Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-шы адамның дене бөлшектері табылды.
Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, 6-уы анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі. Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындаған. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс істеу қиынға түсті.
Қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде.
Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Өте маңызды ақаулар анықталды. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылыстары қираған.
Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды.
Естеріңізге салайық, 28 қазанда сағат 02.36-да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасында тереңдігі 700 метрде өрт шығып болып, артынша метан-ауа қоспасы жарылған.
Авария кезінде ауысымда 252 кенші болған, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды.
Апат салдарынан 46 кенші қаза тапты.