Республика күніне орай, еліміздегі барлық мектеп пен колледжде салтанатты шара мен сынып сағаты өтеді. Бұл туралы ОКҚ хабарлады.
Еліміздің білім беру ұйымдарында Республика күнін мерекелеу жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Республика күні – мемлекеттіліктің символы болып саналатын маңызды мереке.Балалардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, мемлекеттік рәміздерді, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді құрметтеуге тәрбиелеудің бала кезінен маңызы зор. Сондықтан еліміздегі барлық мектеп оқушылары үшін шығармашылық, танымдық, спорттық, мерекелік шараларды жоспарладық.
— деді Білім министрлігі орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Кейбір шара 17 қазанда басталып кетті. Республика бойынша диктант, эссе байқауы өтіп жатыр. Сонымен бірге «Қыран елім – Қазақстаным!» жалпы республикалық патриоттық акциясы аясында оқырмандар байқауы, спорттық сайыстар және «Ұлттың ұлы ұстаздары» республикалық шығармашылық байқауы жоспарланған.