Categories: Маңызды

2022 жылдың батырлары. Ел аузындағы оқиғалар

Өтіп бара жатқан барыс жылы қиын болды. Алайда қабырғаны қайыстырған оқиғалардың арасында ел аузында айтылып жүрген, халық есінде мәңгі қалатын жарқын оқиғалар да орын алды. Өзгелердің амандығы үшін өз өмірлерін қиған батыл да — ер азаматтарымыз жайлы жазбасақ үлкен қателік болары сөзсіз. Бұл оқиғалар тарихта жазылады. Ал біз өткеннен сабақ алып, мейірімділік пен жанашырлыққа, жақсылық жасап үйренейік.

8-қабатта салбырап тұрған баланы құтқарған азамат

Осы жылдың мамыр айында кішкентай бүлдіршінді құтқарып қалған азамат туралы оқиға халықтың ықыласына бөленді. Кішкентай қыз бала 8-қабаттың балконындағы терезеге ілініп қалған. Өлім мен өмірдің арасында қалған баланы 37-жасар Сәбит Шонтақбаев құтқарып қалды. Сәбит жұмысқа шығып бара жатқан уақытта баланың жылаған дауысын естіген. Дереу әрекет етпеген жағдайда, бала құлап кетуі мүмкін еді. Бірнеше секунд ішінде ер азамат төмендегі пәтер арқылы карнизге көтеріліп, баланың өмірін сақтап қалды.

Ол кезде Сәбиттің аяғынан оның досы ұстап тұрған. Бүкіл ел «Камал» тұрғын үй кешенінде болған оқиғаны таралып кеткен бейнежазбалар арқылы бақылап отырды. Сәбит Шонтақбаев пен оның досы Сағи Жылқышиев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ әрқайсысына Астанадан пәтер кілті табысталды.

Қала әкімі Сәбитті жұмысқа орналастыру мәселесін шешіп, отбасын елордаға көшіруге өз үлесін қосатынына уәде етті.

Сәбит Шонтақбаев — көктемде елордаға табыс табу үшін келген көпбалалы әке. Жақында отбасы бақытты қоныс тойын атап өтті.

Сәбиді құтқарған жасөспірім

Оқиға Астана қаласында 13 шілде күні кешке «Шерқала» тұрғын үй кешенінде орын алды. Жетінші қабаттың терезесінен қарап тұрған сәби тұрғындардың назарына іліккен.

Тұрғындар полицияға бірден хабарласқан. Бірақ құтқарушылар тобы келгенше, бала құлап кетуі мүмкін еді. Футбол теуіп жүрген бала көре салысымен бірден көмекке жүгірген. Жігіт бір пәтер терезесінен келесі пәтер терезесіне өтіп, екі ұл бала мен бір қызды үйлеріне кіргізді. Анасы келгенге дейін балалардың жанында қалды. Анасы 15 минуттан соң үйіне оралды. Ол дүкенге кеткен екен.

Бүкіл аула батырдың әрекетін бақылап, іштей уайымдап отырды. Себебі 17 жасар жігіт өзі де құлап кете жаздады. Есдәулет Дәуітбеков мұндай қадамға баруын ата-анасының берген тәрбиесіне байланысты екенін айтты. ТЖ министрі Юрий Ильин Есдәулет Даутбековті ерлігі мен батылдығы үшін «Төтенше жағдайдасы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады, ал білім министрлігі Есдәулетке Алматыдағы Narxoz ЖОО-да тегін оқуға грант берді. Жеке атаулы қайырымдылық қорының президенті Ғабит Тасмағамбетов Есдәулеттің отбасына үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Батыр жігіттің отбасында алты бала бар.

Кәріз құдығынан сәбиді құтқарған жігіт

Ашық кәріз құдықтары елімізде көптеген жылдар бойы шешімін таппаған мәселе. 19 тамыз күні Қызылордада екі жасар бала кәріз құдығына түсіп кеткен. Телефоннан әуен тыңдап келе жатқан бала, кенет анасының жан айқайын естиді. Сол сәтте кішкентай баланың құдыққа түсіп кеткенін байқапты. Ойламастан суға толы 4 метрлік құдыққа түсіп, баланы құтқаруға ниет білдірген. Осы кезде жас жігітке көмекке отставкадағы полиция қызметкері Талғат Мырзабеков келген. Ол адымен сәбиді, одан кейін батырды шығарған.

Ол — Арман Аманжолов. Арал ауданы Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. Бес ағайынды алдында екі тәтесі, екі ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында істейді екен.  Арман Қызылордаға М.Ихсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне «Электрик» мамандығына түсу үшін келген екен. Ержүрек әрекеті үшін Қызылорда облысының әкімі Арманға пәтер сыйлады.

Мұз астынан достарын құтқарған бала

Оқиға Атырауда «Жайық» өзіні, Жұмыскер ауданындағы көпірдің жанында болған. Үш бала мұз үстінде ойнап жүрген кезде, мұз сынып, 14 және 9 жастағы екі бала суға құлап кеткен. Жаңбырбай Серікұлы сасқалақтамай  достарының бірін судан шығарып алған. Кейін судан шыққан жасөспірім үшінші баланы құтқарып қалды.

Министр Дінмұхаммедке батырлық іс-әрекеті үшін, оның ата-анасына айналасындағыларға көмекке келуге дайын тұратын баланы тәрбилегені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ 8 жасар батыр «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Дәретханаға құлап кеткен қызды құтқарған оқушы

Алматының қала маңындағы ауылдарының бірінде мектеп оқушысы үш жасар қызды көше дәретханасынан алып шықты. Оқиға 14 шілде күні таңертең Қарасай ауданы Іргелі ауылында болған. 2019 жылғы қыз дәретхана шұңқырына түсіп, тұншыға бастаған. Көмекке келген әкесі тар тесікке сыймай қалыпты. Сол кезде көршінің 10-жасар баласы бірден көмекке ұмтылыпты. Арқан байлап алған баланың әкесі оны әжетханаға түсіріп, тез арада алдымен қызды, сосын ұлын алып шыққан.

Балалар улы газбен тұншығып қалуы мүмкін еді. Бірақ баланың батыл және тез әрекеттерінің арқасында екеуі де медициналық көмекке мұқтаж болмады. Төтенше жағдайлар департаменті Әлихан көрші қыздың өмірін сақтап қалғаны үшін ведомстволық марапатқа ұсынылатынын мәлімдеді.

Өрттен төртеуін алып шыққан ер

Маралды ауылының 42 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жүзбаев жарылыс қаупіне қарамастан, өрт тұтанған көліктен адамдарды құтқарды. Оқиға 26 тамызда Павлодар – Шарбақты тас жолында Маралды кентінің маңында болған. Жеңіл көлік КамАЗ көлігінің тіркемесіне соғылып, соның салдарынан жеңіл көлік бірден жанып кеткен. Еркебұлан Жүзбаев өртеніп жатқан көлікте ес-түссіз жатқан 4 адамды байқап, ойланбастан құтқаруға бел буған. Екі адамды көліктің салонынан алып шыққан, қалған екеуін құтқаруға куәгер көмектесіпті. Артынша отқа оранған көлік жарылған.

Оның батыл әрекетіне тәнті болған қазақстандықтар биліктен батыл адамды марапаттауды сұрады. Облыс басшылығы ер адамға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен ақшалай сертификат табыс етті. Ол үшін өңір әкімі батырдың үйіне жеке өзі келді.

Перзентханаға барар жолда өрттен екі баланы құтқарған азамат

16 қараша күні Астанадағы Момышұлы даңғылында 15 қабатты тұрғын үйдің 11-қабатындағы үш бөлмелі пәтер өртеніп кеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан бес адамды құтқарды. Осы уақытта астаналық Арғын Жанділдаев есімді азамат тағы екі баланы өрттен құтқарған екен.

Арғын Жанділдаев перзентханадан әйелі мен жаңа туған нәрестесін шығарып алуға бара жатқан. Жолортада Момышұлы даңғылығының бойындағы сол тұрғын үй кешенінің жанына тоқтап, әйеліне гүл алғысы келген. Кенет көмекке шақырған әйелдің жан дауысын естіп, бірден түтін шыққан пәтерге қарай жүгіреді.

Оның жанында тағы бір жігіт болған. Екеуі 11-қабатқа дейін жүгіріп шығып, көршілерге өрт шығып жатыр деп ескере бастаған. Сондай пәтерлердің бірінде он жасар және үш жасар бір үйдің екі баласы жалғыз отырған екен. Арғын бірден үш жастағы баланы көрпеге орап, жанындағы жігіттің қолына ұстады. Үйге қайта кіріп, он жасар баланы орап алып шыққалы жатқанда өрт сөндірушілер жалындап жатқан пәтердің есігін бұзған. Пәтерден лып еткен жалын мен түтін бірден дәлізге тарап кеткен.

Арғын көк түтіннен түк көрмей, тұншыға бастаған. Денесін жалын шарпыған. «Сол сәтте енді ғана дүние есігін ашқан ұлын көре алмай кетем бе деп қорыққан екен. Құдай сақтады,

дейді туысы Құралай.

Өзі де далаға аман-есен шыққан Арғын жедел жәрдемге мінбей, перзентханадан шығуға дайындалып отырған әйелі мен баласына қарай асығыпты. Әйелі мен баласын үйіне аман-есен әкелген соң ғана Арғын ауруханаға барған.

Бүгінгі күннің басты қаһарманы – Асқар Забикулин

Өзге жандарды құтқару үшін өз өмірін құрбан еткен Асқар Забикулиннің тағдыры миллиондаған қазақстандықтардың жүрегін сыздатты.  Өртеніп жатқан пәтер ішінен 3 адамды аман-есен алып шығып, өзі қатты күйіп қалған Асқар Забикулиннің сауығып кетуін бүкіл Қазақстан тіледі. Дәрігерлер Асқардың өмірі үшін бірнеше күн арпалысты. Алайда Асқар алған жарақаттарынан аурухана қабырғасында жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Оқиға 16 қараша күні Бауыржан Момышұлы даңғылында орын алды. 15 қабатты үйдің 11-қабатындағы 50 шаршы метрлі пәтерді алапат өрт шалып, қатты түтін пайда болған. Отқа оранған пәтерге терезе арқылы кіру үшін өрт сөндіруші қорғаныс киімдерін шешкен. Асқар бет алған пәтерде әжесі мен немересі болған. Оларды құтқарып, көрші пәтерде қалған он жасар баланы алып шыққан. Алайда денесінің 80 пайызын күйік шалған Асқар 20 қарашада қайтыс болды.

28 жасында өмірі қиылған Асқар Забикулин «Өрт сөндіру борышым. Оны орындауда ешқашан қателікке жол берме», деген ұранды ұстанған екен. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Асқар өрт сөндіру қатарында жұмыс істеп жүргеніне 7 жыл болған. Көкшетау техникалық институтын бітірген ол 4 жыл казармалық өмірді көрген. Ұзын бойлы, физикалық дайындығы мықты, оған қоса мейірбан, елгезек. Өрт сөндіру қызметінен бөлек, ол түрлі спорт түрлерімен айналысқан. Жазда өртсөндірушілердің қатарында футболдан чемпионаттарға қатысса, қыста гарнизон командасында хоккей ойнаған.

Президент Тоқаев Асқар Забикулиннің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Сонымен бірге марқұм Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды, астанадағы көшенің біріне есімі берілді.

Сүйікті жар, қамқор әке, адал дос, үлгілі перзент — «маңдайға сыймай кетті» деп қазақ осындайда айтса керек.

Сая Манарбековна

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

2 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

3 дня ago