымен бірдей болады.

Криптоәлемнен цифрлі теңге тек блокчейн технологиясын алды. Онда бірегей цифрлық реттілік (токен) немесе арнайы электрондық әмиянда сақталатын электрондық жазба принципі қолданылмақ.

Цифрлі теңгеде жаңа функциялар бола ма?

Цифрлі теңгенің басты артықшылығы – қауіпсіздігінде. Бұл ақшаны сізден алаяқтар ұрлап кете алмайды. Оның қайда барғаны, кімге түскені барлығы көрініп отырады. Алаяқтар ол жазбаны өшіре алмайды. Екінші жағынан – цифрлі теңгені шығаратын орталық адамның жеке өмірінің құпиялылығына кепілдік беріп отыр. Яғни, заң бұзылмаса, сіздің ол цифрлі теңгені қалай және қайда жұмсайтыныңыз құпия болады.

Қазақстан-2025: коррупция 0%

2025 жылдан бастап мемлекеттік сатып алулар, тендерлердегі мемлекет беретін ақшаны цифрлі теңгеге ауыстырсақ, жемқорлық толығымен жойылады. Себебі, цифрлі теңгені жымқыру мүмкін емес. Мемлекет әр бюджет тиынының қайда бара жатқанын көріп отырады. Сезіктенсе, бірден қайтарып ала алады. Демек, цифрлі теңге бізді нағыз даму жолына түсіре алатын құрал. Жемқорлық жойылып, салық мәдениеті артса, онда кезек күттірмейтін ауқымды жобаларды қолға алатын еліміз өте жақсы дамып кетеді.

Цифрлі теңгені қалай қолданамыз?

Жалпы біз үшін ешқандай айырмашылық болмайды. Онсыз да қағаз ақшаны мүлде ұстамайтын болдық. Қазір төлемдерді банк қосымшаларындағы QR код арқылы төлей береміз. Немесе аударымдар жасай саламыз. Цифрлі теңгеде де тура солай. Цифрлы әмианнан, немесе банк қосымшаларынан ақша аударуға, төлемдер жасауға бола береді. Ал ең басты артықшылығы – цифрлі теңгемен интернет жоқта да қолдана беруге болады. Ол смартфондағы цифрлы әмиандарды NFS немесе блютуз арқылы байланыстыра алады. Яғни, зат сату, сатып алу үшін интернет қажет емес.

Цифрлі теңге 2021 жылдан бері түрлі тесттерден өтіп келеді. 2021 жылы Ұлттық Банк технологиялық және операциялық тәуекелдерді бағалау бойынша пилоттық жобаны іске қосып, нарыққа қатысушылармен және сарапшылар қауымдастығымен, халықаралық серіктестермен талқылаулар өткізді. 2022 жылы прототип сынаққа шығып, іске қосылған Digital Tenge Hub коллаборативті алаңында IT және қаржы нарығының адамдары прототипті өзара тесттен өткізді. Биыл цифрлық теңгенің өнеркәсіптік және эксперименттік контуры құрылды.

Жұмыстың барлық нәтижесі ретінде кеше цифрлі теңгеге тұңғыш рет бір кружка кофе сатып алынды. Ұлттық төлем корпорациясының басшысы Бинұр Жәленов цифрлі теңгемен ең алғаш рет зат сатып алған адам ретінде тарихта қалды.

Осылайша Қазақстан өзінің ұлттық цифрлі теңгесін 2025 жылы қарсы алуға дайын. Болашақта еліміз банкнот басудан, яғни қағаз бен бояу шығындарынан біртіндеп кетеді деп ойлаймын. Бірақ кеше жарияланған әдемі банкноталарды қимай тұрмын. Ол міндетті түрде атрибут ретінде сақталатын болады.

Осымен цифрлі теңге «ЕАЭС ортақ валютасы» деген болашағы жоқ әңгімелердің барлығын түпкілікті тоқтатты. Қазақстан ешқандай ортақ валютаны қарастырмайтынын халықаралық аренаға анық білдірді. Қазақстан болады, қазақ халқы болады, оның ұлттық валютасы – теңге болады. Бітті.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

10 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago