Ақтөбеде жүргізуші кәмелетке толмаған баланы қағып, оқиға орнынан жасырынған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қаңтарда Батыс-2 шағын ауданындағы Тәуелсіздік даңғылының бойында кешкі уақытта белгісіз автокөліктің жүргізушісі 12 жастағы баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция Opel Astra автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісін анықтап, ұстады. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігі (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) және 611-бабы 2-бөлігі (Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұза отырып жол-көлік оқиғасы болған орнын қалдыруы) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Медицина тексерісінен кейін жасөспірім бала үйіне қайтарылды.