Атыраулық Айдана Түсіпова күйеуінің азғантай жалақысын жинай жүріп, 7 пәтер сатып алған. Ол АйнаLine бағдарламасында баспанасыз жүргендерге өз кеңесін айтты.
Келіншек декреттік демалыста отырғанда, күйеуінің жалақысы небәрі 120 мың теңге болыпты. Ата-енесімен бірге тұрғандықтан, азық-түлік және басқа да шығындарды сол кісілер мойнына алған. Сондықтан жолдасының ақшасын үй алу үшін жинай бастапты. Солай алғашқы 3 миллион теңге жиналыпты.
Әлгі қаражатқа біз сүрілейін деп тұрған үйден пәтер сатып алдық. Бес жылдан соң сол пәтер бізге 8 жарым миллион теңгенің үйі болып оралды. Қалған үйлерімізді ипотекаға алдық. Қазір 7 пәтеріміз бар,
деді Айдана Түсіпова.
Көпшілік үй аларда қателіктер жіберіп жататыны рас. Ақшасын жинап жүріп, тек комфорт деңгейдегі пәтерлерге қызығады. Бірден 3-4 бөлмелі үлкен үй алуды көздейді. Атыраулық іскер әйелдің сөзінше, бұл қате ұғым. Ақша жетіп тұрған кішкентай үйден бастаған жөн. «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, аз ақшаға алып үйренсең, артынан пәтер алудың түрлі жолдары пайда болады.
Бүгінде ата-енесімен бірге тұратын отбасы жеті пәтерінің алтауын жалға беріп қойған. Ал бір пәтерді жұмыс орны ретінде пайдаланып келеді.