ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше , 2022 жылы Қазақстанға 5 млн 600 мың шетелдік келген. Көбі Ресей азаматтары – 2 млн 900 мың. Өзбекстаннан 2 млн 300 мың адам келсе, Қырғызстаннан 730 мың, Тәжікстаннан 330 мың адам келіп-кеткен. Қазір Қазақстанда 650 мың шетелдік уақытша тұрады. 90%-ы – аталған елдерден.
2020-2021 жылдармен салыстырғанда биыл Қазақстанға келушілер саны артты. Бірақ ол жылдары пандемия кезі еді. Дұрыс сараптама жасау үшін 2019 жылмен салыстыру керек. Сол жылы Қазақстанға 7 млн-ға жуық шетелдік келген. Ал биыл 5 млн 600 мың. Иммиграциялық ағын тек 11 сәуірден бастап қайта қалпына келді. Карантиндік шектеулер алынып, шекаралар ашылды. Жаздың үш айында Қазақстанға 2 млн 300 мың шетелдік кірді. Ең көп келгендер тамыз айында болды – 960 мың. Одан соң келушілер саны азая бастады. Қарашада 500 мыңға дейін түсті. Желтоқсан айындағы 20 күн ішінде 325 мың шетелдік келді.
Елімізге сырттан жиі келетін қонақтардың ең негізгісі – көрші Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың көп келетін уақыты – жаз айлары. Жазғы демалыс кезінде Қазақстанға 1 млн 200 мыңнан аса ресейлік келген.
Ең көп көрсеткіш шілде айында болды – 485 мың адам. Қыркүйек айында Қазақстанға 406 мың Ресей азаматы келді. Олардың көбі ішінара мобилизацияға байланысты қыркүйектің 21-30-ы аралығында болды. Келушілер санының көптігіне қарамастан еліміздің шекара мен көші-қон қызметтері тұрақты жұмыс істеді. 1 қазаннан бастап Ресейден келушілер саны қайта азайды. Қазір бір күнде келетіндердің орташа саны 6-7 мың адамнан аспайды. Тек демалыс күндері ғана келетіндердің қатары ішінара көбейеді.
21 қыркүйектен бастап Қазақстанға келген ресейліктердің 200 мыңы транзитпен басқа елге шығып кетті. Өзбекстанға – 47 мың, Қырғызстанға – 46 мың, Түркияға – 37 мың.
Аталған уақыттан бастап ресейлік азаматтардан 3,5 мың өтініш тұрақты мекенжайға тұруға түсті. 965 өтініш азаматтықты алу туралы болды. Полиция шетелдіктерге тұрақты мекенжайға тұру рұқсатын бермес бұрын толық тексеру өткізеді.
Тұрақты тұру ықтиярхатын алу үшін міндетті түрде шетелдік өз төлем қабілеттілігін растауы қажет. Ол шамамен 4,5 млн теңгені құрайды. Бұдан басқа, сотталмағаны туралы анықтама, басқа шектеулері болмауы қажет. Осы құжаттардан соң құқық қорғау органдарының есебі бойынша тексеру жүзеге асырылады. Барлық тексеруден соң ғана тиісті рұқсаттама құжаттары беріледі.
Ресей азаматтары Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін 90 күнтізбелік күн бола алады. Шетелдіктердің болуы туралы хабарлама жіберу функциялары Қазақстан азаматтарына жүктелген. Олар шетелдіктің келгені туралы хабарламаны үш күн ішінде беруге тиіс. Оны eQonaq мобильді қосымшасы немесе eGov порталы арқылы оңай жасауға болады. Егер шетелдік біздің елде жұмыс істеп, оқып, отбасын құру, емделу, бизнес ашу мақсатымен қалған болса, қабылдаушы жақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе электрондық үкімет порталы арқылы уақытша тұруға рұқсат ресімдеу туралы өтініш бере алады. Егер осындай негіз болмаған жағдайда олар елімізден шығуы қажет.
Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60 мыңнан аса шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 42 мыңы Өзбекстан азаматы, Ресейдің 4 мың және Тәжікстанның 3 мың азаматы бар. Елден 5 837 шетелдік шығарылды. Оның ішінде ең көп сан 4 073 – Өзбекстан азаматтары, 491 – Тәжікстан және Ресейдің 310 азаматы. Оларға 5 жылға дейін Қазақстанға кіруге тыйым салынды.
Шетелдіктердің басым бөлігі елордада және ірі қалаларда тұрады. Осыған байланысты онда құқық бұзушылар да көп. Елден шығарылғандар саны бойынша бірінші орында Астана қаласы тұр. Елордадан 1 142 шетел азаматы шығарылды. Екінші орында – Алматы, үшінші орында – Шымкент.