28 желтоқсанда 4 жасар Данил Ахунов таңертең аулада ойнап жүрген жерінен жоғалып кеткен. Әкесі ұлын таңғы сағат 9:30 шамасында үйінің кіреберісінде қалдырып, өзі дүкенге кіріп шыққысы келіпті. Қайтып келгенде баласын таппай қалады.
Іздестіру шараларына полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан қызметкерлері, еріктілер мен қала тұрғындары ат салысты. Олар қараусыз қалған гараждарды, кәріз құдықтарын, қала маңындағы аумақтарды, орман екпелерін, жақын маңдағы су қоймаларын аралап, бірнеше күн бойы табуға тырысты.
Үш күн бойы тірі табылар деп тілек білдірген жандардың үміті бүгін үзілді. 30 желтоқсан күні таңертең баланың өлі денесі табылды. Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғалған 4 жасар Данил Ахуновтың денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық істі тергеу аясындағы өзге мәліметтер жария етуге жатпайды,
деп хабарлады ведомство.