Қаңтар оқиғасы бойынша қамауда отырған белсенді Қосай Маханбаев тергеу изоляторынан үйқамаққа шықты. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Жалғас Сапарханова хабарлады.
Сот белсендінің бұлтартпас шарасын өзгертіп, екі айға үйқамаққа жіберген. Алайда оған интернет, ұялы телефон қолдануға тыйым салынған.
Сот пен тергеу органдарының шақыртуына келуге міндетті екенін айтты,
деді адвокат Жалғас Сапарханова.
Адвокат өткен аптада сотқа өтініш түсіріп, Маханбаевтың бұлтартпас шарасын өзгертуді сұраған. Кеше, 3 қарашада прокуратура белсендіні үйқамаққа жіберуге келіскенін мәлімдеген. Бейсенбі күндіз Маханбаевтың жақындары, сырқат анасы да бар, қалалық прокуратураға барып, белсендіні босатуды талап еткен.
Азаттықтың хабарлауынша, 38 жастағы Қосай Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған азаматтардың бірі. Оған Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. Маханбаев «Жаппай тәртіпсіздік» бабы бойынша айыпталып, қамауға алынған. Биыл наурызда ол “ешқайда кетпеу” турлы қолхатпен босатылған.
Бостандыққа шыққан соң Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптағандар жазалансын деген талаппен бірнеше рет наразылық шарасына қатысқан. Полиция оны сол әрекеті үшін айыптап, 15 күнге қамаған. Кейін белсендінің бұлтартпас шарасы өзгертіліп, тергеу изоляторына қамалды.
Қазан айының басында Алматы прокуратурасы Қосай Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқан.