Дүние жинамаған, тіпті көлігі де болмаған: Қонаевтың артында не қалды

«Маған Зуһра Шәріпқызы ең жақын, ең қимас дос еді. Біз елу жыл, алты ай, екі күн бірге өмір сүрдік. Ол қайта айналып келмейтін, маңдайға бірақ рет жазылатын бақыт».

Дінмұхамед Қонаев өте қарапайым адам болған. Дүние-мүлік жинамаған, тіпті көлігі де болмаған. Жұмысқа жаяу барып отырған. 24 жыл тұрған пәтері де өзінікі емес, оны кезінде Леонид Брежнев сыйға тартқан. Ол пәтер қазіргі Түлебаев көшесі, 117-үйде орналасқан. Жанында музейі ашылған.

Брежнев Алматыға алғаш келгенінде Дінмұхамед Қонаевтың үйіне тоқтайды. Пәтерін ары-бері аралап:

Бар дүниең осы ма?

деп таңданыпты.

Сонда Димаш «Маған осы да жеткілікті» — деп жауап қайтарған екен.  

Қазақтың біртуар ұлы, дара саясаткер Дінмұхаммед Қонав Зухрамен 1937 жылы бірнеше күнге Алматыға келгенде танысқан. Оның институттағы досы Мақсұт Бақаев Зухрамен бірге тұратын әйеліне хат беріп жіберуді өтінген. Сол досының өтінішін орындауға келе жатқан кезде, алдынан кездейсоқ шыққан Зуһраға бір көргеннен ғашық болған екен.

Зуһра сүйкімді, сезімтал, мұқият жан. Бір көргеннен ғашық болдым. Сезімімді бірден жеткіздім. Біз күнде кездесетінбіз. Киноға барып, қаланың талай көшелерін тоздырдық. Сол кезде гастрольдік сапарда жүрген «Свердловская оперетта» қойылымының барлық репертуарын тыңдап үлгердік. Достығымыз күн санап арта түсті. Мен Қоңыратқа кеткен кезде, хат алмасып жүрдік

Дінмұхаммед Қонавтың жары Зухра Шәріпқызының көркі мен ақылдылығы, аса білімділігі туралы ел арасында көп айтылады. Саясаткер елу жыл отасқан жарын өте қатты жақсы көрген.

Ялымова Зухра Шәріпқызы ауқатты татар көпесі Шәріп (Шариф) Яльмовтың қызы. Оның отбасы Ақмола облысында тұрған. Анасы туберкулез дертінен ерте қайтыс болғаннан кейін, әкесі екінші рет үйленеді. Өгей шешесімен тіл табыса алмаған Зухра 13 жасында үйінен кетіп қалады. Өз бетінше оқу оқыған қыз жұмыс істейтін жері берген жатақханада тұрған. Зухра Шәріпқызы орта-білімді, есепші –экономист мамандығын алған.

зерек кісі. Көңілге тоқығанын тігісін жатқызып айта білетін. Өз бетінше ағылшын тілін оқып үйренді. Шет елдерді аралап, өнері мен мәдениетін зерттейтін. Мұсылманша сауаты бар еді, діни кітаптарды жинап, қасиетті Құранды қастерлеп ұстайтын

1939 жылы Димаш Ахметұлын Риддерге ауыстыруға шешім қабылдайды.

мен сол күн кешкілік Зуһраға жолықтым. Баяғы Фурманов көшесіндегі 125-үйде Ғаріп Шәріпұлы деген ағасының пәтерінде тұратын. Оған бар мән-жайды айттым. Маған осы бір қас-қағым сәтте ең қимас, бірақ ең қиын өткелден өтуге тура келді. Сол нартәуекелге бірге барсақ қайтеді?

Зуһра екі бетінің ұшы қызарып, жүзін төмен салды. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты күндер еді.

Димаш жарына үйлену туралы ұсынысты осылайша жасаған. Жас жұбайлар үйлену тойларын Қонаевтың үлкен әпкесі Әминаның үйінде  өткізеді. Тойдан кейін олар бірден Риддерге кеткен. Екеуінің ондағы өмірі қиындыққа толы болған. Димаштың әпкесі «Риддерге олар алғаш барғанда екеуінің күнкөрістері Зухра сауатын бір сиыр ғана болған»,- деп айтқан естеліктерінде.

