Ақсайдағы «КСС-Sicim» ЖШС қызметкерлері 16 қаңтардан бері наразылық білдіріп жатыр. Олар жалақыны екі есе көтеруді талап етті.
Наразылық білдірушілермен сөйлесуге италиялық басшы Джузеппе Роделли келді.

Ол Ақсайға үш күнде әрең жеткені үшін кешірім сұрап, оны «қазақ сияқты» қабылдауды өтінді. Сонымен қатар өзінің де қызметкерлер секілді қарапайым отбасынан екенін, әкесі автобус жүргізушісі болғанын атап өтті.
Кейін ол қызметкерлердің талабына тоқталды. Басшының сөзінше, компанияның шығыны мен салығы өте көп, сол себепті жұмысшылардың жалақысын екі есе көбейте алмайды.
Оған қоса ол ақпанда жалақы 20%-ке көтерілетінін, биыл тамызда тағы 10%-ке көтеруді және жылдық бонус ретінде 13-жалақыны беруді қарастыратынын айтты.

Алғашқыда ереуілдеткендер бұған келіспеді. Дегенмен кейін олар мәмілеге келіп, тарқап, жұмысына кірісті.