Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары 8 жылға сотталды. Бұл туралы Антикор хабарлады.
Көкшетау қалалық сотының үкімімен Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары М. Қансейітов кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан шектеліп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды,
делінген агенттік таратқан хабарламада.
Агенттіктің айтуынша, тергеу барысында ол Щучинск қаласында жүз пәтерлік тұрғын үй салуға бөлінген 50,5 миллион теңге көлемінде құрылыс монтаждау жұмыстары нақты орындалмағаны үшін бюджет қаражатын ұрлағаны дәлелденді.
Осы үкіммен «Сарапшы Арсенал» ЖШС құрылтайшысы Б. Шаймерденов пен «Көкшестрой Технадзор» ЖШС техникалық қадағалау инженері О. Ренн кінәлі деп танылып, сәйкесінше 7,5 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды,
делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері оларға бұған қоса мемлекеттік қызметте 5 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылғанын айтты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.