2023 жылдың басында Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру басталған еді.
«Әй, жарайды, 200 мың теңге болсын» деп, бір реттік алым белгіленді.
Алайда, көлік прокурорлары Алматы қаласында, БҚО және ШҚО-да бұл жағдайды пайдаланып қалмақ болған «қаскүнемдердің» қулығын ашты.
Мемлекетке келтірілген залал (алдын ала) 400 млн теңгеден астам. Басқа аймақтарда тексеру жалғасуда.
Мәселен, 13 сәуірде бір пысықтау азамат «2021 жылы қырғыздан әкелдім» деп жалған құжат ұсынып, «Toyota Highlander» дейтін көлігін қазақстандық есепке қойыпты.
Бірақ прокурорлар бұл көліктің 2022 жылдың 12 қазанында АҚШ-тың «Copart» аукционында сатылғанын және 2023 жылдың сәуірінде елге жеткізілгенін біліп қойды.
Сондағы бар гәп – заңдары өз халқына қолайсыздау келетін елде тұратын әлгі қазақстандық жайдан-жай мемлекетке 2 млн теңгеден астам соманы төлеуден жалтаруға тырысқан.
Тек Алматы қаласы бойынша осыған ұқсас 160 факті анықталған деседі.
Көлігін заңсыз жолмен заңдастырғаны ашылып қалған қазақстандықтар енді қылмыстық қудалауға ұшырайды.