Categories: Қоғам

Жау алыстан келмейді: Педофилия – дерт пе, қылмыс па?

Қазір азғындықтың түр-түрі пайда болғаны соншалықты, кейбіріне қалыпты деңгейде қарай бастадық.  Дегенмен, ең қорқынышты, ең қауіпті азғындық – педофилия болса керек. Бүгінде бұқара беттерінде  «зорлап кетіпті, өлтіріп қойыпты» дейтін ақпараттар өріп жүреді. Сондай ақпараттарды көз шалған сайын бойымызды бір үрей билеп алады. Сол бітпейтін педофилдер қайдан шығып жатыр? Бұл туралы oinet.kz порталы жариялаған Сезім Мергенбайдың материалында кеңінен айтылған.

Педофилдің құрбаны болған балалардың нақты статистикасын келтіру мүмкін емес.  Жалпы «педофил» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда «балаларға деген сүйіспеншілік» деген мағынаны береді. Нақтырақ айтсақ, балаларға жыныстық құмарлығы артатын психикалық ауытқушылығы бар адамға тағылған ой. Дегенмен, ол адамның бойындағы психикалық ауытқушылық көзге ұрып тұрмайтыны анық. Және педофилдердің жасы 16-дан төмен болмайды. Ал оның көздеген объектісі 14 жастан жоғары болмайды.

Автордың жазуынша, педофилдер өзіне мүлдем бейтаныс балаға көп жақындай бермейді. Көп жағдайда педофил жәбірленуші баланың не оның ата-анасының алыс-жақын таныстыры болып келеді.  Қазақшылыққа салсақ, «жау алыстан келмейді». Әлемдегі көптеген ғалымдар, психологтар да бұл деректі растап отыр.

Педофил өз құрбанына ең кемі жарты жыл уақыт қызығушылық танытып, онымен жақындасуға тырысады. Олар таңдаған құрбанын басында тек сылап-сипап, одан кейін сыйлықтар беріп, балалармен эмоционалды түрде байланыс орнатады. Содан кейін ғана арам ойын іске асырады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, балаларды зорлағандардың 30 пайызы – отбасының бір мүшесі, яғни өгей әкесі, атасы, ағасы және т.б. Ал 16 пайызы – бөтен адамдар. Бірақ олар өз құрбанын жақсы таниды. Отбасымен тығыз араласып, жылдар бойы балаға қамқорлық танытқансып, сенімге кіргендер.

Сондай-ақ, педофилдерді қалай анықтауға болады деген сұраққа Германияның бес ғылыми-зерттеу институты зерттеу жүргізіп көрген. Мамандар қоғамға белгілі мыңдаған педофилді зерттей келе, олардың көбіне ортақ белгілері барын айтады. Әйткенмен ол белгілері қалыпты адамда да кездесуі мүмкін екенін ескертеді. Зерттеу барысында балаларды зорлағандардың көбі аласа бойлы екені анықталған.  Бойдың аласылығы ана жатырында мидың дұрыс жетілмеуінен болуы ықтимал. Сондықтан ақыл-есі кем адамдардың көбінің бойы аласа болып келеді. Көптеген педофилге тән екінші белгі – солақайлық. Оңқайларға қарағанда солақайлардың арасында педофилдер үш есе көп кездеседі. Педофил неше жаста болса да, өзін жас сезінеді. Ал балаларға, керісінше, ересек адам сияқты қарайды.

Сарапшылардың сөзінше, педофилдер әйелдермен дұрыс қарым-қатынас орната алмағандықтан, әуестігі балаға қарай ойысады екен. Зерттеу барысында педофилдердің көбінің әйелдермен тұрақты қарым-қатынасы жоқ екені анықталған. Мамандар МРТ арқылы педофилдерден сексуалды патологияны анықтады. Педофилдердің кейбірінде психосоматикалық ерекшелік кездесетінін айтады. Олардың ақыл-ой даму коэффициенті орташа көрсеткіштен сегіз сатыға төмен болады.

Балаларға деген әуестік қайдан пайда болады деген сұрақтарға Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оқытушысы Ғалия Құдиярова:

Педофилдердің көбінің миы органикалық зақымданған. Қазір көп әйелдер айына толмай ерте босанып қалып жатады. Ондай жағдайда баланың орталық жүйке жүйесі бұзылып туады. Мұның барлығы баланың ойлау қабілетіне, ақылына нұқсан келтірмей қоймайды. Осылайша адамда балаға деген әуестік пайда болады. Психиатрияда «инфантилизм» деген термин бар. Инфантильді адамның ойлау қабілеті өз жасынан төмен болады. Мәселен 15, 17 жастағы баланың ойлау қабілеті 12, 13 жастағы баланікіндей болуы мүмкін. Пубертаттық кезеңде жасөспірім бала мен қыздың арасында ұнату сезімі болса, ол – қалыпты жағдай. Ал балада кішкентай балаларға әуестігі оянса ол – патология. Баяғыда педофилдер туралы көп естімейтінбіз. Себебі бұрын қазіргідей ажырасу, ерте жастан жүкті болу секілді жағдай көп болмайтын. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, ашық-шашық жүретіндердің көбейгені адам психикасына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар қазір ұялы телефоны жоқ адам кемде-кем. Қалаған уақытта ұятсыз сайттарға кіруге болады. Мұның барлығы адамның азғындауына алып келеді.

Осы кезде ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық жұмыс басқармасының басшысы Бибігүл Мұңайтпасова:

Жаза мерзімінің аяқталуына 6 ай қалғанда, айыпталушыға санитарлық-психологиялық талдау жүргізіліп нәтижесі сотқа жіберіледі. Сот шешімі шыққан соң сотталғандарға химиялық кастрация жасалады. Оған психиатрлар да қатысады. Егер шешім оң болса, онда сот барлық тармақтарды ескере отырып, мұндай адамдарға қатысты химиялық кастрация жасау туралы шешім шығарады.

Яғни, қанша жерден педофилдердің психологиялық ауытқушылығы болады дегенімізбен, олардың ісі ауыр қылмысқа жатады.

Сексолог-психолог Ирина Ким педофилді емдеу, ниетін өзгерту тіптен мүмкін емес деп есептейді.

Шынайы және жалған педофилия бар. Жалған педофилия ешқандай жолмен емделмейді, оны шектеу мүмкін емес, өйткені бұл ситуациялық жағдай. Зорлық-зомбылыққа бейім адамдар әсіресе қорғансыз балаларға қол жеткізе алатындар емделмейді. Өйткені ол – психопаталогия. Химиялық кастрация – адамдарды мұндай парафилиядан қорғаудың жалғыз жолы,

дейді.

2022 жылдың қаңтарынан бастап түрмеден босап шыққан педофилдерге арнайы электронды білезіктер тағып бастады. Білезік арқылы пробация қызметкерлері бостандыққа шыққан педофилдердің қайда жүргенін 24 сағат бойы бақылап отыра алады. Білезікті өз бетінше алып тастау мүмкін емес. Егер, өз бетінше шешуге тырысқан жағдайда құқық қорғау органдарына автоматты түрде сигнал түседі. 2022 жылдың сәуір айында Түркістан облысында электронды білезікпен 2 педофил босап шыққан болатын. Әзірге басқа статистикалар белгісіз.

Сая Манарбековна

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

2 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

3 дня ago