Димаш Ахметұлы, өзі айтпақшы тұп-тура 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан жұбайы Зухра Шәріпқызына деген махаббатын өмір бойы жанына жалау –ғып өткен, өле-өлгенше сыйласқан. Кішіпейіл де, жайдары Зуһра Шәріпқызы «ұлықтың» әйелімін деп керігуді білмеген. Көпшілдігімен, қонақжайлығымен ағайын-туыс пен дос-жаранның көңілін таба білген. Қайын атасы Меңдіахметтің дәрет алар суына дейін жылытып беретін әдетінен бірде-бір рет жаңылмаған ибалы мінезімен ата-енесіне, еліне жаққан сыйлы келін болған. Зухра Шәріпқызының өзіне адал жар болғанын еске алған Димекең басына қара бұлт үйірілген кездерге ой жүгірте отырып:

есеп қызметкерлерінің табиғаты бөлек қой. Марқұм Зухраш мен таңғалған бір іс жасады. Жылдар бойы алған затының есебін жүргізіп отырыпты. Не алса да ақшасын төлеп, квитанциясын сақтап келіпті. Тіпті бағасына дейін көрсетіліп, сатып алғандығын растайтын аты-жөні мен қолын қойдырып отырыпты. Маған араша түскен ең басты құжаттар осы болды

Олар перзент сүймеді. Артында ұрпақ қалмады. Ол інісінің балаларын әкелік мейіріммен бауырына басқан, олрдың және басқа да іні-қарындастарының оқып, білім алуына, дұрыс тәрбиеленуіне себепші болып отырған.

Зухра көз жұмар алдында жары Дінмұхаммедке бақилықта да өзімен бір жерде  болуын өтінген.

сенің атағың алысқа кеткен, кезінде ел сұраған адамсың. Саясатқа жығып, басқа бір жерге ала қашып жүре ме? Менің мәңгілік ұйқым тыныш болсын десең, бақилық ғұмырыңда да қасымда болшы,

деген ол.

Қонаев жұбайы Зуһрамен тұрған үй қазір музейге арналған. Пәтердегі барлық зат осы күнге дейін орнынан қозғалмаған. Үйдің оң жағында кітапхана бар. Бұл бөлмеде Бірінші хатшы уақытының басым бөлігін өткізген. Сөресіне қазақ, орыс, шетел авторларының 5 мыңға жуық кітабы жинақталған. Үй иесі олардың барлығын оқып шыққан. Ол кішкентай кітаптарды жинауды да ұнатқан. Олардың арасында ең кішкентайы — Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» кітабы, көлемі адам бармағындай ғана.

Темекіні көп шеккен. Оттық жинаған коллекционер. Қоржынында 467 оттығы бар. Олардың барлығы істеп тұр. Арасында әр елдің басшылары сыйлыққа бергені, өзі сатып алғандары да тұр. Ұлыбритания Премьер-министрі «Ромео-Джульетта» кітабының мұқабасы тәрізді оттық сыйлаған. Түрлі дизайндағы оттықтардың қатарында Джон Кеннеди, Саддам Хусейн, Леонид Брежнев тәрізді тарихқа белгілі тұлғалардың сыйға тартқаны да бар.

Дінмұхамед Қонаевтың жалғыз мемуары, көпшілікке белгілі «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабы бар. Үстелінде соның екінші бөлімі аяқталмаған күйінде жатыр.

Дінмұхамед Қонаев пен жары Зухра Шәріпқызы дүние жинағанды ұнатпаған. Үйдегі стенд пен теледидар, тоңазытқыштан өзгесінің барлығы сыйға келген. Зухра Шәріпқызы ыдыстарды сәндеп жинауды ұнатқан. Тоқығанды жақсы көрген. Әр ыдыстың астына төселген тоқыма үй иесінің қолынан шыққан. Асханадағы жинақылық та оның талғамы ерекше болғанын аңғартады. Үйде аспазы болса да, көбіне тағам даярлауды Зухра Шәріпқызы өз міндетіне алған.

Зухра Шәріпқызы дүниеден өткенде жолдасы кітап арнап, онда жарын алғаш көргеннен ғашық болғанын, өмірінің соңына дейін жақсы көріп өткенін жазды. Мемуарында «Біз 50 жыл, алты ай, екі күн бірге тұрдық» дейді. Дінмұхамед Қонаевтың жары ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген, мамандағы бухгалтер болған. Бірақ тұрмыс құрғаннан кейін бар өмірін Қонаевтар әулетіне арнаған.

Дінмұхамед Қонаев басшы болып тұрған кезде Қазақстанда 43 қала, 19 облыс, 64 аудан орталығы пайда болды. Мұнай өнеркәсібі, түсті металл өндірісі, машина жасау, басқа да салалар оның билігі тұсында қарқынмен дамыды. Мысалы, ол басшылыққа келген жылы Қазақстанда алты ғана химия элементі белгілі еді. 1982 жылға қарай олардың саны 70%-ке артты. Бұрын нан пісірмеген қазақ Дінмұхамед Қонаевтың тұсында бүкіл КСРО-ның жартысын астықпен қамтамасыз ететін үлкен державаға айналды. Қазақстан сол кезде Ресей мен Украинадан кейін астық өндіруден үшінші орында болды.

1967 жылы Қонаевтың бастамасымен шұғыл түрде Кіші Алматы өзенінің жоғары жағына бөгет салу жұмыстары жүргізілді.  1973  жылы Медеуде мықты плотина – алып бөгесін салынып, сел-цунамиге тосқауыл қойылды. Селге қарсы қаһармандық идеясын көтеріп, құрылыс-қалқан салдырған да Дінмұхамед Қонаев болатын.

1982 жылы Леонид Брежнев қайтыс болды. Осыдан кейін Дінмұхамед Қонаев үшін сәтсіз күндер басталады. Юрий Андропов пен Константин Черненкодан кейін басшылыққа келген Михаил Горбачев айналасына жас кадрларды жинауды мақсат етеді. Ұзақ жыл Қазақ КСР-ін басқарған Дінмұхамед Қонаевты қызметінен кетіру үшін оның жемқорлыққа қатысы бар-жоғын тексереді. Бірақ «Ақиқаттан аттауға болмайды» мемуарында айтылған дерек бойынша оның атына қарсы бір де бір құжат табылмайды. Ақыры зейнетке шығарып жібереді. Бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына себепші болды. Осыдан кейін Дінмұхамед Қонаевқа «Жастарды көтеріліске шығуға үгіттеді» деген айып тағылып, 1986 жылдан 1991 жылға дейін үй қамауына отырғызылды. Тіпті, үйі орналасқан Мұқан Төлебаев көшесінің бойымен жүруіне де тыйым салынған. Арасында қала сыртындағы саяжайына барып тұрған. Оның өзінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мамандарының бақылауында болды. Осы оқиғадан соң достары да Қонаевтар отбасымен араласпай кеткен. Арасында аспазы мен үй қызметкерлері келіп отырған, сол кезде Димаш олармен сағаттап әңгімелесетін болған.

Үй қамауын көтере алмаған Зухра Шәріпқызының денсаулығы сыр беріп, 1990 жылы 20 сәуірде дүниеден өтті.

Зейнетке шыққан соң, тиесілі зейнетақысын тек 1992 жылы ала бастаған. Ол небәрі 80-100 рубль арасында болған екен. Ғұмырын еліне арнаған ұлы адамды халқы қастерлей алмағаны өкінішті жағдай. Өмірінің соңына дейін ағасының балалары көмектесіп, жағдайын жасап тұрған екен. Ешқашан көлік жүргізбеген  саясаткерге 1992 жылы көлік сыйлаған. Ол қазір үйінің алдында сақталып тұр.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Дінмұхамед Қонаев үй қамауынан босатылды. Қалған өмірін ел ішінде саяхатқа арнаған. Сондай саяхатының бірі өзінің бала кездегі кумирі Мұхамеджан Тынышпаевтың 115 жылдығына баруы. Саясаттағы еңбек жолы осы кісімен басталып, өмірі де осы адаммен аяқталады. Халық ортасында қазақтың тұңғыш инженерінің туған күнін тойлағаннан кейін ол ұйқы үстінде төртінші инфаркт алып, дүниеден озды.

Оны соңғы сапарға шығарып салу рәсімі Алматыдағы театрлардың бірінде өтті. Халықтың да, полицияның да қарасы өте көп болды. Алматы көшелері сол күні миллиондаған гүлге толып қалған.

Сая Манарбековна

Recent Posts

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

17 часов ago

Шымкентте мектеп директоры 48 млн теңге жымқырды

Шымкентте 48 млн теңге жымқырды деген айып тағылған №44 орта мектеп директоры және оның орынбасары,…

19 часов ago

Студенттердің тамақтануы: фастфуд басым болып келе ме?

«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ және Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) Алматының студент жастарының салауатты өмір салтына…

1 день ago

Ақтауда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болды

Оқиға 11-шағын ауданда орналасқан №10 мектепте жексенбі күні болған, деп хабарлады sadaqmedia.kz. Білім беру ұйымының…

2 дня ago

Бектенов Ақмола облысында Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын…

2 дня ago

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары парамен ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс аудандарының бірінің әкім орынбасары мен…

2 дня ago