10 қаңтарда Атырауда қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 27 адам прокурормен процессуалдық келісім жасасуға өтініш берді. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Айыпталушылар сотта ешкімнің қысымынсыз кінәларын мойындайтынын айтқан. Кейбірі жәбірленушілерден кешірім сұрағанын да, татуласқанын да хабарлаған. Оған қоса олар судьядан прокурормен процессуалдық келісім жүргізуге уақыт сұрап, өтініш тапсырды.
Айта кетейік, 27 айыпталушыға басында «Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу», «Билік өкіліне күш қолдану», «Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау», «Қаруды жымқыру», «Ұрлық», «Тонау», «Көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу», «Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру» айыптары тағылған.
4 қаңтарда олардың айыбы жеңілдетілді. Оған сәйкес, Оралбек Айсин, Ринат Әбішев, Дулат Бекжановтың айыбы «аса ауыр қылмыс» санатынын «ауыр қылмыс» санатына түсірілді. Көбінің айыбы «жәбірленушінің денсаулығына қауіпті күш қолдану» айыбынан «денсаулығына қауіпті емес күш қолдану» айыбына ауыстырылды.
“Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу», «Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру», «Ұрлау», «Тонау», «Билік өкілінің өміріне қол сұқты» деген айыптар алынып тасталды.
Айыпталушылар мен жәбірленушілер сотта жаңа айыптау актісімен келіскен.