«Жас Алаш» газетінде саясаттанушының болашақ депутаттар туралы пікірі жарияланды. Дос Көшім мемлекеттік тілді жетік білу алдағы сайлаудың басты критерийі болу керек деп есептейді.
Соңғы уақытта, сайлау дүбірі естіле бастағаннан кейін бе,осы бір әділетсіз де қарақ додаға түсуге ниет білдірген, бірақ қазақ тілін толық меңгермеген не мүлдем білмейтін үміткерлер туралы сан түрлі пікірлер әлеуметтік желіні жаулап алған сияқты. Біреулері «ол – нағыз азамат, бізге оның қазақ тілін білген-білмегені емес, шындықты шыңғыртып айтатыны ғана керек десе», енді біреулері «мемлекеттік тілді білмеген адам – депутат болмауы керек», деген ұстанымынан таймайды. Әсіресе, бұл пікірталас блогер-журналист Динара Егеубаева мен блогер, қоғам қайраткері Арман Шораевқа және талай шөлден жүгіріп өтіп, атын шығарған Марат Жыланбаевқа байланысты қызу көрініс беріп, таласқа ұласты.
Меніңше, үміткерлердің, демек, депутаттардың мемлекеттік тілді білу қажеттігі немесе білмеуі – осыншама дау тудыратын, аса күрделі мәселе емес. Меңінше, мәселе – оппозициялық көзқарастағы, бірақ қазақ тілін білмейтін адамдарды қолдау керек пе, әлде жоқ па, деген сұрақтың төңірегінде жатыр.
Бірінші топ – билікке қарсы көзқарас ұстанған, оларға сыни пікірлер айтып жүрген жандарды қазақ тілін білмегені үшін айыптаудың қажеті жоқ деп санаса, қазақ тілін қолдайтын топ «мемлекеттік тілді білмейтін жандарды билікке (оның ішінде, заң шығарушы билікке) жібермеу қажет деп есептейді.
Қысқасы, бірінші топтың өз үміткерлерін қолдау үстінде артық сөйлеп, екінші топқа жала жапқаны – саяси мәдениетсіздіктің көрінісі ғана.
Марат Жыланбаевтың әлеуметтік желідегі орыс тілінде жасаған мәлімдемесіне қатысты «осы адам не айтып жүр?» дегеннен бастап, «қазақша сөйле, қазаққа депутат болғың келсе! Сыйлай біл қазақты!» деген қатаң талап пен «Мынадай орысқұлдарды депутат қылуға қарсымын!» деген кесімді пікірлерге дейін кездестірдім. Бірақ маған ұнағаны – «көкем-ау, тілің қайда, Думаға бара жатқан жоқсың ғой» деген ең қарапайым, ең бір дәлелді, талассыз ақиқатқа негізделген пікір болды.
Көңіл бөлетін тағы бір мәселе – бұл сыни көзқарас өзге ұлттың өкілдеріне емес, өзіміздің қаракөздерге бағытталуда. Қысқасы, олардың осы күнге дейін өздерінің ана тілін білмеуі, мемлекеттік тілді менсінбеуін (егер бұл 93-95 жылдары болса, әңгіме басқа. Ол уақытта «қазақша үйренуге енді кірістім, ертең сайрап кетемін» деуге болар еді. Ал отыз үш жылдан кейін, оларға не айтуға болады?..)
Ана тілімізді өзіміз сыйламасақ, өзіміз қолданбасақ, кімге айтып, кімге өкпелемекпіз, кімдерден талап етпекпіз.
Біз – Рубиконнан өттік. Отыз үш жылдан кейін өзге тілде, оның ішінде, біздің ұлттың барлық құндылықтарын жойып жіберуге шақ қалған, екі ғасыр отаршылдықта ұстаған елдің тілінде сөйлейтін жандардың заң шығарушы билікке бармақ болуы – өте ыңғайсыз және, ашығын айтайық, ана тілінің болашағы үшін қауіпті мәселе.
Ешбір есі дұрыс мемлекет өзінің мемлекетінің тілін білмейтін, өзінің азаматтарымен қарым-қатынасқа түсе алмайтын, мемлекет құраушы қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін меңгермеген «жақсы маманды» билікке алып келмейді. Билікке алып келмек түгілі, азаматтық та бермейді!
Орыстілді үміткерлерге, осы уақытқа дейін шет елде министр қызметін атқарған жалғыз адам, сыртта жүрсе де, қазақтың мақтанышына айналған Жәмила Стехликованы үлгі есебінде ұсынар едім. Ол Чехияның Аз ұлттар ісі жөніндегі министрі болды. Кейін оған Мәдениет министрі қызметін ұсынғанда, «Мен чех тілін бір адамдай білемін, бірақ мәдениет министрі деңгейінде меңгердім деп айта алмаймын», деп лауазымнан бас тартқан. Бұл – ақылды да мәдениетті адамның өзіне қойған талабы, шарты. Меніңше, Қазақ елінің Парламентіне баратын әр азамат, мейлі, ол – билік тарапынан болсын, немесе – оппозициялық тұлға болсын, өзіне дәл осындай талап қоя білуі керек.
Қазақ тілі үшін күрес – бұл – әділетті қоғам үшін жүргізілген күрес екенін түсінетін уақыт жетті. Отаршылдықтың салдарынан, құрып кетуге жақын қалған Ұлттың құндылықтары: тілі, діні, ділі өз орнына келмейінше, әділетті қоғам орнайды деп айту – ақымақтық. Алаштықтар да осы мақсат үшін күресті, Желтоқсанда да осы ұран айтылды, тоқсаныншы жылдардығы Тәуелсіздік үшін күрес кезінде де осы мақсат қойылды. Осыны түсінбеген адам – маған оппозиция.
2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…
Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…
23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…
Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…