Келесте алаяқтық қылмысының 8 жайтына қатысы бар ер адам қамауға алынды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Келес полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оны жақын таныс емес азамат алдап кеткен. Алаяқ кәсіпкерлік үшін мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 300 мың теңге алған. Алайда арада бір жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті ер адам тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты. Белгілі болғандай, орта жастағы ер адам оңай жолмен ақша табу мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы сегіз жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажетті үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.