Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің биылғы интерн түлектері бас көтерді. Олар резидентураға түсу үшін тапсырған тест қорытындысымен келіспейтінін айтады. Бұл туралы 31-арна хабарлады.
Резидентураға тапсырғандардың айтуынша, оқу орны басшылығы биылғы емтиханда ешкімге ескертпестен жаңа талап ойлап шығарған.
Мемлекеттік грантқа үміткерлердің тест қорытындысында енді еңбек өтілі үшін қосымша балл қосылатын болған. Осылайша, интерн түлектер тегін білім алудан қағыламыз ба деп алаңдайды,
дейді арна тілшісі.
Оқуға тапсырушылар өзімен бірге тапсырған дәрігерлердің жұмыс істеген әр жылына 7 балл қосылатынын айтады.
Еңбек өтілі бар бізге дейінгі түлектерге әр жылына жеті балдан қосып тұр. Жалпы балл Еуропа шкаласы бойынша 100-ден аспауы керек. Ал біз тестіден жоғары нәтиже көрсетсек те, қорытынды балымыз 91-92-ден жоғары болса да, мемлекеттік грантқа өтпей тұрмыз,
дейді талапкер Әсем Уайысова.
Оның айтуынша, емтихан қорытындысына қатысты мұндай өзгеріс тек Ақтөбенің медицина университетіне енгізілген. Нұр-Сұлтандағы, Алматыдағы медицина университеттерінде мұндай өзгеріс жоқ.
Талапкерлер тест қорытындысын қайта қарауды талап етеді.
Ал оқу орны басшылығы биылғы сынақта интерндерден гөрі жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге басымдық бергенін жасырмайды. Профессорлар, доценттер құрамындағы тапшылықты жою үшін тәжірибесі бар мамандарға еңбек өтілінің әр жылына жеті балдан қосу жөн деп шешкен. Басшылықтың айтуынша, биыл резидентураға түсуге 500-ден астам адам құжат тапсырған.
Мемлекеттік грантпен оқыған түлектеріміз интернатурадан кейін 3 жыл еңбек етуі керек. Квотамен оқығандар ауылда жұмыс істеуге міндетті. Бірақ ешқайсының аудандық ауруханада жұмыс істегісі жоқ. Сондықтан профессорлар, доценттер емдеудің не екенін білетін, науқаспен қалай жұмыс істеуді білетін дәрігерлердің резидентураға келгенін қалайды,
дейді университет деканы Роза Нұрғалиева.
Университет басшылығы грант бөлу талаптарын өзгертуге құқығы бар екенін айтады. Ал оқу орнын биыл бітірген түлектер ең құрығанда аудандық ауруханаға барып 2-3 жыл жұмыс істесін деп отыр.